«Еңбексіз келген табыс береке әкелмейді»

Рудныйдың Бас имамы құмар ойындардың діни астарын түсіндірді

Қоғам өміріне кесел болып жабысқан келеңсіз құбылыстың бірі – лудомания. Өкінішке қарай, бұл дерт, әсіресе, жастар арасында кеңінен тамыр жайып, талай шаңырақтың шайқалуына, қаншама азаматтың өмірден түңіліп, қайғылы жағдайға ұшырауына себепкер болуда. Оңай олжа табуды, тер төкпей байып кетуді көздегеннің арты үлкен қасіретке айналып жатқаны жасырын емес. Бұл мәселенің діни әрі әлеуметтік астары төңірегінде Рудный қаласының «Нұр» мешітінің бас имамы Серік Рахым ақпарат берді.

Серік Рахымның сөзінше, дінде маңдай термен келмеген, оңай жолмен табыс табуды көздейтін кез келген әрекетке қатаң тыйым салынған.

«Құмар ойындары бұл дүниеде де, дінімізде де тыйым салынған. Оған дәлел – Құрандағы «Мәида» сүресінің 90-шы аяты. Мұнда осы аяттар «сендерге өлексе, аққан қан, майсир…» деп келеді. «Майсир» дегеніміз – жеңіл жолмен табыс табу, оңай жолмен қаржы немесе байлыққа кенелудің жолы болып көрінеді. Бірақ мұндай әрекет адамды әбден машықтандырып, ертең құлшылықтан тосады, жұмысынан айырады», – дейді «Нұр» мешітінің бас имамы.

Шариғат бойынша, ұтыс сипаты бар, қаражат тігіліп ойналатын кез келген ойын құмар ойынының санатына жатады. Тіпті күнделікті өмірде қарапайым болып көрінетін нарды немесе карта ойындарының өзі, егер олар ақшаға немесе ұтысқа айналатын болса, осы қатарға енеді. Басында ақша тікпей-ақ көңіл көтеру үшін ойнағанның өзі соңы бара-бара үлкен ұтыс ойындарына, соңында қарызға батып, күйзеліске түсуге алып келеді.

Бас имам дінде салауатты өмір салты, дене шынықтыру және уақытты тиімді пайдалану қолдау табатынын атап өтті:

«Басқа да спорттық ойындар бар, дене шынықтыру, уақытты текке ысырап қылмау, денсаулыққа пайдалы нәрселерді қолдану. Ал мына ұтыс ойындары, лудомания дейміз қазіргі тілмен айтқанда – бұларға біз қоғам, ел болып қарсы тұруымыз керек. Жастарды осындай нәрседен сақтандыруымыз қажет».

Құмар ойынға салынған адам бара-бара өз-өзін бақылаудан қалады. Бас имамның айтуынша, ауданда қызмет еткен жылдары осындай сорақы жағдайлардың талайына куә болған. Мәселен, несие алып, бар жиған-тергенін, тіпті той жасауға қарастырған қаржысын ұтысқа тігіп жібергендер аз емес. Сол қарызды қайтара алмай, ақыр соңында өзіне қол жұмсаған қайғылы оқиғалар да кездескен. Мұндай жағдайлар отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, ажырасуға, ата-ананы соңы сөгілмейтін уайымға батырады. Баланы өсіріп, тапқан ақшасын ұтыс ойынға салып қоюы – қоғамдағы өте үлкен ауыр дерт. Мұның бәрі – «оңай олжаға» жетелейтін алдамшы психологияның кесірі. Ұлы Абай хакім айтқандай: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Адам баласына маңдай терімен, адал еңбегімен тапқан ризығынан артық береке де, қайыр да жоқ.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Пәтуа бөлімі тарапынан лудомания, яғни құмар ойындарының зияны мен оның шариғаттағы орны туралы арнайы пәтуалар шығарылған. Күнделікті мешіттерде өтетін уағыз-насихаттарда, жамағатқа арналған дәрістерде және пәтуа сағаттарында бұл мәселе жан-жақты түсіндіріліп келеді. Дегенмен, заң аясында кейбір тыйымдар салынғанымен, заманауи технологияның дамуы дерттің өзге сипат алуына жол ашты. Телефон арқылы қолжетімді болған онлайн-ойындар, букмекерлік ставкалар жастарды түн ауғанша экранға байлап қоюда.

Сұхбат соңында «Нұр» мешітінің бас имамы Серік Рахым бұл мәселеге бүкіл қоғам болып жұмылу қажеттігін баса айтты. Діни өкілдер, психологтар, әлеуметтанушылар, білім беру саласының мамандары мен әрбір отбасы белсене араласуы тиіс. Ата-ана перзентінің бос уақытын, немен айналысып жүргенін бақылауда ұстап, жеңіл жүріспен келген ақшаның ешқашан пайда бермейтінін бала жасынан санасына сіңіруі керек екенін де ескертті.

 

Жанарай

РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген

Даниил САЕНКО