Профилактикалық бақылау мен қадағалау тұрақты негізде
Өрт қауіпсіздігі – тек өрт сөндіру көліктері мен дабыл сиреналарының әрекеті ғана емес. Бұл – мемлекет пен азаматтық қорғау органдарының ең басты міндеттерінің бірі, яғни тілсіз жаудың алдын алу. Өрттің туындауына жол бермеу үшін жүйелі жүргізілетін профилактикалық бақылау мен қадағалау айрықша рөл атқарады. Ол ықтимал заң бұзушылықтарды алдын ала анықтап, дер кезінде жоюға мүмкіндік беріп, адамдардың амандығына кепіл болады.
ПРОФИЛАКТИКАНЫҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТТАРЫ
ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУДЫҢ МӘНІН БІРНЕШЕ БАҒЫТПЕН ТҮСІНДІРУГЕ БОЛАДЫ:
- Өрттің алдын алу – ықтимал тұтану көздерін дер кезінде жою;
- Адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау – төтенше жағдайлар тәуекелін азайту;
- Мүлік пен инфрақұрылымды сақтау – қаржылық және материалдық шығынның алдын алу;
- Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – қоғам мен қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру.
ҚАДАҒАЛАУ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ?
БҰЛ БАҒЫТТАҒЫ ЖҰМЫСТАР ӘРТҮРЛІ НЫСАНДАРДЫ ҚАМТИДЫ. НЕГІЗГІ ТҮРЛЕРІ:
- Тексерулер мен қараулар – өрт дабылдары, өрт сөндіргіштер, эвакуация жолдарының жағдайын бақылау;
- Техникалық жүйелерді сынақтан өткізу – өрт сөндіру және хабарлау автоматты қондырғыларының үздіксіз жұмысын тексеру;
- Оқыту және нұсқаулықтар – қызметкерлерге төтенше жағдайда іс-қимыл дағдыларын үйрету;
- Халықпен жұмыс – мектептерде, тұрғын үйлерде түсіндіру шараларын ұйымдастыру;
- Нұсқама беру – анықталған заңбұзушылықтарды түзету үшін нақты мерзімдер белгілеу.
ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ШАРАЛАРДЫҢ МЫСАЛДАРЫ
- Өрт сөндіргіштердің және өрт гидранттарының жарамдылығын тексеру;
- Электр сымдарының қауіпсіздігін бақылау;
- Жанғыш материалдардың дұрыс сақталуын қамтамасыз ету;
- Эвакуациялық жаттығулар өткізу;
- Эвакуация жолдарының қоқыстан тазартылуын қадағалау.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әрбір ұйым өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Бұл талаптарды орындамау тек айыппұлмен ғана емес, қажет болған жағдайда қызметтің уақытша тоқтатылуына да әкеп соғады. Яғни профилактика – тек қауіпсіздік шарасы ғана емес, сонымен бірге заңдық міндет.
Өрттің алдын алу жұмыстары тек тексерулермен шектелмейді. Қазіргі таңда автоматтандырылған бақылау жүйелері, «ақылды» датчиктер мен сенсорлар, тұрғындар үшін мобильді қосымшалар арқылы ескерту хабарламалары сынды жаңа технологиялар енгізіліп жатыр.
Сондай-ақ мектеп жасынан бастап қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылуда. Бұл болашақта азаматтардың жауапкершілігін күшейтеді.
Барып жүргізілетін профилактикалық бақылау мен қадағалау өрттің шығу мүмкіндігін айтарлықтай төмендетіп, оның зардаптарын азайтады. Бұл – заңбұзушылықтарды дер кезінде түзетуге, мекемелер мен азаматтардың төтенше жағдайға дайындық деңгейін арттыруға ықпал ететін шара. Ең бастысы – ол адам өмірін сақтап қалады.
Өрт – адам өміріне де, қоғамға да орны толмас шығын келтіретін ең қауіпті апаттардың бірі. Онымен күрестің ең тиімді жолы – оның алдын алу. Профилактикалық бақылау – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сенімді құралы. Ол тек мемлекет пен құтқару қызметінің ғана емес, әр азаматтың ортақ міндеті.
Тілсіз жауды тек бірлескен жауапкершілік пен ұқыптылық қана жеңе алады. Өртті сөндіргеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда жеңіл екенін естен шығармаған абзал.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ