Алаяқтар айласын қалай асырып жүр?

Сегіз айда алаяқтықтан 400 млн теңге шығын келген.

Интернеттегі алаяқтық дерегі азаяр емес. Алдыңғы жылдың есебімен салыстырғанда тіркелген қылмыс саны дерлік өзгермегенмен (сегіз айда 144 дерек), олардың сипаты мен келтірген залалы сұмдық. Рудный қалалық полиция басқармасы киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Бексұлтановтың сөзінше, сан жағынан өсім байқалмаса да, қылмыстың «сапасы» өскен.

Мәселен, ауыр санаттағы интернет-алаяқтық деңгейі 60 пайызға бір-ақ шарықтаған. Салдарынан, сегіз айдың ішінде рудныйлықтарға келген материалдық шығын 400 миллион теңгеден асып жығылды.

Бүгінде алаяқтардың ең өтімді әрі табысты айласы – «инвестиция арқылы тез байып кету» жүйесі. Полиция өкілі қылмыскерлердің тәсілі өзгергенін алға тартады.

«Өткен жылы алаяқтар әлеуметтік желілердегі таргетингтік жарнама арқылы тор құрып, құрбандарын өздері іздеген болса, биыл тұрғындардың өзі алаяқтардың аузына барып түсіп жатыр. Интернетті тінтіп, «үйден шықпай-ақ мол табыс тапсам» деген ниетпен күмәнді ресурстарға өздері жолығады. Ең үлкен шығын дәл осы инвестиция саласында тіркеліп отыр. Жалғыз баспанасын сатып, далада қалып жатыр. Ең сорақысы, мұндай қадамға барғанын отбасына, жарына да тіс жарып айтпайды», – дейді Нұрсұлтан Бексұлтанов.

Ал сол қаражатты қайтару неге қиын?

Полиция бөлімшесі басшысының сөзінше, мұндай істердегі негізгі түйткіл – қылмысты әшкерелеуде емес, жоғалған қаражатты кері қайтарудың өте күрделілігінде. Бұған дейін Азаматтық кодекстің 953-бабы («Негізсіз байлықты қайтару міндеті») нәтижелі жұмыс істеп, дропперлерден (қылмыстық ақшаны транзиттеу немесе қолма-қол ақшаға айналдыру үшін өз банк карталары мен шоттарын жалға беретін тұлғалар) қаражатты өндіріп алуға мүмкіндік бар еді. Ал қазір инвестициялық алаяқтық бойынша сот бұндай шешімдерді қолдамайды.

«Бұның басты себебі – ортада мәміле нышанының болуы. Яғни, адам бұл қадамға өз еркімен барып, барлық тәуекелді өз мойнына алып, ақша салған. Екіншіден, аударылған қаржы заматта электронды валютаға айналып, ғайып болады. Алаяқтардың қолына түскен ұлттық валюта ел ішінде қалмайды. Ордер криптоәмиян мен сан түрлі платформалар арқылы жүзеге асады. Ал кейбір криптоәмияндарды ашқанда тіпті жеке басты растау талап етілмейді, төлқұжат дерегін енгізудің де қажеті жоқ. Криптоәмиянды бұлтты сервисте 12 сағатқа немесе бір тәулікке ашып, алаяқтық операцияны жасап, электронды валютаны басқа әмиянға аудара салады. Созбаққа салынған инвестициялық схемалар бойынша сот жәбірленуші тарапты қолдамайтын себебі – заңсыз баю фактісі дәлелденбейді. Ортада мәміле бар: адам ақшаны алды, ары қарай электронды валютаны аударды. Сонымен, азаматтық кодекс аясында криптовалюташы жауапқа тартылмайды. Десе де, олар қылмыстық заңнама аясында жауап беріп қалуы мүмкін. Бұл – Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің құзыретіндегі іс. Атап айтар болсақ, криптовалютамен айналысу үшін жеке кәсіпкерлік ашып, Қаржылық мониторинг агенттігінен арнайы лицензия алу шарт. Карапайым азаматтардың бұндай операцияларды жүзеге асыруға құқығы жоқ, бұл – қылмыстық жазаланатын әрекет», – деп түсіндірді Нұрсұлтан Бексұлтанов.

Дәстүрлі дропперлер арқылы жасалатын айла-шарғылар да көбейген. Енді ұлттық валютаны электронды валютаға айырбастайтын азаматтарды қармаққа іліктіруде. Барлық әрекет электронды валюта саудалайтын платформалар арқылы өтеді. Валюта айырбастаушыға жасырын есіммен хабарласып, теңгені USDT, USDTS немесе биткоин сияқты электронды валютаға айырбастағысы келетінін айтады. Мұндай валютаның 12 мыңдай түрі бар. Келісім жасалған соң, айырбастауды мойнына алған адам өзінің шетелге ақша шығару бойынша алаяқтық схеманың қатысушысы болып шыққанын сезбей де қалады.

Полиция өкілі интернет-алаяқтыққа ұшыраған жағдайда банктен кінә іздеудің ретсіз екенін де баса айтты. Өйткені банк ақшаны үшінші тұлғаға емес, клиенттің өзіне береді. Ал азаматтың ол қаржыны қайда, қалай жұмсайтыны – өз еркі.

Қиындықтарға қарамастан, бұл салада оң серпін де бар. Интернет-алаяқтықтың ашылу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 2,8 пайыздан 10,13 пайызға дейін өскен. Ауыр санаттағы алаяқтықтың ашылуы да 5 пайыздан 27,1 пайызға дейін артты.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға сақтық шараларын тағы бір мәрте еске салады. Бейтаныс адам телефон арқылы құпия кодты, парольді, банк шотының деректерін немесе басқа да жеке ақпаратты сұраса, айтпаңыздар. Мұндай қоңырауларға күмәнмен қарап, байланысты бірден үзген дұрыс. Сондай-ақ оңай табыс уәде ететін, бірақ сенімділігі күмәнді инвестициялық жобаларға ақша салудан және тексерілмеген сайттардан тауар сатып алудан сақ болған жөн. Ал онлайн сауда жасап немесе несие рәсімдеген кезде асықпай, төлем жасамас бұрын қаражаттың нақты кімге жіберілетінін және көрсетілген деректердің дұрыстығын тексеріңіздер.

Арай АХМЕТ,

сурет интернеттен

алынды