Краншы Ардақ құрылыс саласындағы қызметі жайлы
2025 жыл – Қазақстанда жұмысшы мамандықтарының жылы. Бұл бастама еңбек адамдарының қоғамдағы орнын айқындап, қарапайым жұмысшының беделін көтеруге бағытталды.
Жыл бойы еліміздің әр өңірінде түрлі кәсіп иелерінің еңбегі насихатталып, олардың қоғамға қосқан үлесі дәріптеліп келеді. Жыл соңына таяған шақта, әсіресе құрылыс алаңдарында күнделікті маңдай терін төгіп жүрген жұмысшылардың орны ерекше сезіледі. Солардың бірі – он жылдан астам тәжірибесі бар, ауыр техниканы сенімді меңгерген кран машинисі Ардақ. Оның кәсібі – сырт көзге байқала бермейтін, бірақ қала мен ел дамуы үшін аса қажет мамандықтардың бірі.
Ардақтың мамандығы – кран машинисі. Бұл кәсіп алғаш қарағанда қарапайым техникалық жұмыс болып көрінуі мүмкін. Алайда шын мәнінде ол – құрылыс саласының негізгі діңгегі. Себебі көп қабатты тұрғын үйдің қабырғасын да, өндірістік нысанның қаңқасын да, жол құрылысына қажетті ауыр плиталарды да крансыз орнату мүмкін емес. Жерден бірнеше метр биіктікке көтерілетін жүктерді дәл әрі қауіпсіз жеткізу – тек осы мамандардың жауапты міндеті. Сондықтан кран машинисінің жұмысы қарапайым еңбек емес, үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін сала.
«Жұмысымдағы басты талап – сақтық. Әріптестердің амандығы – ең үлкен жауапкершілік. Сол үшін әрбір қимылымыз нақты ережемен өлшенеді. Сақтық дулығасын кию, көтерілген жүктің астына адам жолатпау, техниканың жағдайын алдын ала тексеру – күнделікті міндетіміз. Бір сәттік қателік бүкіл бригаданың жұмысына, тіпті адамдардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін», – дейді Ардақ өз жұмысы туралы.
Қызылорда өңірінде дүниеге келген ол мамандығын жергілікті №9 колледжде игерген. Оқудан кейін кәсіби жолын әртүрлі қалаларда жалғастырып, Қарағанды мен Оралдағы ірі құрылыс нысандарында тәжірибе жинақтаған. Уақыт өте келе өз ісінің нағыз маманына айналған Ардақ бүгінде 25 тонналық автокранды сенімді басқарып жүр. Оның еңбек ететін компаниясында тағы бес әріптесі бар. Олар күн сайын бірлесіп жұмыс атқарып, еліміздің құрылыс саласына өз үлестерін қосып келеді.
Кран машинисінің жұмыс күні таңғы сағат сегізде басталады. Таңертеңгілік уақытта негізінен ауыр жүктерді көтеру және түсіру жұмыстары орындалады. Түскі ас сағат бірге дейін созылып, одан кейін кешкі сегізге дейін жұмыс жалғасады.
«Күн сайын кірпішті көтереміз, плиталарды орнатамыз, арнайы техникамен келген жүктерді түсіреміз. Кран ішінде заманауи компьютер жүйесі бар, барлық процесс есеппен жүреді. Әр қимылды ой елегінен өткізуге тура келеді. Сондықтан тек физикалық күш емес, логикалық ойлау да қажет», – дейді ол.
Әрине, мамандықтың қиын тұстары да жетерлік. Кейде жүктің салмағы техниканың мүмкіндігінен асып түсіп жатады. Мұндай жағдайда тәжірибелі кран машинисі жағдайды дұрыс бағалап, нақты шешім қабылдауы тиіс. Ардақ үшін мұндай жағдайлар үйреншікті болғанымен, әр сәтте жоғары кәсіби жауапкершілікті талап етеді.
Кран машинистерінің ерекшелігі – олар құрылыс алаңында бөлек жұмыс істейді. Бригадалармен байланыс тек қажетті сәтте жүзеге асады. Дегенмен барлығының ортақ мақсаты бір: жұмыстың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Ардақ өз мамандығына жоғары баға береді. Ол үшін кран машинисінің еңбегі тек техниканы басқарумен шектелмейді.
«Бұл жұмыстың ерекшелігін көпшілік түсіне бермейді. Бізсіз құрылыс тоқтап қалады. Әрбір кірпіштің, әрбір плитаның өз орнында тұруы үшін кран қажет. Бір ғимараттың іргетасынан бастап төбесіне дейін қолтаңбамыз қалады. Сондықтан біздің жұмыс – көзге көрінбесе де, елдің дамуына қосқан нақты үлес», – дейді ол.
Күнделікті жұмыс аяқталғаннан кейін Ардақ уақытын отбасына арнайды. «Жұмыс шаршатса да, үйге барған кезде барлығы ұмытылады. Отбасының қасында болғанда, бүкіл күннің ауырлығы артта қалады», – дейді ол.
Кран машинисінің еңбегі сырт көзге тек рульде отырған қарапайым қызметкердің ісіндей көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде бұл – үлкен жауапкершілікті, қырағылықты, есеп-қисапты талап ететін сала. Әрбір сәт – бақылауды, әрбір қимыл – есепті қажет етеді. Құрылыс алаңындағы қауіпсіздік пен сапа осы мамандардың кәсібилігіне байланысты.
2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жариялануы – қоғам назарын осындай маңызды кәсіп иелеріне аударды. Бұрын көпшілік тарапынан бағаланбай келген еңбек бүгінде лайықты құрметке ие болып отыр. Ардақ сияқты қарапайым еңбек адамдарынсыз еліміздің қалалары бой көтермес еді. Жаңа үйлер, заманауи ғимараттар, өндірістік нысандар – бәрі де олардың маңдай тері мен кәсібилігінің нәтижесі.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Айбар БЕРІК