Жаңа оқу жылы қарсаңында бала тәрбиелеп отырған, қолдауға мұқтаж қазақстандық отбасылар материалдық көмекке жүгіне алады.
Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов жаңа оқу жылы қарсаңында қолдауға мұқтаж барлық балаға дер кезінде материалдық және әлеуметтік көмек көрсетуді тапсырған болатын. Үкімет басшысы биыл бұл мақсаттарға 23 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгенін, бұл шамамен 500 мыңнан аса баланы қамтуға мүмкіндік беретінін айтқан.
Ведомство мәліметінше, көмек жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды, атаулы әлеуметтік көмек алушыларды, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қамтиды.
«Қызмет өтініш беру сипатында. Яғни ата-ана қағаз түрінде өтінішпен мектеп ұйымына жүгіне алады», — деп хабарлады комитетте.
Өтініштер дүйсенбіден жұмаға дейін, түскі үзіліс 13:00-14:00 аралығын қоспағанда сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін қабылданады, демалыс және мереке күндерінен басқа уақыттарда.Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі өтінішті бір күн ішінде қарауды көздейді.
Қажетті құжаттар
Материалдық көмек алу үшін қажет:
• қағаз түрінде өтініш;
• жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін қажет);
• баланың (балалардың) туу туралы куәлігі электрондық түрде немесе оның қағаз көшірмесі — егер «АХАЖ тіркеу пункті» ақпараттық жүйесінде мәліметтер жоқ болса немесе бала Қазақстаннан тыс жерде туған жағдайда;
• неке қию немесе бұзу туралы куәліктің көшірмесі (АХАЖ жүйесінде мәлімет болмаған жағдайда);
• егер ата-ана қамқоршы болса, қорғаншылық (қамқоршылық) белгілеу, патронаттық тәрбиеге беру немесе қабылдаушы отбасына беру туралы уәкілетті орган шешімінің көшірмесі;
• егер ТЖ жағдайы болса, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай әкелген апаттардың, зілзалалардың себептерін тексеру актісі;
• отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайы туралы қорытынды, оның негізінде білім беру ұйымының қамқоршылық кеңесі тұлғалар санатын айқындайды.
• Сондай-ақ, алушылардың бір санатқа жататындығын растау қажет.