Қыркүйек соңында басталған суық ауа райы қазан айының басында да сақталды. Енді синоптиктердің болжамынша, Солтүстік-батыс антициклонының әсерінен Рудныйда алдағы күндері түнде -1… +3°С, күндіз +13…+15°С шамасында ауыспалы бұлтты, жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі .
9-11 қазан күндері де жауын-шашын болмайды: түнгі температура 0…+2°С, ал күндіз +15…+17°С дейін жылы болады. Жел оңтүстік-батыстан соғып, жылдамдығы 5–10 м/с шамасында.
Қостанай облысы бойынша да ұқсас жағдай байқалады: облыстың батысы мен шығысында тұман күтіледі, ал күндізгі температура +15…+20°С дейін көтеріледі.
Синоптиктердің айтуынша, бірінші онкүндіктің соңына қарай аймақтың солтүстік бөлігінде ауа температурасы аздап төмендейді, бірақ екінші онкүндікте қайта жылыну байқалады. Қазан айының ортасына қарай күн жылынып, кейін айдың соңында қайта суыта бастайды.
Метеорологтар ай бойы тұрақсыз ауа райы болатынын, тұман, көктайғақ және екпінді желдің болуы мүмкін екенін ескертеді.