Табиғат жанашырларының басқосуы

№11 мектепте жыл сайынғы «Тырналар ұшады» қалалық фестиваль-байқауы өтті

№11 жалпы білім беретін мектепте он жылдан астам уақыт бойы өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің маңызды алаңы болып келе жатқан дәстүрлі «Тырналар ұшады» қалалық фестиваль-байқауы ұйымдастырылды. Биылғы шараға 169 қатысушы – мектеп оқушылары, балабақша тәрбиеленушілері мен педагогтар жиналды.

2012 жылдан бастап аталған білім ордасының өзіндік ерекшелігіне айналған бұл фестиваль жыл сайын экологиялық ұйымдар таңдаған белгілі бір құс түріне арналады. 2026 жылы басты назар қараторғайға аударылды. Қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетіп қана қоймай, өзекті экологиялық мәселелер мен оларды шешу жолдарын қамтитын жобаларын ұсынды.

Байқау бірнеше номинация бойынша өтті, олардың қатарында «Әлеуметтік бейнеролик» және «Қараторғай туралы мультфильмдер» бағыттары бар. Рудный қалалық білім бөлімінің Ақпараттық технологиялар орталығының басшысы Антон Работин атап өткендей, қатысушылар жоғары шығармашылық деңгей көрсетіп, заманауи құралдарды, соның ішінде жасанды интеллект элементтерін де белсенді қолданған. Жұмыстардың негізгі тақырыптары – қаладағы қоқыс мәселесі мен құстардың тіршілік етуіне қажетті жағдайдың жетіспеушілігі болды.

– «Әлеуметтік бейнеролик» және «Қара сайрақ туралы мультфильмдер» номинациялары болды. Оларға берілген тапсырма қарапайым: әлеуметтік өмір мен қоғамдық мәселелер туралы ролик дайындау, ал мультфильмдерде қараторғайдың бейнесін сипаттап, көрсету қажет болатын. Нәтижесі біз күткеннен де асып түсті, өте қызықты жұмыстар ұсынылды. Балалардың шығармашылық ізденіс танытып, жаңа құралдарды қолданатынын, тіпті роликтің кейбір сәттері мен кадрларын жасауға жасанды интеллектіні пайдаланатынын байқадық. Қаламыздың кішкентай тұрғындарының бұл бағытқа қызығушылық танытатыны көрінді. Көтерілген негізгі әлеуметтік мәселелер – қаладағы қоқыс пен құстардың ұя салатын мекенінің жоқтығы, – деді ол.

Қазылар алқасы жұмыстардың идеялық ерекшелігіне, көркемдік мәнеріне және орындалу сапасына баса назар аударды. Антон Работиннің айтуынша, үздіктерді анықтау оңайға соқпаған, себебі көптеген жобалар жоғары деңгейімен және соны тәсілдерімен ерекшеленді.

Фестиваль балалар мен педагогтарды қамтитын 12 номинация бойынша өтті. Қатысушылар суреттер мен қолөнер бұйымдарын, би нөмірлері мен авторлық өлеңдерін, сондай-ақ ғылыми жобалар мен әдістемелік әзірлемелерін ұсынды. Биыл шараның инклюзивті бағыты да кеңейе түсті: ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін бөлек номинация енгізілді.

№11 мектептің директоры Айнажан Бұрбаева қатысушылардың дайындық деңгейі айтарлықтай өскенін атап өтіп, фестивальдің жай ғана байқау шеңберінен шығып, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды құралына айналғанын тілге тиек етті.

– Жыл өткен сайын фестивальдің мазмұны байып, сапасы артып келеді. Егер бұрын жұмыстар белгілі бір қалыппен ғана орындалса, бүгінде бұл – балалардың табиғатты қорғауға қосқан саналы үлесі. Оларда экологиялық ойлау жүйесі қалыптасып, қоршаған ортаның болашағы өздеріне байланысты екенін түсінуде, – деп атап өтті ол.

Директордың айтуынша, көптеген жобалар кейіннен облыстық деңгейде жалғасын тауып жатады. Фестиваль қатысушылары түрлі экологиялық байқауларда жеңімпаз атанып, бастамаларын жүзеге асыруда. Бұл істе оқушылар мен ұстаздардың басын біріктірген «Жасыл пульс» мектепшілік экологиялық клубы ерекше рөл атқарады.

– Балалар мен педагогтардан құралған «Жасыл пульс» экологиялық клубы белсенді жұмыс істейді. Бұл қозғалыстың негізі мектебіміз экологиялық бағытта жұмыс істеген 90-жылдары қаланған болатын. Сол кезден бастап мұғалімдер мен оқушылар шағын топтарда еңбек етті. Ал өткен жылы ұжым мен оқушылардың, мектептегі өзін-өзі басқару ұйымының ортақ шешімімен бұл қозғалысқа ресми мәртебе беріп, оны клуб ретінде бекіттік. Балалар «Жасыл пульс» деген атауды таңдады. Өз эмблемамыз, арнайы киімдеріміз бар. Бұл қозғалыстың нәтижесі де, болашағы да зор деп есептеймін. Табиғатты біз құтқармағанда, кім құтқарады? – деп толықтырды клуб мүшесі, мектеп директоры Айнажан Халиханқызы.

Басқа білім ордаларынан келген қатысушылар да жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, №14 мектептің оқушылары «Зерттеу жұмысы» секциясында Қостанай облысының басты күретамыры – Тобыл өзенін сақтау мен қорғаудың маңыздылығын баяндап, арнайы жоба ұсынды. Нәтижесінде олар бас жүлдені иеленді.

– Біздің жұмысымыз, егер адамдар табиғатты ластауды тоқтатпаса, болашақта не болатынын көрсетеді, – деді 10 жасар Камила Жүсіпбекова. Ол жобаны дайындауға бір апта уақыт жұмсағанын атап өтті. Туынды негізінен картоннан және түрлі тұрмыстық қалдықтардан жасалған.

Су айдындарының ластану мәселесіне арналған Ева Нейманның жұмысы да үлкен қызығушылық тудырды.

– Біз өзеннің бетіне қарап, жүзіп жүрген балықтарды ғана көреміз. Бірақ оның түбінде не жатқаны туралы ойланбаймыз. Ал өзен түбінде балықтар мен барлық тіршілік иесін жоятын қоқыстар мен шыны сынықтары жатқаны бәрімізге мәлім. Менің дельфин бейнесіндегі жұмысым кенептегі сурет сияқты картоннан және түрлі қалдықтарды пайдалану арқылы жасалды, – деп бөлісті ол.

Техникалық бағыттағы жобалар да назардан тыс қалған жоқ. №10 мектеп-гимназиясының үшінші сынып оқушысы Сүлеймен Есіпбаев су ағынымен жұмыс істейтін су электр станциясының моделін таныстырып, бірінші орынды иеленді.

– Су электр станциясының жобасы су ағынының күшімен жұмыс істейді. Мен оны краннан аққан судың көмегімен көрсетіп бердім. Құлаған су турбинаны айналдырып, генераторды іске қосты. Генератор арқылы қуат аккумуляторға жиналып, содан кейін барып жарық қосылды. Бұл жоба экологиялық таза энергия өндіру үшін өте қажет. Жобаны дайындауға шамамен 2-3 күн кетті. Оны жасауға әкем көмектесті, – деп әңгімеледі оқушы.

«Тырналар ұшады» фестиваль-байқауы – экологиялық тәрбиенің алтын арқауына айналған жоба. Фестиваль барысында оқушылар қоршаған ортаға деген жанашырлық пен жауапкершіліктің нағыз үлгісін көрсетті. Жас зерттеушілердің әрбір жұмысы мен ұсынған тың идеялары экологиялық проблемаларды терең түсінуден туған.

Бұл бастаманың нәтижесі тек марапаттармен өлшенбейді. Ең басты жетістік – мектеп қабырғасынан бастап қалыптасқан эко-сана. Жоба аясында ұсынылған үздік идеялар алдағы уақытта жергілікті деңгейде іске асырылып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға септігін тигізеді деп күтілуде.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Елена ВОРОНИНА