Тәртіпке бағынған құл болмайды

Рудныйлық полицей құжаттандыру саласындағы өзекті мәселелер мен заң талаптарын түсіндірді

Цифрландыру үдерісі қарқын алған бүгінгі заманда Көші-қон қызметінің жұмысы қалай өзгеруде? Құжатты дер кезінде рәсімдемеудің құқықтық салдары қандай? Осы және өзге де өзекті сауалдар төңірегінде Рудный қалалық Полиция басқармасы Көші-қон қызметі бөлімінің инспекторы, полиция майоры Нұрдана Нарымбаевамен сұхбаттасқан едік.

Нұрдана Батырбекқызының ішкі істер органдарына келуі кездейсоқ шешім емес, саналы түрде қабылданған таңдау. Алғашқы мамандығы педагог болғанымен, кәсіби жолы құқық қорғау саласымен ұштасып, осы бағытта өзін дамытуға мүмкіндік берді. Аталған салада білікті маман атану мақсатында ол Қостанай қаласындағы Әлеуметтік-техникалық университетте «құқықтану» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алып, кәсіби деңгейін арттырған.

– Еңбек жолымды Таран ауданында (қазіргі Бейімбет Майлин ауданы) бастадым. Алғашқы жылдары мемлекеттік тілді дамыту штабында қызмет атқарып, ана тіліміздің мемлекеттік органдардағы қолданыс аясын кеңейтуге өз үлесімді қостым. 2011 жылдан бастап отбасылық жағдайыма байланысты Рудный қаласына ауысып, он жыл бойы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор қызметін атқардым. Ал 2022 жылдан бері Көші-қон қызметі бөлімінде құжаттандыру тобының жұмысына жетекшілік етіп келемін, – деп сөз етті ол.

Бүгінде көптеген тұрғындардың «Не себепті полиция қызметкері Халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) қызмет көрсетеді?» деген заңды сауалдары туындап жатады. Майордың түсіндіруінше, бұл – қалыптасқан мемлекеттік стандарт. Көші-қон полициясы азаматтық киім үлгісінде жүргенімен, олардың жұмыс кестесі мен қызметтік тәртібі қатаң әскери жүйеге бағынады.

– Біздің басты миссиямыз – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы Қазақстан азаматтарын құжаттандыру үдерісін заң шеңберінде жүзеге асыру. Тұрғындардан түскен өтініштерді бірыңғай база арқылы мұқият саралап, Ішкі істер министрлігіне жолдаймыз. Жұмысымыз мереке немесе демалыс күндеріне қарамастан үздіксіз жүргізіледі. Күшейтілген жұмыс режимі кезінде де халықтың құжаттық түгендігін қамтамасыз ету – біздің төл міндетіміз, – дейді Нұрдана Батырбекқызы.

Сұхбат барысында маман халық арасында жиі кездесетін жаңсақ түсініктерге тоқталды. Көптеген азаматтар паспорт пен жеке куәліктің функционалдық мәнін шатастырып жатады. Осы орайда майор мынадай нақтылықтарды атап өтті: жеке куәлік – Қазақстан Республикасының аумағында адамның жеке басын айқындайтын негізгі заңды құжат. Мемлекеттік қызметтің кез келген түрін алу тек осы құжат арқылы мүмкін болады; паспорт (төлқұжат) – тек шетелге шыққан жағдайда ғана азаматтың тұлғасын және мемлекеттік тиістілігін халықаралық деңгейде куәландыратын құжат.

Құжатты рәсімдеудің қаржылық шығындары да нақты бекітілген: жеке куәлік үшін мемлекеттік баж – 865 теңге (2026 жылғы АЕК бойынша 0,2 көрсеткіш). Стандартты дайындау мерзімі 15 жұмыс күнін құраса да, қажеттілікке қарай жеделдетілген тәртіп те қарастырылған.

– Құжаттың жарамдылық мерзіміне салғырт қарау – әкімшілік құқық бұзушылыққа әкеп соғады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 492-бабына сәйкес талаптар өте қатаң. Мысалы, құжат мерзімі өткеннен кейін 10 күн ішінде жаңасына өтініш бермеу – заң бұзушылық. Бір айға дейінгі кешігу жағдайында – ресми ескерту жасалады. Бір айдан асса – 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, – деп түсіндірді полиция майоры.

Маманның кеңесіне құлақ түрсек: «Құжатты мерзімі аяқталуға бір ай қалғанда ауыстыруға рұқсат етіледі. Бұл азаматтар үшін ешқандай заңдық кедергі тудырмайды, керісінше, уақытты тиімді жоспарлауға септігін тигізеді».

– Қазіргі кезде көпшілік құжатқа түсер суретті әдемі, эстетикалық тұрғыда ерекше қылып түсіргісі келеді. Ал ресми құжаттағы фотоға қандай талаптар қойылады? Бұл жерде жеке талғам қаншалықты ескеріледі?

– Мемлекеттік құжаттың өзіндік этикасы мен нақты бекітілген стандарттары бар. Сондықтан бұл мәселеде жеке эстетикалық қалаулар заң талаптарына толықтай бағынады. Мәселен, құжатқа суретке түсу кезінде азаматтың бет әлпеті табиғи қалыпта болуы тиіс. Яғни күлімсіреу, артық мимикалық қимылдар жасауға жол берілмейді. Бұл – тұлғаны нақты, өзгеріссіз сәйкестендіру үшін қажет талап. Сонымен қатар сырт киіммен, атап айтқанда күрте немесе тонмен, сондай-ақ көзілдірікпен суретке түсуге рұқсат етілмейді. Өйткені мұндай элементтер адамның келбетін толық әрі анық көруге кедергі келтіруі мүмкін. Ал баскиімге келетін болсақ, оған тек ерекше жағдайларда ғана рұқсат беріледі. Атап айтқанда, діни ұстанымдарға немесе медициналық көрсеткіштерге байланысты болса ғана баскиіммен (орамалмен) суретке түсуге болады.

Жалпы, бұл талаптардың барлығы құжаттың заңдық күші мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Статистикалық деректерге сүйенсек, көктем мезгілінде Көші-қон қызметіне жүгінушілер саны еселеп артады. Бұл – халықтың жазғы демалыс пен шетелдік сапарларға дайындығының айғағы. Орта есеппен алғанда, Рудный қаласында бір күннің түскі уақытына дейін 70-тен астам азамат құжат мәселесімен келеді.

Полиция қызметкерлері тек кеңсе жұмысымен шектелмей, білім беру ошақтарында тұрақты түрде лекциялар оқып, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе, жастарға құжаттың қадірін ұғындырып, заң алдындағы жауапкершілікті ерте бастан сезіндіру – басты назарда.

– Кез келген қызметтің бастапқы кезеңінде белгілі бір қиындықтар кездесетіні заңды. Дегенмен, бүгінгі таңда азаматтармен тиімді тіл табысып, олардың мәселелерін заң талаптарына сәйкес жедел әрі сапалы шешу – мен үшін үлкен кәсіби жетістік әрі жауапкершілік, – деп қорытындылады Нұрдана Нарымбаева.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО