Рудныйда жастарды қазақ тілінде дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Rudlife» қалалық ашық лигасының іріктеу ойындары өтті. Іс-шара мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылып отырған екі жылдық жоба шеңберінде өтті. Ойын тек қазақ тілінде өтті, бұл жастардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылығын шыңдай түсуге бағытталған.
Жобаны ұйымдастырушы «Жайдарлы жастар» қоғамдық қорының басшысы Марғұлан Бәкір былай деді:
– Бүгінгі «Rudlife» кубогы – тек ойын ғана емес, жастардың қазақ тілі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілігінің көрінісі. Жалпы 12 команда қатысты, соның ішінде 8 команда келесі кезеңге жолдама алды. Жобаның басты мақсаты – жастар арасында қазақ тіліндегі жайдарман қозғалысын дамыту. Бүгінгі лигада Арқалық, Қостанай, Рудный қалаларының мектеп оқушылары мен студенттері де қатысып, өзара бақ сынады. Ерекшелігі – қыздар командаларының көптігі
Маусым фестивалінде жеңіске жеткен команда – ерекше атауымен көзге түскен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» командасы болды. Рудный студент жастардың командасы осы күнге дейін облыстық, республикалық лигаларда бой көтеріп үлгерген.
– Командамызға небәрі екі жыл болды. Осы уақыт ішінде 29 кубок жеңіп алдық. Қазіргі таңда «Қазақстан Cup» республикалық телевизиялық жобасына жолдама алдық. Rudlife кубогының 2023 жылғы чемпиондары болдық. Вице-чемпион ретінде Номад лигасында көзге түстік. Барлық әзілдерімізді өзіміз жазамыз, жаңалықтардан шабыт алып, жастарға түсінікті тілде әзіл жазуға тырысамыз. Ең басты мақсатымыз – қазақ тілінің дамуына үлес қосу. Біз қазақ лигаларынан бастадық, сол жерде өсіп-өндік. Қазір біз жаңа буын әзілкештерін тәрбиелеуге тырысып жатырмыз. Қостанай арулары мен Сарыбай сияқты жас командалар бізбен бірлесіп жұмыс істеуде. Сонымен қатар көрерменмен байланыс орнатып, сахнада стиль мен образ арқылы ерекшеленуге күш салып жатырмыз, – деп атап өтті команда капитаны Нұрқасым Абдрахметов.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» командасының басты жетістіктері:
- «RudLife 2023» – чемпион
- Қостанай облысы мен Рудный, Лисаков қалалары әкімдерінің кубогы – чемпион
- «Nomad» лигасы – вице-чемпион
- «ERG» жазғы кубогы – жеңімпаз
- «РИУ ректорының кубогы» – 1 орын
- «Теміртау» және «Боровское» қалаларында өткен ойындарда жүлделі орындар
Жайдарман ойындары – қазақ тілін дамытуға, жастардың шығармашылығы мен белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды алаң. Ал «Rudlife» кубогы – тек әзіл сайысы ғана емес, қазақ тілді жастардың басын қосып, жаңа буынды тәрбиелеуге бағытталған жұмыстың бір бөлігі. Мұндай жобалар алдағы уақытта да өз үлесін қоса беретіні сөзсіз. Келесі финалдық ойындар күз айларында өтеді деп жоспарлануда. Жүлде қоры 250 мың теңгені құрайды.
Аякөз ҚОЖАБЕКОВА,
Суретті ұсынған Рудный жайдарман орталығы