Мамандыққа алғашқы қадам үйірмеден басталды

Рудный тау-кен технологиялық колледжінде оқушыларға арналған тегін үйірмелер қайта ашылады

Мектептегі сабақтан кейін колледжге барып, токарь станогында жұмыс істеу, локомотивті басқаруды үйрену немесе электрик мамандығының қыр-сырын меңгеру – Рудный оқушылары үшін таңсық емес. Өйткені бірнеше жылдан бері Рудный тау-кен технологиялық колледжі мектеп оқушыларына кәсіби бағыт беріп, болашақ мамандығын ертерек танып көруге мүмкіндік беріп келеді.

Колледждегі тегін үйірмелерге 8, 9 және 10-сынып оқушылары қатыса алады. Мұнда балалар техникалық мамандықтармен танысып, алған білімдерін тәжірибе жүзінде сынап көреді. Өндіріс саласына қызығатын жастар үшін бұл – мамандықты таңдауға дейін оның қандай екенін өз көзімен көріп, қолымен жасап көруге берілген мүмкіндік.

«Колледж қабырғасындағы кәсіби бағдар беру жұмысы алғашында «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» (ССКӨБ) акционерлік қоғамымен бірлесіп жүзеге асырылған «Жас мамандар мектебі» жобасы ретінде басталған. Белгілі бір уақыт үзілістен кейін жұмыс қайта жалғасып, өткен оқу жылында жаңа қарқынмен жүргізілді», – дейді оқу орнының өндірістік оқыту шебері Алмат Есім.

Жобаның негізгі мақсаты – оқушыларға техникалық мамандықтардың мүмкіндіктерін көрсету, оларды заманауи технологиялармен және құрал-жабдықтармен таныстыру. Сонымен бірге балаларға өздерін іс жүзінде сынап көруге жағдай жасау.

«Қазір колледжде 8 негізгі мамандық пен бағыт бойынша үйірме жұмыс істейді. Олардың қатарында «Жас токарь», «Жас слесарь-жөндеуші», «Жас электрик», «Жас байытушы», «Жас локомотив машинисінің көмекшісі», «Жас проходчик» және «Графикалық дизайн» бағыттары бар. Сабақтар аптасына екі рет, екі сағаттан өткізіледі. Оқушылар мектептегі сабақтарынан кейін, екінші ауысымда колледжге келіп қатысады. Теориялық білім мен тәжірибелік жаттығуларды колледжіміздің өндірістік оқыту шеберлері жүргізеді. Мысалы, оқушылар токарь станогында жұмыс істеуді, локомотивті басқаруға арналған жаттығу құрылғыларын пайдалануды үйренеді. Техникалық қауіпсіздік ережелерін меңгеріп, алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін де үйренеді. Үйірмелерде алған білім тек теориямен шектелмейді. Барлық сабақ тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен қазақ және орыс тілдерінде тегін өткізіледі», – деп түсіндірді Алмат Есім.

Өткен оқу жылында колледждегі 8 бағыт бойынша қаладағы 15 мектептен 72 оқушы білім алды. Оның ішінде 42 оқушы кәсіби шеберлігін шыңдап, республикалық «JuniorSkills» және «BabySkills» байқауларына қатысты. Байқауда оқушыларға колледждің бірінші курс студенттеріне қойылатын деңгейдегі тапсырмалар берілді. Соған қарамастан, жас қатысушылар жоғары дайындықтарын көрсетті. Нәтижесінде сайысқа қатысқан 30-ға жуық оқушы жүлделі орындар мен арнайы марапаттарға ие болды.

Сол жеңімпаздардың бірі – №17 мектептің түлегі Александр Черныш. Ол «Теміржол локомотиві» бағыты бойынша үйірмеге қатысып, республикалық сайыста I орын жеңіп алды.

«Бұл салаға келуіме отбасым себеп болды десем болады. Әжем де, әкем де трансферлік вагон саласында жұмыс істеген. Үйірмеге қатысып жүріп, машинистің 394-кранын жинап-бөлшектеуді, редуктор мен стабилизатордың құрылысын және локомотивті басқаруды үйрендім. Үйірмеде алған білімім мен «JuniorSkills» сайысында 1-орын алғаным колледжге түсуіме септігін тигізді», – дейді Александр Черныш.

№10 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Алихан Сапабеков те үйірмеге ерте араласқан жастардың бірі. Ол 8-сыныптан бері колледждегі сабақтарға қатысып келеді. Алихан «Теміржол локомотиві» бағыты бойынша республикалық сайыста III орын алып, «Үздік маман» медалімен марапатталған.

«Үйірме түскі немесе кешкі ауысымда жұмыс істеген соң, ыңғайлы болды. Сабақтан кейін келіп, қатысып жүрдім. Мұнда электровозды жүргізуді, оның бөлшектерін жинауды және жарақат алған адамға алғашқы көмек көрсетуді үйрендім. 9-сыныпты бітірген соң осы тау-кен технологиялық колледжіне түсуді жоспарлап отырмын», – дейді Алихан.

Қазір Рудный тау-кен технологиялық колледжінде материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шеберханалар жөнделіп, құрал-жабдықтар заманауи талаптарға сай жаңартылуда. Жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін, қазан айынан бастап мектеп оқушыларын үйірмелерге қабылдаудың жаңа кезеңі басталады.

Колледж әкімшілігі мен өндірістік оқыту шеберлері қала мектептеріне арнайы ақпараттық хаттар жолдап, кәсіби бағдар беру кездесулерін өткізеді. Сонымен қатар ата-аналар жиналыстарына қатысып, балалардың болашақта қандай мамандықтарды таңдай алатыны туралы ақпарат береді. Қабылдау кезінде оқушылардың санына шектеу қойылмайды. Мектептерден түскен сұранысқа қарай 8, 9 және 10-сынып оқушыларының қалауы мен қызығушылығына сәйкес топтар жасақталады. Бұл жерде ең бастысы – оқушының ынтасы. Техникалық салаға қызығушылығы бар, жаңа нәрсе үйренуге құштар кез келген оқушы өзіне ұнайтын бағытты таңдай алады.

 

Жанарай

НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген

Даниил САЕНКО