Есепте тұрған азаматтардың сот жүктеген міндеттерді орындауы қалай тексеріледі?
Рудный қалалық пробация қызметінің инспекторы Бейбарыс Саржақов есепте тұрған азаматтарды бақылау, олардың күнделікті өмірі мен еңбек жағдайын тексеру және қайта құқық бұзушылыққа жол бермеу бағытындағы жұмыстарды түсіндірді.
Қылмыстық жазасын өтеп шыққан немесе сот шешімі бойынша пробация қызметінің бақылауына алынған азаматтың жауапкершілігі мұнымен аяқталмайды. Ол белгіленген талаптарды орындап, заң бұзбауы тиіс. Ал осы талаптардың сақталуын бақылау – пробация қызметінің күнделікті жұмысының бір бөлігі.
Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Рудный қалалық пробация қызметінің инспекторы Бейбарыс Саржақовтың сөзіне сүйенсек, қызмет есебінде жүзден астам адам бар. Олардың әрқайсысына сот белгілеген міндеттемелер түсіндіріліп, белгіленген талаптардың орындалуы тұрақты бақыланады. Мәселен, кейбір азаматтарға кешкі сағат оннан таңғы алтыға дейін тұрғын үйінен шықпау міндеті жүктеледі. Мұндай жағдайда инспекторлар адамның белгіленген уақытта мекенжайында болғанын тексереді. Тексеру тек күндізгі уақытпен шектелмейді. Кешкі сағат оннан кейін инспекторлар өздеріне бекітілген аумақтарға шығып, есепте тұрған азаматтардың мекенжайларын аралайды.
«Күнделікті тексеріс жүргіземіз. Бір күнде бірнеше мекенжайға барамыз. Әр инспектордың өзіне бекітілген аумағы бар. Күндіз де, кешкі уақытта да сол аумақтағы азаматтарды тексереміз. Бірақ жұмысымыз мұнымен шектелмейді. Есепте тұрған азаматтың еңбек тәртібін де бақылаймыз. Егер тұрақты жұмыс орны болса, ай сайын нақты бір күні келіп, белгіленген тәртіппен сұхбат береді. Ал ресми тұрақты жұмысы жоқ азаматтармен күнделікті байланыс орнатып, жағдайын бақылаймыз», – дейді Бейбарыс Саржақов.
Мұндай кездесулердің мақсаты – жай есеп жүргізу емес. Жазасын өтеп шыққан немесе сот шешімімен пробация қызметінің бақылауына алынған адамға өзіне жүктелген міндеттер қайта түсіндіріледі. Заң талаптарын бұзбау, сот белгілеген шектеулерді сақтау және қайта құқық бұзушылыққа жол бермеу жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізіледі. Инспектордың сөзінше, азамат ресми жұмысқа орналасса, бұл туралы пробация қызметіне хабарлап, жұмыс орны жөніндегі мәліметтерді ұсынуы қажет. Осыдан кейін оның бақылау тәртібі де соған сәйкес жүргізіледі. Тұрақты жұмыс істейтін азамат пробация қызметіне ай сайын келіп тұрады.
Бақылау жұмысының тағы бір бағыты – сот белгілеген қоғамдық жұмыстардың орындалуын тексеру. Егер адамға қоғамдық жұмыстар түріндегі жаза тағайындалса, инспекторлар оның жұмысқа уақытында барып жүргенін, белгіленген сағаттарды өтеп жатқанын қарайды. Демек, азаматтың сот шешімін іс жүзінде орындауы құжат жүзіндегі мәліметпен ғана емес, жұмыс орнындағы жағдай арқылы да тексеріледі.
«Күндізгі тексерулер кезінде есептегі азаматтардың жұмыс орындарына да баруға тура келеді. Ал кешкі уақытта негізгі назар тұрғын үй мекенжайларына аударылады», – деп сөзін толықтырды маман.
Пробация есебіне азаматтар қалай алынатынына келсек, бұл жерде қылмыстық-атқару жүйесінің басқа бөлімдерімен өзара байланыс маңызды. Қылмыстық-атқару мекемесінде арнайы есеп бөлімі бар. Ондағы электронды базаға енгізілген мәліметтер мен тиісті өкімдер негізінде азамат пробация қызметінің есебіне қойылады.
«Жазасын өтеп шыққан адам есепке тұрады. Алдымен оған міндеттері түсіндіріледі. Құқық бұзушылыққа жол бермеуі, сот жүктеген міндеттерді орындауы керек. Сондықтан алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», – дейді инспектор.
Рудный қалалық пробация қызметінің инспекторы атап өткендей, әр маманға белгілі бір учаске бекітіледі. Қазір оның бақылауындағы аумақтардың қатарында бесінші, сегізінші және тоғызыншы учаскелер бар. Инспектор күндіз де, кешкі уақытта да осы аумақтағы есепте тұрған азаматтарды тексеріп, белгіленген талаптардың орындалуын қарайды. Азаматтың қайда тұратыны, жұмыс істей ме, сот жүктеген міндеттерді орындай ма – мұның бәрі жүйелі түрде назарда болады. Бұл жұмыстың түпкі мәні – сот жүктеген талаптардың орындалуын қадағалап, есептегі азаматтың қайта құқық бұзушылыққа жол бермей, қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік жасау.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО