Қариялар – қай кезеңде де елдің ақылшысы, отбасының тірегі, кейінгі ұрпақтың бағыт-бағдарын айқындайтын тұлғалар. 1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында мемлекеттік қызмет ардагері, Рудный қаласының тұрғыны Жақсылық Кәкенұлымен сұхбаттасып, қариялардың қоғамдағы рөлі, ел өміріне қосып жүрген үлесі және бүгінгі жастардың алдында тұрған міндеттер жөнінде пікір алмастық.
– Жақсылық аға, алдымен Қарттар күні туралы әңгімелессек. Бұл мерекенің мәні неде деп ойлайсыз?
– Әрине, Қарттар күнінің маңызы ерекше. Біріккен Ұлттар Ұйымы әр жылдың 1 қазан күнін «Қарттар күні» деп белгіледі. Бұл жай ғана мереке емес. Ол дана да, қайырымды, әрі сүйікті қарттарымызға деген сүйіспеншілік пен мейірім мерекесі.
«Атадан бала туар, атасының жолын қуар» демей ме қазақ. Расында да, үлкендердің өнегесін көріп өскен бала солардың жақсы қасиеттерін бойына сіңіреді. Сондықтан қарияларымызды қоғамның ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің ұлағатты ұстазы деп бағалаймын. Дана сөзімен, дария ақылымен баталы ұл-қыз өсірген қарттарымыз аман-сау жүрсе екен!
– Ардагерлерді қоғамның ұйытқысы деп атап өттіңіз. Жалпы, олардың ел өміріндегі белсенділігіне қандай баға бересіз?
– Қоғамымыздың қомақты бір бөлігін ардагерлер құрайды. Олар – елдің дамуына өз үлесін қосқан, өмір бойы еңбек еткен азаматтар. Сондықтан олардың қоғамдық өмірге араласуы өте маңызды.
Рудный қаласында да ардагерлеріміз қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып келеді. Олардың басын біріктіріп, ортақ іске жұмылдырып отырған ұйымның бірі – Рудный қалалық ардагерлер кеңесі. Кеңес төрағасы Сәлімгерей Бексейітов бастаған ұйым ардагерлердің қоғамдағы белсенділігін арттыруға үлес қосып отыр. Кеншілер шаһарында өтетін саяси, экономикалық, әлеуметтік маңызы бар түрлі шараларда ардагерлеріміздің қатысуын жиі байқаймыз. Көптеген қариялар облыстық, қалалық ардагерлер мен ақсақалдар кеңестерінің, «Әділет» партиясының, сондай-ақ басқа да қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің мүшесі. Олар өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдіріп, қаланың қоғамдық өміріне араласып жүр.
Жақсылық Кәкенұлы әңгіме барысында «ардагер» ұғымының мәніне де тоқталды. Оның сөзінше, бұл сөздің астарында елге еңбегі сіңген азаматқа деген құрмет жатыр.
«Иә, тарихқа жүгінсек, «ардагер» ұғымы қазақтың «ардақты ер» деген сөзінен шыққан екен. Қазақ қоғамы үшін қарт, қария, үлкендердің үні, бағыт-бағдары аса қажет. Олардың жүріп өткен жолы-үлгі-өнеге, әрбір кеңесі — ұлттық сезімге, адамгершілік пен адалдыққа, жауапкершілік пен ізгілікке негізделген. Ал енді «Ел ағасы» деп кімді айтамыз? Олар елге еңбегі сіңген, өмір бойы халық үшін, елдің жарқын болашағы үшін жемісті еңбек еткен, өздері қалаған мамандығының майталманы саналатын жандар», – дейді ардагер
– Технологиялар дамып, жасанды интеллект күнделікті өмірімізге еніп жатыр. Осындай өзгерістер кезеңінде аға буын мен жастардың алдында қандай міндеттер тұр?
– Әрине, заман талабына сай болуымыз керек. Ардагерлеріміз де жаңалықтан қалыс қалмай, заманға бейімделуге ұмтылғаны жөн. Ал жас буын өкілдері білімді, ұшқыр ойлы болып, бірнеше тілді меңгеруі керек. Өйткені бүгінгі заманның талабы – ізденіс, білім және бәсекеге қабілеттілік. Дегенмен жаңашылдыққа ұмтылу ұлттық болмысымызды ұмыту деген сөз емес. Керісінше, технология дамыған сайын өзіміздің тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді және ұлттық құндылықтарымызды сақтауға көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Бұл құндылықтар атадан балаға мирас болып келе жатыр. Ендігі міндетіміз – сол асыл мұраны кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі» деген болатын. Сондықтан жастарға сапалы білім алып, үнемі ізденіп, өз қабілетін дамытуға кеңес берер едім. Ал аға буынның міндеті – жастарға дұрыс бағыт көрсетіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісу.
– Демек, бүгінгі жастардың заманауи біліммен қатар ұлттық тәрбиені де бойына сіңіруі маңызды ғой?
– Дәл солай. Білімді болу – қазіргі заманның басты талаптарының бірі. Бірақ білім мен тәрбие қатар жүруі керек. Жастар бірнеше тіл меңгеріп, ғылым мен технологияны игергенімен, өз халқының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін де жақсы білуі қажет. Өйткені ұлттық құндылықтарымыз – рухани негізіміз.
– Қазір жас ұрпақ тәрбиесіне кімдер көбірек жауапты болуы керек деп санайсыз?
– Тәрбиенің тал бесіктен басталатыны белгілі. Сондықтан бұл мәселеге тек ата-ананың немесе білім беру ұйымдарының міндеті деп қарауға болмайды. Ұрпақ тәрбиесіне бәріміз атсалысуымыз керек. Ата мен әже, әке мен шеше, аға мен жеңге, балабақша мен мектеп ұжымдары бірлесе жұмыс істегенде ғана жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. Меніңше, жас ұрпақты тәрбиелеуде аға буынның өмірлік тәжірибесін де ұтымды пайдаланған жөн. Қариялардың айтқан әңгімесі, өмірден алған сабақтары жастарға ой салады. Әрине, заман өзгергенімен, адамгершілік, адалдық, жауапкершілік сияқты қасиеттердің маңызы ешқашан жоғалмайды. Сол себепті ұлттық тәрбиені заман талабымен ұштастыра білуіміз керек.
Әңгімеміздің соңында Жақсылық Кәкенұлы Қарттар күні қарсаңында аға буын өкілдеріне ақжарма тілегін жеткізді. Ол қариялардың еңбегі еленіп, өмірден жинаған мол тәжірибесі кейінгі ұрпаққа жол көрсетсе екен деген ниетін білдірді.
«Айтарым бір – ұрпақ тәрбиесіне ата мен әже, әке мен шеше, аға мен жеңге, балабақша мен мектеп ұжымдары болып атсалысайық, ағайын! Алдағы толқын ағалар, апа, жеңгелер — мереке құтты болсын!» – деп сөзін аяқтады.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті ұсынған Жақсылық КӘКЕНҰЛЫ