«Feya» сұлулық салоны қалай ашылды?

«Мемлекет берген мүмкіндікті жібермедім»: Рудныйлық келіншектің бизнестегі жолы

Көптеген қыз-келіншектер үшін сүйікті ісін кәсіпке айналдыру – асқақ арман. Біреулер қаражат жоқ деп қол сілтесе, енді біреулер тәуекел етіп, мемлекеттік мүмкіндіктерді пайдаланады. Рудный қаласының тұрғыны Феризат Қыдырбаева – екінші топтағы жандардан. Ол TikTok желісінен кездейсоқ көрген хабарландыру арқылы өмірін өзгертіп, бүгінде «Feya» сұлулық салонын дөңгелетіп отыр.

Феризат бұрын №13 мектепте тәрбиеші болып жұмыс істеген. Білімі арнайы орта болса да, педагогтық қызмет оған дәл сұлулық саласындай шабыт бермеген көрінеді.

«Өзімді таппай жүрген кездерім болды. Тіпті жұмыссыз ретінде тіркелген уақытым да бар. Бірақ маникюр жасау хобби ретінде басталды. Басында ақша табамын деп емес, жай ғана қызығушылық болған. Карантин кезінде онлайн оқып, біліктілігімді арттырдым. Кейін түсінгенім – мен кеңседе немесе мектепте емес, дәл осы еркін графикте, өз-өзіме қожайын болғанда ғана бақыттымын», – дейді кейіпкеріміз.

Бастапқыда ол клиенттерін өз үйінде қабылдаған. Алайда үйдегі күйбең тіршілік пен жұмысты араластыру оңай емес. Дәл осы сәтте оған тағдыр жаңа мүмкіндік сыйлады. Көпшілік әлеуметтік желіні тек уақыт өткізу құралы деп санаса, Феризат ол жерден пайдалы ақпарат тапқан. TikTok-тан мемлекеттік грант туралы естіген ол, бағын сынап көруге бел буады.

«Жалғызбасты ана, яғни асыраушысынан айырылған санат бойынша грантқа тапсырдым. Арнайы оқудан өтіп, тест тапсырып, комиссия алдында бизнес-жоспарымды қорғап шықтым», – деп еске алады кәсіпкер.

Нәтижесінде ол 1 476 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алған.

Миллиондар қайда жұмсалды?

Халық арасында «грант ұтып алсаң, ақшаны қалтаға басып, шаша беруге болады» деген қате түсінік бар. Феризаттың айтуынша, бұл – үлкен жауапкершілік.

«Бұл ақшаның әр тиыны сұралады. Мен алған қаражаттың бәрі салондағы құрал-жабдықтарға кетті. Маникюр үстелі, креслолар, айналар, кушетка, лампалар – бәрін осы грантқа алдым. Бір жыл бойы әр заттың түбіртегін, шот-фактурасын көрсетіп, есеп беріп отырамыз. Тексеріс те келіп тұрады», – дейді «Feya» салонының иесі.

«Feya» салоны қаланың тыныш ауданында, қарттар мен зейнеткерлер көп тұратын жерде орналасқан. Бұл локацияны Феризат арнайы таңдаған, себебі үлкен кісілерге алысқа сабылмай, үй іргесінен қызмет алған ыңғайлы.

Салонда тек маникюр мен педикюр ғана емес, шаштараз, макияж қызметтері де бар. Бірақ ең бастысы – мұндағы атмосфера.

«Біз клиенттермен құрбыдай араласып кетеміз. Келген адамдар ішіндегі сырын ақтарып, жеңілдеп қалады. Өзімді кейде психолог сияқты сезінемін. Жұмысымның ұнайтын жері де осы – адамдармен жылы қарым-қатынас», – деп күледі Феризат.

Салонның интерьері де ерекше. Көгілдір түс – Феризаттың сүйікті түсі болғандықтан, «Feya» (Періште) атауымен үндесіп, көзге жайлы, көңілді атмосфера сыйлайды.

Қазіргі таңда Феризат ғимаратты жалға алып отыр. Алайда оның мақсаты айқын – болашақта осы орынды сатып алып, кеңейтіп, толыққанды үлкен салонға айналдыру. Қыздары да қолғабыс етіп, анасының кәсібіне қызығушылық танытып жүр.

«Тамыздың 17-сі күні ашылғанымызға екі жыл толады. Клиенттер базасы қалыптасты, табысымыз да жаман емес. Ең бастысы – еңбектенуден қорықпау керек», – дейді кәсіпкер.

Феризат Қыдырбаеваның хикаясы – қарапайым еңбекқорлық пен ізденістің жемісі. Егер сіз де өз ісіңізді ашқыңыз келсе, мемлекеттік бағдарламаларды зерттеп, тәуекел етуден қорықпаңыз. «Feya» салонының есігі келушілерге әрқашан ашық!

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *