Қазақ сөзінің қос шыңы

Рудный қаласындағы Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясында қазақ поэзиясының қос алыбы – Ілияс Жансүгіров пен Мұқағали Мақатаевқа оқуларының қалалық кезеңі ұйымдастырылды.

Аталған байқаудың басты мақсаты – мектеп оқушылары арасында екі ұлы тұлғаның шығармаларын кеңінен насихаттау. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің әдіскері, шара ұйымдастырушысы Гульнар Ақкужина мәлімдеді.

– Республикалық Ілияс Жансүгіров пен Мұқағали Мақатаевтың оқуларының қалалық кезеңі білім ордамызда дәстүрге айналған сайыс. Оқушыларымыз да, ұстаздарымыз да шараны асыға күтіп, үлкен ізденіспен дайындалады. Негізгі мақсат өзгерген емес, ол – оқушыларды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылығымен тереңірек таныстыру, поэзияға, көркем сөзге баулу. Мұндай байқаулар балалардың ой-өрісін кеңейтіп, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік береді, – деді ұйымдастырушы.

Қалалық кезеңге Рудный қаласының түрлі мектептерінен барлығы елу бес оқушы қатысты. Атап айтқанда, Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының, Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінің, Д. Карбышев атындағы №14 жалпы білім беретін мектебінің, сондай-ақ №12 және №13 жалпы білім беретін мектептердің оқушылары бақ сынасты.

– Байқау бағдарламасы ауқымды. Мұқағали Мақатаев бойынша үш номинация, ал Ілияс Жансүгіров бойынша бес номинация қарастырылған. Әр номинацияға сәйкес нақты тапсырмалар берілді. Мәселен, бір тапсырмада қатысушылар Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқыса, Ілияс Жансүгіровке арналған «Жаз! Жаз! Қалам, жорғалап» номинациясында оқушылар берілген тақырыптар бойынша 90 минут ішінде төрт шумақ өлең құрастырады. Барлық тақырыптар байқау ережесінде алдын ала көрсетілген.

Қатысушылар жазған шығармаларын әділ-қазылар алқасының алдында нақышына келтіріп, мәнерлеп оқып беруі тиіс. Әділ-қазылар құрамында Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының, №3 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, сондай-ақ қалалық білім бөлімінің қызметкерлері бар. Олар әр номинация бойынша белгіленген критерийлерге сүйене отырып, жұмыстарды бағалады, – деп түсіндірді Гульнар Шабденова.

Былтырғы жылмен салыстырғанда қатысушылар саны артқан. Алдыңғы жылы байқауға 41 оқушы қатысса, биыл олардың саны шамамен 34 пайызға өскен.

Шара аяқталған соң іріктеу жүргізіліп, әр номинация бойынша 1 орын иегерлері облыстық кезеңге жолдама алады. Ал облыстық кезеңнен үздік шыққан оқушылар республикалық деңгейде бақ сынайды.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, дәл осы байқау көптеген оқушылардың шығармашылық жолына серпін беріп, оларды өзге байқаулардың республикалық деңгейіне дейін жетелеген.

– «Ілияс – көркем сөз шебері» номинациясы бойынша бақ сынадым. Бұл кезеңде Ілияс Жансүгіровтің прозалық және драмалық туындыларынан монолог оқыдым. Мұндай тағылымды шаралар жас ұрпақты қазақ әдебиетінің алып тұлғаларының мұрасымен тереңірек таныстырып, олардың көркемдік әрі шығармашылық шеберлігін ұғынуға жол ашады.

Мәнерлеп оқу, авторлық шығарма жазу, эссе байқауларына жиі қатысып жүрмін. Меніңше, мұндай сайыстардың басты мақсаты – өскелең ұрпақты әдебиетке жақындатып, сөздік қорын байыту, өз ойын жүйелі әрі әсерлі жеткізе білу дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ бос уақытты мазмұнды әрі танымдық тұрғыда тиімді өткізу.

Әдебиетке деген қызығушылығым кішкентай кезімнен бастау алады. Ал бесінші сыныптан бері түрлі шығармашылық байқауларға тұрақты түрде қатысып келемін. Осы бағытта облыстық және республикалық деңгейдегі жетістіктерім де бар. Атап айтқанда, «Ақберен» байқауының облыстық кезеңінде III орын иеленсем, Абай оқуларында республикалық деңгейде бас жүлдені жеңіп алдым, – дейді Міржақып Дулатов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 10 «А» сынып оқушысы Ақнұр Өмірзақ.

Ілияс Жансүгіров пен Мұқағали Мақатаевқа арналған бұл оқулар – жас буынның әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық рухты бойына сіңіруге бағытталған маңызды рухани шара. Дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан байқау алдағы уақытта да талантты оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашуға зор үлес қоса бермек.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *