Оқушы дастарханына қойылатын тағамның сапасы, әзірленуі мен сақталуы да санитариялық талапқа сай болуы керек
Мектептегі тамақтану сапасы – оқу жылы бойы ата-ананы алаңдататын мәселелердің бірі. Баланың алдына қандай тағам қойылады? Ас-ауқат қандай жағдайда әзірленіп, сақталады? Асханада кімдер жұмыс істейді? Тамақ сапасына қатысты мәселе туындаса, ата-ана қайда жүгіне алады?
Осы сұрақтарға жауап алу үшін Рудный қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Юлия Бреусовамен сөйлестік.
Басқарма өкілінің сөзінше, балаларға қызмет көрсететін, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын нысандар санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың назарында. Мұнда мониторинг, жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі.
Мониторинг Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің шешімі негізінде ұйымдастырылады. Оған созылмалы және инфекциялық емес аурулардың, соның ішінде тамақтан улану жағдайларының жиі тіркелуі себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы кезінде де мониторинг жүргізіледі. Рудный қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы биыл жазда білім беру нысандарының оқу жылына дайындығын тексерді. Мамандар ғимараттардың жай-күйімен қатар, қоғамдық тамақтану орындарының талапқа сәйкестігіне де назар аударды.
Мониторингтен бөлек, жоспарлы тексерулер де жүргізіледі. Эпидемиологиялық маңызы жоғары нысандар жылына екі рет тексеріледі. Егер нысан ерекше бақылау аясында мониторингтен өткен болса, тексеру жиілігі жылына бір ретке дейін қысқартылуы мүмкін. Қауіптілік дәрежесі төмен нысандар жылына бір рет тексеріледі. Тексеру барысында санитариялық талаптардың сақталуы жан-жақты қаралады. Мамандар нысанның жалпы жағдайына, тамақтануды ұйымдастыруға, қызметкерлердің жұмысына, өнімдердің түр-түріне, оларды сақтау және өткізу шарттарына назар аударады. Бақылау азық-түлік нысанға түскен сәттен басталады. Мектептің өзінде өнімдердің сапасы күн сайын тексерілуі тиіс. Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары тексеру кезінде өнімдерден үлгі алып, оларды зертханалық сараптамаға жібере алады. Жалпы білім беретін ұйымдарды тексеру кезінде ғимараттардың жай-күйіне қатысты мәселелер де кездеседі. Юлия Бреусова жиі анықталатын кемшіліктердің қатарында ағымдағы жөндеудің қажеттілігін атап өтті. Мысалы, қабырғалардың тұтастығы бұзылуы мүмкін. Жаңа мектептерде мұндай мәселе салыстырмалы түрде аз кездеседі. Ал ұзақ уақыт пайдаланылып келе жатқан ғимараттарда ағымдағы жөндеу жұмыстарын тұрақты жүргізу қажет.
Оқушылардың тамақтануына қойылатын талаптар да нақты белгіленген. Маманның пікірінше, қазіргі талаптардың негізгі мақсаты – баланың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін тағамдарды ас мәзірінен алып тастау. Мектеп асханаларында фастфуд, пицца, гамбургер, хот-дог, наггетс, паштет, сілікпе, салмасы бар құймақ, флотша макарон, тағамдық концентраттардан дайындалатын тез әзірленетін өнімдер мен тағамдар, фритюрде қуырылған өнімдер, ащы тұздықтар мен дәмдеуіштер ұсынылмауы тиіс. Сондай-ақ кремді кондитерлік өнімдерге, құрамында төрттен астам компоненті бар салаттарға, майонез немесе қаймақ қосылған салаттарға да рұқсат жоқ. Тұз бен қанттың мөлшеріне де ерекше мән беріледі. Олардың тағам құрамындағы көлемі қатаң бақыланады.
Денсаулығына байланысты арнайы тамақтануды қажет ететін балаларға қатысты да жеке талаптар бар. Медицина қызметкері тағамдық аллергиясы немесе белгілі бір өнімдерді көтере алмайтын оқушылардың тізімін жасайды. Бұл мәлімет тамақтануды ұйымдастыруға жауапты адамға беріледі. Ас мәзірінде дайын тағамдар мен өнімдердің құрамында аллергиялық реакция тудыруы немесе балаға кері әсер етуі мүмкін заттардың бар-жоғы көрсетілуі тиіс. Мұндай ақпарат оқушыларға, тәрбиеленушілерге және олардың заңды өкілдеріне түсінікті әрі қолжетімді түрде ұсынылуы қажет.
Мектеп асханасында жұмыс істейтін қызметкерлердің жұмысқа рұқсаты болуы және қажетті медициналық тексеруден өтуі шарт. Арнайы киім кию де міндетті. Оны асханадан тыс жерде пайдалануға болмайды. Асхана аумағында бөгде адамдардың жүруіне жол берілмейді. Ал асхана қызметкері болып табылмайтын адамдардың тағам дайындауына және оны таратуына тыйым салынған. Дайын тағамды сақтау мен өткізу мерзімі де қатаң сақталуы керек. Өнім белгіленген мерзімнен асып кетсе, оны балаларға беруге болмайды. Бұл талаптардың орындалуын санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары тексеру кезінде қарайды.
Жоспарлы тексерулермен қатар, жоспардан тыс бақылау шаралары да жүргізіледі. Оған бұрын берілген нұсқамалардың орындалуын тексеру, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, прокуратура органдарының ұсынулары, қылмыстық қудалау органдарының қаулылары және мемлекеттік органдардың өтініштері негіз болуы мүмкін. Мектептегі тамақ сапасына қатысты мәселе туындаса, ата-ана санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жүгіне алады. Алайда жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін ықтимал бұзушылықты растайтын және нақты қандай талаптардың сақталуын тексеру қажеттігін анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтер болуы керек. Мысалы, мәселе сапасыз немесе сатуға тыйым салынған өнімге қатысты болса, оның қай нысанда сатылғанын анықтауға мүмкіндік беретіндей етіп фотоға түсіріп алған жөн. Юлия Бреусова да биыл ата-аналардан мектептегі тамақтануға қатысты шағым түспегенін айтты. Дегенмен, тексеру жүргізілмей тұрып, мектеп асханаларында талаптардың бұзылмағанын нақты айту қиын.
Жыл соңына дейін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары бекітілген тізімге енгізілген нысандарда жоспарлы тексеру жүргізеді. Олардың қатарында Рудный қаласындағы мектептердің қоғамдық тамақтану орындары да бар.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген
Даниил САЕНКО