Жаңа Салық кодексінде қандай өзгерістер орын алды?
2025 жылғы 18 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті жаңа Салық кодексіне қол қойды. Аталған кодекс 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Негізгі өзгерістер арнайы салық режимдерін оңтайландыруды және салықтық есептілік нысандарының санын қысқартуды көздейді.
Енгізіліп отырған өзгерістердің басты мақсаты – салық төлеушілерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту.
Осыған байланысты 2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі аясында салықтық есептілік мәселелері бойынша мынадай нормалар көзделеді. Өзгерістер жайлы толығырақ қала әкімдігінде өткен жиында Рудный қалалық Кірістер басқармасының басшысы Базарбай Шуинов тоқталып өтті.
САЛЫҚТЫҚ ЕСЕПТІЛІК НЫСАНДАРЫН ҚЫСҚАРТУ
Жаңа Салық кодексі аясында қолданыста болған 39 салықтық есептілік нысанының 12-сі алып тасталды. Нәтижесінде салықтық есептілік көлемі шамамен 30 пайызға қысқартылды.
САЛЫҚТЫҚ ЕСЕПТІЛІКТІ ҰСЫНУ ТӘРТІБІ БОЙЫНША
Осы бағыттағы жаңашылдықтардың бірі – бюрократиялық рәсімдерді оңтайландыру. Атап айтқанда, егер салық төлеуші белгіленген мерзімде салықтық есептілікті ұсынбаса, есептілікті тапсыру мерзімі аяқталғаннан кейін ақпараттық жүйе төленуге жататын салық сомасын нөлдік көрсеткішпен автоматты түрде қалыптастыратын болады.
Аталған норманы енгізу салықтық есептілікті ұсынбағаны үшін хабарламалар жолдауды, банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдер шығаруды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 272-бабы шеңберінде әкімшілік жауапкершілікке тартуды болдырмауға мүмкіндік береді. Осылайша, бұл шаралар бизнесті жазалау сипатындағы ықпал ету тетіктерін азайтуға бағытталған.
Мемлекеттік кірістер органдары тарапынан айналымдар анықталған жағдайда әкімшілік жауапкершілік нормалары қолданылады. Ал салық төлеуші қосымша салықтық есептілікті өз бетінше ұсыну арқылы бұрын мәлімделмеген кірістерді анықтаған кезде, жауапкершілік шаралары қолданылмайды.
Сонымен қатар, есептілікті автоматты түрде қалыптастыру салық төлеушінің Жеке кабинеттегі (СӘИЖ СТК) деректерінде ұсынуға жататын салықтық есептілік нысандары алдын ала көрсетілген жағдайда ғана жүзеге асырылатын болады.
Егер салық төлеушінің ісінде тиісті салықтық есептілік нысандары айқындалмаған болса, ақпараттық жүйе оның орнына есептілікті қалыптастыра алмайды.
САЛЫҚТЫҚ ЕСЕПТІЛІКТІ КЕРІ ҚАЙТАРЫП АЛУ
Қателіктерді барынша азайту және салықтық есептіліктің дұрыс емес ұсынылуына жол бермеу мақсатында салық төлеушілерге «Салықтық есептілікті кері қайтарып алу» қызметінің алып тасталатыны туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз ету қажет.
Бұл ретте, салықтық есептілік нысаны ұсынылғаннан кейін оған өзгерістер енгізу тек қосымша салықтық есептілікті тапсыру арқылы ғана мүмкін болатынына ерекше назар аудару қажет.
Осыған байланысты салық төлеушілер декларацияларды толтыру және ұсыну барысында алдын ала және жауапкершілікпен қарауға, сондай-ақ оларды жолдағанға дейін мәліметтердің дұрыстығын мұқият тексеруге міндетті.
САЛЫҚТЫҚ ЕСЕПТІЛІКТІ ҰСЫНУ МЕРЗІМІН ҰЗАРТУ
Салықтық есептілікті ұсыну мерзімдерін бұзудың алдын алу және салықтық тәртіпті нығайту мақсатында салық есептілігі нысандарын (СЕН) тапсыру мерзімдерін ұзарту жөніндегі норма алынып тасталды.
Бұл ретте, СЕН тапсыру мерзімдерін кейінге қалдыру енді заңнамада көзделмейді. Осыған байланысты салық төлеушілерге салықтық есептілікті алдын ала жоспарлап, декларацияларды белгіленген мерзімдерде уақтылы ұсыну ұсынылады.
-2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Рудный қаласында жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданған жағдайда салық мөлшерлемесі 4%-дан 3%-ға төмендетілді.
Осының салдарынан қаланың бюджеті алдын ала есептеуде 1 млрд теңге көлемінде түсімнен айырылуы мүмкін. Осыған байланысты салық төлеушілерді салық салынатын кірістерді нақты және дұрыс декларациялау қажеттігіне шақырамын,- деп атап өтті Базарбай Шуинов.
Мемлекеттік кірістер басқармасына берілген мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 5 611 салық төлеуші кәсіпкерлік қызметтен түскен кірісті көрсетті. Олардың ішінде 4 316 салық төлеуші немесе 77,1%-ы жалдамалы қызметкерлерді көрсетпеген, ал 701 салық төлеуші немесе 12,5%-ы ең төменгі жалақыны көрсетті. Яғни, тек 12,5% салық төлеуші ғана жалдамалы қызметкерлердің нақты жалақысын көрсеткен.
Жоғарыда айтылғандардан қорытынды жасауға болады: жалдамалы қызметкерлердің санын және орташа айлық жалақысын нақты көрсетпейтін салық төлеушілер бұл әрекетті Еңбекақы қоры (ЕАҚ) бойынша аударымдарды азайту мақсатында жасайды. Осы мәселе бойынша қала әкімдігімен бірлесіп құрылған жұмыс топтары тұрақты түрде жұмыс жүргізіп отырады.
Сонымен қатар, 2025 жылдың 11 айында түрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді зерттеу негізінде кірісті төмендету (жасыру) фактілері бойынша салық төлеушілерге хабарламалар жасалған. Нәтижесінде 439 салық төлеуші қосымша салықтық есептілік нысандарын тапсырып, 1,618 млрд теңге сомасында салық төленген. Қалалық кірістер басқармасы басшылығының айтуынша, жүйелі жұмыс ары қарайда жалғасын таппақ.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ