Суды есепке алу жүйесі өзгерді

1 қаңтардан бастап Рудный қаласында да су көрсеткішін қашықтан жіберетін есептегіштер қолданысқа еніп жатыр

Су деректерін қашықтықтан беретін есепке алу аспаптарына көшу – Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген жалпыұлттық талап. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мұндай есептегіштер барлық тұтынушылар үшін міндетті болады. Бұл туралы «Рудный су арнасы» ЖШС өткізу бөлімінің инженері Сергей Стрельченко хабарлады.

Оның айтуынша, бұл өзгерістер Қазақстан Республикасының Су кодексінде және есепке алу аспаптарын таңдау мен монтаждау қағидаларында көрсетілген. Талап суық және ыстық сумен жабдықтауға бірдей қолданылады және барлық тұтынушыларға – жеке және заңды тұлғаларға – қатысты.\

– Бұл бүкіл республикада қолданылатын бірыңғай талап. Рудный қаласы бұл жағдайда ешқандай ерекшелікке ие емес және пилоттық жоба алаңы болып саналмайды. Қазақстанның барлық өңірінде осындай талаптар бірдей, – деп түсіндірді Сергей Стрельченко.

2026 жылдың басынан бастап, су есептегіштерін алғаш орнатқанда, оларды ауыстырғанда немесе пайдалану мерзімі аяқталған жағдайда тек деректерді қашықтықтан беретін есептегіштерді орнатуға рұқсат беріледі. Бұл ескі үлгідегі, автоматты түрде көрсеткіштерді жібермейтін есептегіштердің кезең-кезеңімен қолданыстан шығатынын білдіреді.

Сергей Стрельченконың айтуынша, есепке алу аспаптарын орнату тәртібі де маңызды. Деректерді қашықтықтан беретін су есептегіштерін монтаждау тек тиісті лицензиясы бар мамандандырылған ұйымдар арқылы жүзеге асырылуы керек. Тұтынушы мұндай ұйыммен келісімшарт жасайды, ал «Рудный су арнасы» ЖШС есепке алу аспаптарын тек растайтын құжаттар болған жағдайда ғана қабылдайды.

– Бұл талаптар есептегіштің дұрыс орнатылып, ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін енгізілген. Лицензиясы жоқ ұйымдар орнатқан есептегіштер есепке алынбайды, – деп атап өтті инженер.

Жаңа үлгідегі есептегіштер кіріктірілген модемдер мен радиомодульдерге ие, олар деректерді автоматты түрде станциялар мен серверлерге жібереді. Бұл тұтынушыларға ай сайын көрсеткіштерді қолмен тапсыру қажеттілігінен босатады.

– Егер көрсеткіштер уақытында берілмесе, даулы мәселелер мен қайта есептеулер туындайды. Автоматтандырылған жүйе мұндай жағдайлардың алдын алып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді, – дейді Сергей Стрельченко.

Сондай-ақ, маманның айтуынша, сыртқы көрінісі жағынан есептегіштер бұрынғыдан көп ерекшеленбейді. Олар стандартты өлшемде және пәтерлер мен үйлерде бұрынғы орнатылатын орындарға қойылады. Негізгі айырмашылық – деректерді қашықтықтан беретін электрондық құрамдас бөлігінде.

Қазіргі есептегіштер араласуға қарсы қорғаныс жүйесімен жабдықталған. Егер құрылғыға магнит немесе басқа құрал арқылы әсер ету әрекеті жасалса, бұл ақпарат автоматты түрде серверге жіберіледі.

– Есептегіш кез келген араласуды бірден тіркейді, бұл дерек жүйеде көрініс табады. Мұндай тәсіл есеп айырысу үдерісін барлық тұтынушылар үшін ашық әрі әділ етеді, – деп түсіндірді инженер.

Сергей Стрельченконың айтуынша, Рудный қаласында қазір деректерді қашықтықтан беретін есептегіштерді орнату жұмыстары басталған, сондай үдерістер елдің басқа өңірлерінде де жүргізілуде. Суды цифрлық есепке алу жүйесіне көшу – Қазақстан коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың бір бөлігі.

Жаңа жүйе ресми түрде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Осы уақытқа дейін коммуналдық кәсіпорындар техникалық инфрақұрылымды толық дайындауы тиіс болды. Спикердің айтуынша, енгізіліп жатқан өзгерістердің мақсаты – халықтың тұрмысын қиындату емес, су есепке алу жүйесін барынша ыңғайлы, дәл және заманауи ету.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *