Қайыркеновтер әулетінің 40 жылдық тарихы
Отбасы – әр адамның алтын бесігі, шағын мемлекеті. Қай заманда болмасын, берекесі жарасқан шаңырақ – ұрпаққа үлгі. 40 жылдан астам уақыт бірге ғұмыр кешіп келе жатқан Қайыркеновтер отбасы – осының айғағы.

Қарапайым еңбекпен өмір сүріп, ұрпақ тәрбиелеп отырған Серік ағай мен Шамшия апайдың әңгімесі бүгінгі жасқа ой салмай қоймайды.
«Біз қазір зейнеткерміз. Өзім комбинаттан зейнетке шықтым, жұбайым өмірін мектепке арнап, ұстаздықтан зейнеткерлікке жетті. Міне, 40 жылдан астам бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Шүкір, бәрі жақсы, денсаулығымыз бар, балаларымыз бен немерелеріміздің амандығын көріп отырғанымыз – ең үлкен бақыт», – дейді отағасы Серік Қайыркенов.
«Үш қызымыз бар. Үшеуі де өз алдына отау құрып, шаңырақ көтеріп отыр. Әрқайсысының өз жолы, өз бақыттары бар. Біз үшін ең үлкен қуаныш – солардың амандығын көру. Мен де ұзақ жылдар бойы мектепте ұстаздық етіп, кейіннен зейнеткерлікке шықтым. Қазір қолымызда кенже немереміз бар, ол 8-сыныпта оқиды. Үйдің сәні де, шаттығы да сол. Қолымыздағы немеремізбен бірге сабақтарына көңіл бөліп, тәрбиесіне үлес қосып отырмыз. Ал қалған немерелеріміз жиі келіп, үйімізді думанға бөлейді», – дейді жары Шамшия Қайыркенова.
Олардың танысу тарихы да әсерлі естелікке толы.
«Жалпы таныстыққа келетін болсақ, 1977 жылы Арқалықтағы пединститутқа түстім. Сол кезде ауыл шаруашылығы саласында да еңбек еттім. Жастар жиналып, кешкі биге баратынбыз. Сол жерде таныстық. Кейін хат жазысып тұрдық. Ақырында 1984 жылы отау құрдық. Бұл кісінің бойындағы адамгершілік қасиеті ұнайды. Адамды сыйлап, әрбір сөзіне аңғарып қарайды. Отау құрған соң 10 жылдай ата-енемен бірге тұрдық. Үйдің үлкені болғандықтан біз солардың қасында болдық. Бастысы – сыйластық деп ойлаймын. Жастайымнан үйдің еркесі болсам, тұрмыста да ата-енем маған еркелете қарады. 2003 жылы осында қоныс аударып, міне, 22 жыл болды», – дейді Шамшия апай.
«Өмірдің суығын да, ыстығын да бірге көріп келеміз. Бәріне адал еңбегімізбен жеттік, ешкімнен кем болған жоқпыз. Өзім ұзақ жыл жүргізуші болып нәпақамды таптым, жолаушыны діттеген жеріне жеткізіп, елдің батасын алып жүрдік. Қазір жайлап демалып, немере-шөбере қуанышына бөленіп отырмыз. Саяжайымыз бар, жаз айларында сонымен айналысамыз, жер жыртып, егін егіп, бақшамыздан өнім тереміз. Қара топырақпен айналысқанға жанымыз рахат табады. Ол да бір бой сергітіп, көңілге қуаныш сыйлайтын тірлігіміз», – дейді Серік ағай.
«Ерекше қасиеті – кітап пен газет-журнал оқуға құмарлығы. Кей кездері түнгі 3-ке дейін шам жағып, газет ақтарып, жаңалықты қалт жібермейтінбіз. Қайта-қайта ой бөлісіп, талқылап отыру әдетке айналған. Осы қасиеті балаларымызға да дарыды, қазір немерелеріміз де кітап оқуға әуес. Жастарға айтар ақылымыз – шыншыл болып, үлкенді сыйлау, ата-ананың батасын алу. Әрбір сөзіне, әр ісіне жауап бере алатындай, елге пайдасын тигізетін, адал ұрпақ болса екен деп тілейміз. Тек білімді ғана емес, тәрбиелі, ізетті, адамгершілігі мол болып өссе – біз үшін одан асқан қуаныш жоқ», – дейді Шамшия апай.
«Жақсы өмір сүріп, отбасылары аман болсын. Біздің жолымызды берсін, біз сияқты зейнеттің рахатын көрсін. Қайда жүрсе де аман болсын дейміз», – дейді отағасы.
Бұл әулеттің ең үлкен ұстанымы – шаңырақтың ынтымағын сақтау.
Жастарға не айтамыз десек, отбасы – шағын мемлекет. Сол мемлекетті сақтап ұстаса, еліміз де дамиды. Сол тілегіміз – 11 немереміз бар. Біреуі ғана қолымызда тұрады. Ұлағатты сөздерімізді айтып, тәрбие беруге тырысамыз, – дейді Шамшия Қайыркенова.

Бұл сөздерден-ақ апамыздың өмірлік ұстанымын, жүрек түкпіріндегі шынайы тілегін аңғаруға болады. Отбасы – қоғамның алтын қазығы, ал оның берекесі мен ынтымағы елдің тұтастығына, дамуына тікелей әсер етеді. Немерелеріне үнемі ұлттық тәрбие беріп, ата-бабаның аманатына адал болуды үйретіп жүрген әженің ақылы – бүгінгі жас буын үшін баға жетпес қазына.
«Біз көрген қиындықты немерелеріміз көрмесін, біз көрген жақсылықты олар еселеп көрсін деп тілейміз. Әрбір шаңырақтың шамы сөнбей, оты маздап жанса, сол – біздің ең үлкен арманымыз. Немерелеріміздің әр жетістігіне қуанып, олардың амандығы үшін дұға етеміз. Бүгінде біреуін ғана қолымызда бағып отырмыз, ал өзгелері өз отбасымен, өз тіршілігімен шүкір, бақытты. Бірақ бәрінің жүрегі бізге жақын, үнемі хабарласып, хал-жағдайымызды сұрап тұрады. Осындай сыйластықтан артық байлық жоқ қой», – деп тебірене қосып өтті Шамшия апай.
Серік ағай да жарының сөзін іліп әкетіп:
«Осы кісінің сөзіне қосыламын. Жақсылықтан басқа не тілейміз? Құдай әр отбасына ынтымақ, береке, денсаулық берсін. Біз үшін бастысы – ұрпағымыздың амандығы, ата-анасын сыйлап, елін құрметтеп өскені. Егер солай болса, еңбегіміздің ақталғаны», – деп ризашылықпен түйіндеді. Қайыркеновтер отбасы – берекенің, сыйластықтың, өзара құрметтің символы. 40 жылдық тарихы бар шаңырақ бүгінде 11 немере сүйіп отыр. Ең үлкен байлықтары – ұрпақ тәрбиесі мен елге қалдырған өнегесі.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ