Рудный музыкалық колледжінде қобыз өнерін машықтап жүрген ұстаз еңбегі
Музыка – адамзатпен бірге жасап келе жатқан ең көне өнердің бірі. Ал қазақ халқы үшін музыка – тек әуен ғана емес, ол тарих, тағдыр, рухани мұра. Сол асыл мұраның бірі – қобыз.
Қобыз – қазақ халқының ең көне музыкалық аспаптарының бірі. Аңыздарда оның шығу тегі ұлы ойшыл, күйші Қорқыт ата есімімен байланысты айтылады. Ел ішінде «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген аңыз кең тараған. Мәңгілік өмірді іздеген Қорқыт қай жерге барса да көр қазып жатқан адамдарды көреді. Содан өмірдің өткіншілігін түсініп, ағаштан аспап жасап, қыл тартып, ысқышпен күй шерткен дейді.
Ұлттық өнердің осы бір қастерлі аспабын жас ұрпақтың санасына сіңіріп, үйретіп жүрген білікті ұстаздардың бірі – Рудный музыкалық колледжінің оқытушысы, мәдениет саласының үздігі Баян Белгібаева.

– Мектепте оқып жүргенде әртүрлі үйірмелерге қатыстым. Домбыраны алдымен өз бетімше, құлақпен үйрендім. Кейін бесінші сыныпта домбыра сыныбына түсіп, бірнеше жыл оқыдым. Сол қызығушылығым мені Арқалықтағы музыкалық училищеге алып келді. Оқу барысында ұстаздарым қабілетімді байқап, қобыз сыныбына ауыстырды. Кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдап, кәсіби музыкант ретінде еңбек жолымды бастадым.
1990 жылы Арқалық музыкалық училищесінде алғашқы педагогикалық қызметімді бастадым. 1999 жылы Қостанайға көшіп келіп, педагогикалық колледжде қызмет атқардым. Ал 2011 жылы Рудный музыкалық колледжіне ауысып, күні бүгінге дейін осы қара шаңырақта қызмет атқарып келемін, – дейді ұстаз.
Баян Жұмағалиқызы бұл оқу орнына келген кезде мұнда тек домбыра сыныбы ғана болған еді. Ол ұлттық бөлімнің аясын кеңейтуге, аспаптардың түрін көбейтуге зор үлес қосқан.
– 2012 жылдан бастап арнайы қобыз сыныбын аштық. Жалпы, қобыздың бірнеше түрі бар екенін білуіміз керек. Ең көне түрі – қыл қобыз. Ал қазіргі заманауи оркестрлік үлгісі – прима қобыз. Оның төрт темір шегі болады, ысқышпен ойналады және дыбыс диапазоны өте кең келеді. Бұл аспап ХХ ғасырдың 30-жылдары қазақтың тұңғыш халық аспаптар оркестрі құрылған кезде кәсіби деңгейде жетілдіріле бастады. Ертеде қобызды бақсылар мен шамандар емдік мақсатта қолданса, уақыт өте келе ол кәсіби музыкалық аспапқа айналып, оркестрлерден берік орын алды. Біз колледжде қыл қобыз, прима қобыз, дәстүрлі ән және контрабас сияқты бағыттарды енгізіп, қазақ бөлімін айтарлықтай кеңейттік.
Колледжде студенттер тек аспапта ойнауды ғана емес, жан-жақты музыкалық білім алады. Арнайы пәндер қатарында негізгі аспап, ансамбль, оркестр, музыка теориясы, әдебиет және шет тілі бар, – дейді ол.
Төрт жылдық оқуды аяқтаған студент толыққанды кәсіби маман болып қалыптасады. Олардың алдында кең мүмкіндіктер ашылады: мәдениет үйлерінде үйірме жетекшісі, мектептер мен балабақшаларда музыка пәнінің мұғалімі болуға құқылы. Ұстаздың айтуынша, бұл мамандық иелері ешқашан жұмыссыз қалмайды.
– Бүгінде қобыз өнеріне деген қызығушылық туралы не айтар едіңіз?
– Жыл сайын студент саны көбейіп жатыр. Байқауларда да нәтижелеріміз бар. Оған дәлел – студенттердің халықаралық және республикалық байқаулардағы жеңістері. Мәселен, оқушым Бибінұр Қадір республикалық байқауда жүлделі екінші орын иеленді.
Бибінұр Қадір – үшінші курс студенті, ол қобызды тоғыз жасынан серік еткен. Оның өнерге келуі кездейсоқ емес.
– Мен музыкалық мектепте оқып, оны қызыл аттестатпен бітірдім. Кішкентай кезімнен концерттерге қатысып, түрлі байқауларда өнер көрсетіп келемін. Қобыз – менің алғашқы махаббатым десем болады. Біздің отбасымыз түгелдей музыканттар. Әжем Қостанай филармониясында 45 жыл жұмыс істеген. Анам – теоретик, әкем – домбырашы. Сондықтан музыкаға деген сүйіспеншілік қанымда бар, – дейді қобызшы.
Студент алғашында қобызды меңгеру оңай болмағанын жасырмайды. Оның айтуынша, алғашқы кезде саусақтары ауырып, аспапты игеру біраз қиындық тудырған. Алайда уақыт өте келе ол қобызға әбден үйреніп, бүгінде бұл аспапты өз өмірінің ажырамас бөлігі деп санайды. Музыканттың айтуынша, қобыздың үні ерекше, әрі онда әр халықтың шығармаларын орындауға мүмкіндік бар.
Бибінұрдың орындауындағы шығармалардың бірі – композитор С. Шабельскийдің «Элегия» туындысы. Ал өзінің сүйікті шығармаларының бірі – Е. Үсеновтің «Күзгі әуен» күйі.
– Қандай өнер болса да, ең алдымен батыл қадам жасап бастау керек. Еңбек пен қызығушылық бар жерде нәтиже міндетті түрде болады, – дейді жас музыкант.
Рудный қаласында арнайы музыка мектебі болмаса да, музыкалық колледж жанында балаларға арналған үйірме жұмыс істейді. Мұнда мектеп оқушыларына тегін сабақтар өткізіледі.
– Үшінші-төртінші курс студенттері практика барысында балаларға сабақ береді. Үйірмеге 6–7 жастан бастап қабылдаймыз. Кейбір балалар сол жерден дайындалып, кейін колледжге де түсіп жатады. Музыканы үйренгісі келетін, аспапта ойнауды меңгергісі келетін балалар болса, келсін. Біз әрдайым қабылдауға дайынбыз, – деп түсіндірді Баян Жұмағалиқызы.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ
суретті түсірген Даниил САЕНКО