«Рудный жылу желілері» ЖШС директоры Олег Абылқаиров брифинг барысында кәсіпорынның ауыр қаржылық жағдайы туралы мәлімдеді.
Оның айтуынша, 1 мамырға қарай тұтынған жылу энергиясы үшін берешек 1,573 млрд теңгені құраған. 31 тамызға қарай бұл сома 682 млн теңгеге дейін азайды, яғни 57%-ға төмендеді. Дегенмен мәселе толық шешілмеген.
– Бүгінде бізде қаржылық жағдай соншалықты ауыр, есепшотта жалақы төлеуге де қаражат жоқ, – деп атап өтті Абылқаиров.
Ең көп берешек халыққа тиесілі – 400 млн теңге. Заңды тұлғалар 122 млн теңге, бюджет ұйымдары 160 млн теңге қарыз. Оның ішінде 145 млн теңге – облыстық бюджетке тиесілі.
– Облыстық бюджет бізге көктемнен бері төлем жасамады. Қарызды өтеу туралы уәделер үнемі айтылып келеді, бірақ мәселе әлі шешілген жоқ, – деді директор.
Должниктермен жұмыс бірнеше бағытта жүргізілуде. 2025 жылдың 8 айында жалпы сомасы 125 млн теңгеге 1295 атқарушылық жазба шығарылып, оның 88,5 млн теңгесі сот орындаушылары арқылы өндірілді. Қазіргі уақытта 167 млн теңгеге 1590 атқарушылық жазба қаралуда. Олардың аясында мүлікті (996 жағдай), автокөлікті (64), банктік шоттарды (873) бұғаттау, шетелге шығуға тыйым салу (57) және нотариус арқылы шектеу қою (1058) сияқты шаралар қолданылған.
Сонымен қатар, аралық маусымда жекеменшік сектордағы борышкерлерді ажырату тәжірибесі қолданылады. 2024 жылы қарыз үшін 14 үй, ал биыл 33 үй ажыратылды. Олар бойынша жалпы берешек 8,8 млн теңгені құраған. Ажыратудан кейін кейбір тұтынушылар қарыздарын толық немесе ішінара өтеген.
– Тағы да ескертемін: бізде борышкерлерді жылу энергиясынан ажыратуға, тіпті жылыту маусымында да, құқық бар. Көпқабатты үйлерде тұратындар үшін ажырату қолданылмайды, ол жерде біз сот орындаушылары арқылы жұмыс істейміз. Бірақ барлығы түсінуі тиіс: соттан кейін 100 мың теңге қарыз ең кемі 140 мың теңгеге айналады, оған шығындар мен салықтар қосылады, – деді Абылқаиров.
Оның айтуынша, кәсіпорын қарызды өтеу кестесін қабылдауға дайын. Алайда төлемнен әдейі жалтаратындар қатаң шараларға тап болады.