Рудныйлық әуесқой әнші

«Алые паруса» орталығының әдіскері ауқымды концерттерді ұйымдастырудың қиындығы мен өнері жайлы сыр бөлісті

Рудныйдың мәдени өмірі үнемі қозғалыста. Бірінен соң бірі өтетін концерттер, түрлі байқаулар мен мерекелік іс-шаралар тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Ал мұның артында қаншама адамның маңдай тері, тынымсыз дайындығы мен ұйқысыз түндері жатқаны көбіне тасада қала береді. Осындай жауапты міндетті мойнына алып, қаланың мәдени сахнасын жандандырып жүрген жандардың бірі – «Алые паруса» орталығының әдіскері Фариза Абдуахитова. Өзін кәсіби әнші емес, әуесқой санайтын кейіпкерімізбен шағын сұхбат өрбітіп, оның өнерге деген құштарлығы, сахна артындағы қызығы мен қиындығы мол жұмысы жайлы сөйлескен едік.

«Жасым 24-те. Өнер жолым кішкентай кезімнен басталды. Бала жастан сахнаға шығып, ән айтып жүрдім. Оқуымды аяқтаған соң, бірден мәдениет саласына жұмысқа орналастым. Содан бері осы салада еңбек етіп келемін. Негізі бала күнімде биші боламын дейтінмін. Биге өте әуес едім, бірақ кейін қалай әнге ауысып кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Әрине, бұл сапарда ата-анамның қолдауы зор болды. Әкем домбыра тартып, жақсы ән айтады. Маған сол кісінің дауысы, өнерге деген икемі дарыған сияқты», – деп басталды сұхбатымыз.

– Репертуарыңызға қарап, әртүрлі тілде еркін шырқайтыныңызды байқадық…

– Орысша, қазақша, ағылшынша әндерді қатар орындаймын. Дегенмен іштей ағылшын тіліндегі туындылар жаныма жақынырақ. Репертуарымда әлемге танымал Адель, Рианна, Бейонсе сияқты жұлдыздардың шығармалары бар.

– Сондай-ақ жоғары нотадағы күрделі әндерді жиі таңдайсыз. Музыкалық біліміңіз бар ма, әлде арнайы курстарға қатыстыңыз ба?

– Мен – бастауыш сынып мұғалімімін, яғни кәсіби әнші емеспін. Өз бетімше айтып жүрген әуесқоймын. Соған қарамастан, тыңдармандарым «кәсіби мамандардан кем айтпайсың» деп жатады. Әуенді мұқият тыңдап аламын да, содан кейін қайталап, орындап көремін. 2021 жылы қаламыздағы Ыбырай Алтынсарин атындағы колледжді бітірген соң, мәдениет саласына қадам бастым.

Фаризаның негізгі міндеті – қалалық деңгейдегі байқаулар мен іс-шараларды ұйымдастыру, қатысушылармен тығыз байланыс орнату. Мерекеге дайындық өтетін шараның жауапкершілігіне қарай жоспарланады. Егер ауқымды жиын болса, оған бір-екі ай бұрын кіріседі. Алдымен іс-шараның мақсатын айқындап, кейін сахнаға шығатын ұжымдар мен әншілердің тізімін түзеді.

«Дайындық барысы өте қызықты, бірақ оңай емес. Көрермен үшін екі сағаттық концерт бір мезетте өткенімен, оның артында қаншама дау-дамай, үлкен еңбек пен тынымсыз ізденіс жатыр», – дейді Фариза.

– Дайындық қай жерде өтеді? Жұмыс орныңыз жайлы айта кетсеңіз.

– Ұйымдастырушылық қызметте жүргенім шығармашылығымды дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Өйткені арнайы дайындалатын орын бар, ондай жағынан қиыншылық жоқ. Қаламызда мәдениет саласын өрге сүйреп тұрған екі үлкен орталық бар: оның бірі – «Орбита», екіншісі – өзім жұмыс істейтін «Алые паруса» орталығы. Ұжымымыз Қостанай облысы бойынша көш бастап тұр десем, артық айтқандық емес. Жақында өткен облыстық байқауда бірінші орынды еншіледік, ал оған дейін Гран-при жеңіп алған едік. Жұмысымды, ұжымымды мақтан тұтамын.

– Ең алғаш сахнаға шыққан кезіңіз есіңізде ме?

– Алғаш рет қалалық саябақта, Қарттар үйі тұрғындарының алдында ән айттым. Ол кезде ешқандай тәжірибем жоқ еді. Кейін әріптестерім бағыт-бағдар беріп, сахнада өзімді қалай ұстауды, қозғалуды үйретті. Сол әріптестерімнің қолдауының арқасында осындай дәрежеге жеттім деп ойлаймын.

Өнерге қадам басуға жүрексінетін жастарға «Ешқашан қорықпау керек. Алғашқыда мен де жасқандым. Алайда барлық кедергіден өтіп, өзіңді көрсете білуің қажет. Дауысты дамытып, үнемі ізденіп, өзіңмен жұмыс істеген жөн» деген кеңес берді.

– Болашақта жеке студия ашу немесе кәсіби әншілікке біржола өту ойда бар ма?

– Бала кездегі басты арманым әнші болу еді. Бірақ есейе келе қызығушылығым өзгерді. Қазір ән айту – хоббиім. Оған қарағанда ұйымдастырушылық қызметім бірінші орында тұр. Негізі кәсіби деңгейге өту ойда бар, бірақ сәл кеш сияқты… Дегенмен шын ынтам болса, дайындалып, бағымды сынап көруге болады.

Мүмкін, уақыт өте келе ұйымдастырушылық тәжірибе мен өнерге деген талпыныс жаңа шығармашылық бағытқа жол ашар.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО