Шеберлік мектебі

Қарапайым бұрандадан күрделі тетікке дейін: мектеп оқушылары нағыз шеберлердің қолдауымен станок тілін меңгеріп жатыр

Рудный тау-кен технологиялық колледжінде он жылдан астам уақыттан бері мектеп оқушыларына арналған «Жас токарь» техникалық үйірмесі жұмыс істеп келеді.

Оның жұмысы жасөспірімдерге ерте кәсіптік бағдар беруге және қала мектептерінің оқушыларын өңір кәсіпорындарында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарымен таныстыруға бағытталған.

Колледж қызметінің маңызды бағыттарының бірі – мектеп оқушыларымен жұмыс. Мұнда он жылдан астам уақыттан бері әлеуметтік серіктес – «ССКӨБ» АҚ қолдауымен құрылған «Жас токарь» үйірмесі жұмыс істейді. 2025 жылдың желтоқсан айында үйірме сабақтары қайта жанданып, 2026 жылдың мамыр айына дейін жалғасатын болады. Болашақта бұл жұмысты келесі оқу жылында да жалғастыру жоспарлануда.

Токарлық шеберхананың өндірістік оқыту шебері Юрий Гиззатов атап өткендей, үйірме бір мезгілде бірнеше міндетті атқарады.

– Бірінші кезекте, бұл – кәсіптік бағдарлау жұмысы. Оқушылар мамандықпен жақынырақ танысады, құрал-жабдықтарды көреді, олардың қалай жұмыс істейтінін және одан не жасауға болатынын байқайды, – деді ол.

Үйірмеге қала мектептерінің 8–9 сынып оқушылары шақырылады. Жасөспірімдермен жұмыс кезең-кезеңімен құрылған.

– Жұмыс «қарапайымнан күрделіге» қағидаты бойынша жүргізіледі. Алдымен оқушылар қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өтеді, шеберханамен танысады, токарлық станоктардың құрылысын, кесуші және өлшеуіш құралдарды зерттейді, – деп түсіндірді Юрий Гиззатов.

Сабақтар аптасына бір рет өтеді және шамамен бір сағатқа созылады. Колледж үйірме қатысушыларын қажетті құралдармен және жабдықтармен толық қамтамасыз етеді.

– Біз барынша көп нәрсе үйретуге тырысамыз, бірақ бұлардың 8–9 сынып оқушылары екенін және тәжірибелері жоқ екенін түсінеміз. Сондықтан топ шағын – қазір алты бала айналысуда. Бұл өте маңызды, өйткені жұмыс жоғары жауапкершілікті талап етеді, – деп атап өтті шебер.

Колледж шеберханаларында әртүрлі үлгідегі және жіктеудегі жабдықтар – бұрама кескіш, фрезерлік, қайрау, бұрғылау станоктары қойылған. Жабдықтардың бір бөлігі бөлшектердің параметрлерін дәлірек өлшеуге мүмкіндік беретін электронды таблолармен жабдықталған. Сонымен қатар, станоктар паркінің едәуір бөлігін уақыт сынынан өткен 1К62 және ДИП-300 сияқты сенімді модельдер құрайды, болашақ мамандар мамандықты дәл осы станоктарда меңгереді.

Оқушыларды оқытуға колледж студенттерінің өздері де белсене қатысады. Солардың бірі – бірінші курс студенті Евгений Голышков мамандықты игеріп қана қоймай, мектеп оқушыларын үйретуге де көмектеседі.

– Мен 2025 жылдан бері слесарь-токарь мамандығында оқып жатырмын. Мектепті бітірген бойда бірден осында түсуді шештім, өйткені маған жабдықтармен жұмыс істеген ұнайды. Менің ағам токарь болған, мен оның жұмысын бақылап жүретінмін, сөйтіп менің де осы мамандықта өзімді сынап көргім келді, – деп бөлісті Евгений.

Ол үйірменің оқушылардың мамандық таңдауында маңызды рөл атқаратынына сенеді.

– Мұндай үйірме балалар мамандықты ішінен көруі үшін қажет. Мүмкін, біреуге ұнап қалар, сөйтіп ол бізге оқуға келер, – деп атап өтті Евгений.

Мектеп оқушыларының өздері де сабақтарға үлкен қызығушылық танытуда. №1 жалпы білім беретін мектептің сегізінші сынып оқушысы Тимофей Цымбалюк үйірме туралы сынып жетекшісінен естігенін айтты.

– Мені көптен бері жұмысшы мамандықтары – электрика, электрослесарь, токарь ісі қызықтыратын. Техникаға жақын болып, станоктардың қалай жұмыс істейтінін білгім келді. Сондықтан үйірмеге жазылуды шештім. Болашақта не токарь, не электрослесарь мамандығына оқуға түсуді жоспарлап отырмын, өйткені бұл мамандықтар маған шынымен қызық, – деді оқушы.

«Жас токарь» үйірмесінің жұмысы оқушыларға, нақты өндірістік процесте өздерін сынап көруге мүмкіндік береді. Колледж ұжымы мұндай бастамалар жастар арасында жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге және өңір кәсіпорындарына болашақ мамандарды даярлауға септігін тигізетініне сенімді.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *