Рудныйда өрттің алдын алу шаралары күшейтілді
Күн суытып, күз келген сайын тұрғын үйлердегі өрт қаупі арта түседі. Жылу беру маусымы басталғанда пеш жағылады, электр жылытқыштары жиі қолданылады. Осы кезеңде қауіпсіздік ережелерін сақтамау өртке, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін. Сондықтан мамандар тұрғындарды жылыту құралдарын алдын ала тексеріп, қарапайым сақтық шараларын ескеруге шақырады.
Рудный қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, 2025 жылы тұрғын үй секторында 34 өрт болған. Салдарынан төрт адам жарақат алып, бір тұрғын қаза тапқан. Өрт оқиғаларының көбі көпқабатты үйлердегі пәтерлер мен жеке үйлерде тіркелген.
Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының инженері, кіші лейтенант Самрат Раимовтың сөзінше, өрттің негізгі себептерінің бірі – қауіпсіздік талаптарын сақтамау.
«Қосылып тұрған пештер мен электр құрылғыларын қараусыз қалдыру, электр желісіне шамадан тыс күш түсіру, ескі сымдарды пайдалану өрт қаупін арттырады. Сондай-ақ жарамсыз немесе қолдан жасалған жылытқыштарды пайдалану да қауіпті. Жеке үйлерде пешті уақытында тазаламау және жөндеу жұмыстарын жүргізбеу өртке себеп болуы мүмкін. Бұдан бөлек, кішкентай балалар мен қарт адамдарды үйде жалғыз қалдыруға болмайды», – деп түсіндірді ТЖБ инженері.
Көпқабатты үйде тұратындар нені ескеруі керек?
«Ескі үйлердегі электр сымдары қазіргі тұрмыстық техниканың жоғары қуатына шыдай бермейді. Бір желіге бірнеше құрылғыны қатар қосу сымдардың қызып, қысқа тұйықталуына әкелуі мүмкін. Сондықтан бір розеткаға бірнеше қуатты электр құрылғысын қатар қоспауға, үйден шығарда үтік, жылытқыш және басқа да электр аспаптарын тоқтан ажыратуға, ескі үйлердегі электр сымдарын уақытында тексертуге және тоққа қосылып тұрған құрылғылар бар бөлмеде кішкентай балаларды жалғыз қалдырмауға кеңес береміз», – деді маман.
Жеке үй тұрғындары пешті жылыту маусымы басталғанға дейін тексеріп, қажетті жөндеу жұмыстарын алдын ала жүргізуі керек. Түтіндікті күйеден тазартып, пештегі жарықшақтарды жөндеу қажет. Жанып тұрған пешті қараусыз қалдыруға болмайды. Әсіресе түнде пешті жағып кету қауіпті. Ұйықтар алдында оттың толық сөнгеніне көз жеткізген жөн. Пеш пен жылытқыштардың жанына отын, көмір, қағаз және басқа да тез тұтанатын заттарды жинауға болмайды. Пеш аузының алдына талапқа сай металл қаңылтыр төсеу де маңызды. Ол пештен түскен шоқтың еденге тиіп, өрт шығуына жол бермейді.
Бұл талаптарды жеке моншаны пайдаланған кезде де сақтау керек.
Жеке сектордағы қауіптің бірі – көзге көрінбейтін әрі иісі сезілмейтін улы газ. Оның үй ішінде жиналуы адам өміріне қауіп төндіреді. Мұндай жағдайдың алдын алуға арнайы дабыл қаққыштар көмектеседі. Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері полиция және әлеуметтік мекеме өкілдерімен бірге әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындардың үйлерін аралап, өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Өрт қауіпсіздігі айлығы аясында мамандар 246 үйді аралаған. Оның ішінде көмекке мұқтаж төрт үйге улы газды анықтайтын дабыл қаққыштар жергілікті әкімдік қаражаты есебінен тегін орнатылды. Үйдегі улы газдың мөлшері көбейсе, құрылғы бірден қатты дыбыс шығарып, тіпті ұйықтап жатқан адамды да оята алады. Мамандардың айтуынша, мұндай датчиктер орнатылған үйлерде улы газдан улану жағдайлары тіркелмеген.
Өрттің алдын алу ең алдымен қарапайым сақтықтан басталады. Пешті дұрыс пайдалану, электр құрылғыларын қараусыз қалдырмау, электр сымдарының жағдайын тексеру – адам өмірі мен мүлкін қорғаудың негізгі жолдары. Үйден түтін немесе күйік иісі шықса, сондай-ақ дабыл қаққыш іске қосылса, уақыт жоғалтпай 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласу қажет.
Жанарай
РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген
Даниил САЕНКО