«Қазақстан – менің өскен, қалыптасқан елім»

Бес жасында Қазақстанға көшіп келген Толқынайдың өмір жолы

Тәуелсіздік алған 1991 жылдан Қазақстан Республикасына шетелден 1 миллион 105,7 мыңнан астам этникалық қазақ тарихи отанына оралды. 2025 жылы 3 203 этникалық қазақ қандас мәртебесін алған.

Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың 48,1 пайызы – Қытайдан, 39,5 пайызы – Өзбекстаннан, 5,8 пайызы – Түрікменстаннан, 2,5 пайызы – Моңғолиядан, 1,9 пайызы – Ресейден, ал 2,2 пайызы басқа мемлекеттерден көшіп келген.

Осы орайда, ғасыр басында Өзбекстан Республикасынан тарихи отанына қоныс аударған қандастардың бірі – Толқынай Туребаевамен сұхбаттасқан едік.

Толқынай Мейрамбекқызы 2001 жылы Өзбекстан Республикасы, Навоий облысы, Ұшқұдық қаласында дүниеге келген. Отбасында алты адам болған: ата-анасы, екі ағасы, сіңілісі және өзі. Ата-анасы 1969 жылы Өзбекстанның Навоий облысы, Тамды ауылында туған.

2006 жылдың желтоқсан айында Толқынайдың отбасы тарихи отаны – Қазақстан Республикасына қоныс аударады. Бұл шешімнің басты себебі – ата-бабаның туған жеріне оралу және Қазақстанда туыстарының болуы еді. Ол кезде Толқынай небәрі 5 жаста болған.

– Алғаш мектеп табалдырығын Қазақстанда аттадым. Әрине, жаңа елге бейімделу оңай болған жоқ. Бірақ туыстарымыздың қолдауы мен мемлекет тарапынан көрсетілген көмектердің арқасында отбасымыз жаңа ортаға тез үйренді, – дейді ол.

2006 жылы Қазақстанға қоныс аударған кезде мемлекет тарапынан көмектер көрсетілген.

– Бізге квота аясында қаржылай көмек берілді. Ағаларым мектепті аяқтаған соң колледжге тегін оқуға түсті, оқу барысында шәкіртақы алды. Бұл – сол кезеңде біз үшін үлкен қолдау болды, – деп еске алады Толқынай.

Алайда жаңа қоғамға бейімделу барысында қиындықтар да аз болмаған. Ол кезде өзі кішкентай болғанымен, ата-анасының айтқандарын жақсы біледі.

– Ең үлкен қиындық құжат мәселесінде болды. 2006 жылдары өзбек тілінен қазақ тіліне аударатын аудармашылар өте аз еді. Құжаттарды аударту, тіркеу – барлығы көп уақыт пен күшті талап етті. Сонымен қатар, квота күту ұзаққа созылды. Сол себепті бастапқыда пәтер жалдау да қиын болды. Қазақстандық құжат болмағандықтан, жұмысқа тұру мүмкін емес еді. Квота алғанға дейін туыстарымыздың үйінде тұрдық, – дейді ол.

Бауырлары үшін де бейімделу оңай болмаған.

– Ағаларым мектепті қазақ тілінде оқығанымен, колледжде орыс тілінде білім алуға тура келді. Тілге әбден үйренгенше біраз қиындықтар болды, – дейді қандас.

Толқынайдың анасы Өзбекстанда да, Қазақстанға келгеннен кейін де үй шаруасында болған, балаларды тәрбиелеген. Әкесі Өзбекстанда қала ішінде автобус жүргізсе, Қазақстанға қоныс аударған соң өндіріс саласында, «ССКӨБ» АҚ-та еңбек еткен.

Қазіргі таңда екі ағасы да әкелерінің жолын жалғап «ССКӨБ» АҚ тұрақты жұмыс істеп келеді, өз отбасылары бар. Сіңілісі тұрмысқа шыққан. Осылайша, үлкен әулетке айналған отбасының қуанышы арта түскен.

– Қазір жиендеріміз көбейіп, отбасымыз одан әрі кеңейіп жатыр. Бұл – біз үшін үлкен бақыт, – дейді ол.

Толқынай бастауыш білімін №1 жалпы білім беретін мектепте алды. Бұл мектеп аралас бағытта болған. 1–4 сыныптар аралығында қазақ сыныбында оқып, алғашқы білімін ана тілінде меңгерді. Ал 5–9 сыныптар аралығында білімін №15 орта мектепте жалғастырды. Қазіргі таңда бұл білім ордасы Міржақып Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп деп аталады. Осы оқу жылдары оның тұлғалық қалыптасуына, ортаға бейімделуіне және болашақтағы бағытын айқындауына үлкен әсер етті.

Мектепті тәмамдаған соң Толқынай Рудный қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжіне оқуға түсіп, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығы бойынша білім алды. Колледж қабырғасында ол төрт жыл бойы теориялық білім мен практикалық тәжірибені ұштастыра отырып оқыды. Оқу орнын сәтті аяқтап, диплом алғаннан кейін мамандығы бойынша небәрі үш ай ғана еңбек етті.

Алайда ол бұл кезеңмен шектеліп қалмай, өзін әртүрлі салаларда сынап көруді жөн көрді. Әртүрлі бағытта жұмыс істей жүріп, кәсіби тәжірибесін кеңейтіп, өмірлік көзқарасын қалыптастырды. Осы ізденістердің нәтижесінде бүгінде ол Рудный қаласы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жастармен жұмыс жөніндегі әдіскер қызметін атқарып келеді.

Өз жұмысы туралы Толқынай былай дейді:

“Менің негізгі міндетім – қоғамға өз үлесімді қосу. Өзімді қоғамға бейжай қарамайтын, үлескер ретінде жұмыс істейтін маманмын деп айта аламын. Жастардың, әсіресе балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, түрлі тәрбиелік әрі танымдық іс-шаралар өткізу – күнделікті жұмысымның бір бөлігі. Өзін толық аша алмай жүрген, бағыт-бағдар іздеген жастарға қолдау көрсетіп, көмегімізді тигізу – біздің басты мақсатымыз”.

Жастармен тікелей жұмыс істеп, оларға дұрыс жол көрсету, өмірлік бағыт-бағдар беру – менің қызметімдегі ең маңызды міндеттердің бірі.

Оның айтуынша, бұл қызмет оның жеке және кәсіби тұрғыда дамуына үлкен мүмкіндік берген.

– Бұл жұмыс менің әлеуетімді толық ашуға жол ашты. Жастармен жұмыс жасау барысында өзімнің ұйымдастырушылық қабілетімнің жоғары екенін, жауапкершілікті терең сезінетінімді анық аңғардым. Алдағы уақытта осы салада тәжірибемді одан әрі арттырып, үлкен жетістіктерге жетемін деп сенемін, – дейді ол.

Қазіргі таңда Толқынай тұрмыс құрмаған. Бар күш-жігерін кәсіби дамуға арнауда.

– Өзімді өмірде дұрыс бағытта келе жатырмын деп есептеймін. Болашаққа қойған жоспарларым көп. Ең алдымен әлеуметтік тұрғыда өзімді толық қамтамасыз еткім келеді. Яғни, тұрақты табысқа қол жеткізіп, материалдық жағынан өсіп, жеке көлігім мен баспанам болса деген мақсатым бар. Сонымен қатар, өзім қалаған мамандық бойынша жоғары оқу орнын тәмамдап, кәсіби білімімді тереңдету, бір немесе бірнеше шет тілін еркін меңгеру – алдағы басты жоспарларымның қатарында.

Қазіргі таңда бұл мақсаттардың біртіндеп жүзеге асып жатқанын айта аламын. Білімімді жетілдіру үшін арнайы курстарға барып жүрмін. Бұдан бөлек, болашағы зор, әлеуметтік маңызы жоғары бір үлкен жобаның авторы болуды көздеп отырмын. Бұл жоба қаламыздың жастарына арналған және олардың жан-жақты дамуына бағытталған авторлық бастамаларымның негізінде жүзеге аспақ. Қазіргі уақытта аталған жобалар жоспарлау кезеңінде.

Алдағы уақытта осы идеяларды іске асырып, қоғамға нақты пайда тигізетін, жастардың дамуына үлес қосатын жұмыстар атқарып, өзімді биік белестерден көргім келеді, – деп түйіндеді ол.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

сурет Толқынай ТУРЕБАЕВАНЫҢ жеке мұрағатынан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *