Қиырдан келсе қандастар

Қалада құқықтық түсіндіру жұмыстары жалғасуда

Рудный қаласында қандастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған кезекті кездесу өтті. Жастар ресурстық орталығында ұйымдастырылған жиынға денсаулық сақтау, білім беру, көші-қон полициясы, Мансап орталығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандары және басқа да салалардың өкілдері қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – тарихи отанына оралған қандастардың жаңа қоғамға бейімделуіне көмектесу, құқықтық ақпарат беру және олардың өзекті мәселелеріне заң шеңберінде жауап беру.

Рудный қалалық емханасының медициналық бөлімінің орынбасары Жандос Рахметов қандастарға көрсетілетін медициналық қызметтердің тәртібі туралы баяндады.

«Бүгінгі таңда Рудный қалалық емханасында Өзбекстаннан көшіп келген қандастарымызға, егер қандас мәртебесі болса, олар Қазақстан азаматтарына тең дәрежеде №028 нөмірлі медициналық анықтаманы тегін ала алады. Ал қандас мәртебесі жоқ жағдайда олар әлі де Өзбекстан азаматтары ретінде есептеледі, сондықтан №028 форманы ақылы түрде рәсімдеу қажет», – деді ол.

Сонымен қатар, балаларға қатысты да түсіндірме берілді. Мектепке қабылдау үшін №052 нөмірлі денсаулық паспорты талап етіледі, ол емханада тегін беріледі. Жандос Рахметовтің айтуынша, кей жағдайда №028 форманы алу барысында созылмалы аурулар анықталып, диагноз қою мен ем тағайындауға қосымша уақыт қажет болуы мүмкін.

«Осындай сәттерде қандастардың уайымға салынып жататыны рас. Олар форманы тезірек алып, толыққанды өмір сүргісі келеді. Бірақ, медициналық тексеру барысында аурудың бар-жоғын нақтылау үшін уақыт қажет. Бұл тұрғыда біз қандастарға жан-жақты түсіндірме беріп, қолдау көрсетеміз. Емханаға жүгінушілер саны көп. Ақпараттық жиындарды біз жүйелі түрде өткізіп келеміз. Жиындарға әрбір мемлекеттік органның өкілдері қатысып, өз құзыреті аясында жауап береді. Бұл – құқықтық сауаттылықтың артқанының айғағы», – деді Рудный қалалық емханасының медициналық бөлімінің орынбасары.

Кездесу барысында қандастар тарапынан мектепке қабылдау, жұмысқа орналасу және квота мәселелері бойынша сұрақтар жиі қойылды. Ұйымдастырушылар барлық қандастарға алдын-ала хабарласып, жиынға арнайы шақырғанын атап өтті.

Рудный қалалық карьерлік орталығының маманы Эльвира Жилкибаева квота мәселесіне тоқталды:«Біздің орталыққа көбінесе қандастар квота жайлы сұрақтармен келеді. Қазіргі таңда көші-қон квотасы уақытша тоқтатылған. Келесі жылға қатысты нақты ақпарат жаңа жылдың басында белгілі болады. Әзірге ресми статистика жоқ, біз облыстық басқарманың мәліметін күтеміз. Қандастар квотаға өтініш бергенде арнайы құжаттар тапсырады, отбасы құрамы ескеріледі. Жалпы алғанда, квота – белгілі бір адам санына бөлінетін мүмкіндік. Соңғы жылдары бізге жүгінушілер саны бұрынғыға қарағанда азайды».

Жиын «Бақыт біздің бойымызда» қоғамдық қорының өкілдері де сөз сөйледі. Қор бірнеше жылдан бері репатрианттарды қоғамға әлеуметтік бейімдеуге бағытталған екіжылдық жобаны жүзеге асырып келеді.

«Жоба шеңберінде қандастарға қандай жеңілдіктерге үміткер бола алатынын, құжаттарды қалай рәсімдеу керектігін, қай ұйымдарға жүгіну қажеттігін толық түсіндіреміз. Осы мақсатта ақпараттық кездесулер ұйымдастырамыз. Бұл қандастарға тұрғын үй кезегіне тұру, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері мен жаңа ортаға бейімделудің басқа да бағыттары жөнінде нақты ақпарат алуға жағдай жасайды. Бұрынғы жылдары кездесулерге 40–50 адамға дейін қатысатын. Соңғы уақытта қатысушылар саны азайды, оның басты себебі – квота берілмеуі. Дегенмен басқа да өзекті сұрақтар жеткілікті: балаларды мектепке немесе балабақшаға орналастыру, құжат рәсімдеудегі қиындықтар, тұрмыстық мәселелер. Осы бағытта біздің арнайы ассистенттер жұмыс істейді: олар қандастарға жеке кеңес беріп қана қоймай, қажет болса, мемлекеттік органдарға бірге ертіп апарады», – деді жобаның кеңесшісі Ирина Федерчук.

«Бақыт біздің бойымызда» қоғамдық қорының өкілі соңғы жылдары қандастардың құқықтық сауаттылығы айтарлықтай артқанын да атап өтті. Бұрынғыдай жалған ақпаратқа алданып қалу немесе алаяқтық жағдайлары сирек кездеседі. Бұл – мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігінің және жобаның нәтижелілігінің көрінісі.

Сонымен қатар, жоба аясында жастарға арналған іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысатын бұл шараларда халықаралық достық, келісім және толеранттылық тақырыптары қамтылады. Жақында «Отбасы күніне» орай фестиваль өткізу жоспарланып отыр. Қатысушылардың бір бөлігі тіркеліп қойған, дегенмен өтініш қабылдау әлі жалғасуда.

Кездесу барысында қандастар тарапынан қойылған барлық сұрақтарға сала мамандары заң аясында толық әрі нақты жауап берді. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *