Домбыра күні қалай өтті?

Қазақпен бірге сан ғасырдан бері жасасып келе жатқан қазақтың өзіндей қарапайым қара домбыраның төл тарихымыздан алатын орны ерекше. 2018 жылдан бастап коңыр үнді домбыра күні шілденің алғашқы жексенбісінде тойланып келеді. Биылғы жылы мереке 3-шілдеге дәлме-дәл келіп, республиканың түпкір-түпкірінде тойланды

Кенді қаламыздың өнерпаздары мен домбыра сүйер қауымы да бұл дәстүрден қалыс қалмады. Ал Ұлттық домбыра күні дүние есігін ашқан жаңа туған сәбиге қазақтың ұлттық аспабы сыйға тартылды.

Қазақтың мұңы мен қуанышын домбырадан артық ешбір аспап жеткізе алмас. Домбыра бұл – ән, домбыра бұл – күй, ұлттық өнердің басты өрнегі де дәл осы аспаптан бастау алады. Қазақтың жоғалтқан жоқтарының көбі осы қос ішекті қазынамызға тиесілі. Ұлттың қазыналы домбырасын ада тұтқан жаншырлардың арқасында кенді қаламызда да домбыра күні аталып өтті. Осылайша орталық алаңда күй ойнап, дүйім жұрт той-думанға бөленді. Қоғамда белсенді қаланың ардагер азаматтары сөз сөйлеп, қала тұрғындарын атаулы күнмен құттықтады.

Домбыраны брендке, ұлттық өнерді трендке айналдырып жүрген өнерсүйер қауымның бір мезетте ойнап жатқан  күйлерінің терең тарихы көрермендерге насихатталып, шалқымалы жырлармен қатар көңіл тебірентер күйлердің бірі «Балбырауын» тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

Көңілге түрлі ой салар, тәтті ән мен әтті күйді кенді қаланың тұрғындары сағынып қалғаны күймен бірге толқыған көңіл-күйлерінен байқалды. Сырлы аспаптың қоңыр үнін қимай дүйім жұрт түс ауа тарқасты.

Ал Ұлттық домбыра күні дүние есігін ашқан сәбиге кәде сый ретінде қазақтың қоңыр үнді аспабы бұйырды. Бұл – Михаилдың дүниеден алған алғашқы сыйы.

Перзентханаға қазақтың домбырасын табыстай келген әкімдіктің AMANAT партиясының өкілдері шекесі торсықтай ұлды дүниеге әкелген анасы Анжелика  Павлованы құттықтап, гүл шоқтарын табыстады.

Міне, қуаныштар еселенген ұлттық мереке Рудныйда осылай өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *