Рудный қаласын дамытуда бизнес әріптестігінің рөлі қандай?
Қаланың жайлы әрі тартымды ортасын қалыптастыру кәсіпкерлердің белсенді қатысуынсыз мүмкін емес. Дүкендер мен сауда-қызмет көрсету нысандарының сыртқы көрінісі қала тұрғындары мен қонақтарының қалаға деген көзқарасына тікелей әсер етіп қана қоймай, тұтынушылардың кәсіпкерлерге сенімін арттыруға да ықпал етеді.
Қостанай облысындағы қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларына сәйкес, сауда нысандарының қасбеттері айналадағы құрылыспен үйлесімді болуы, таза әрі ұқыпты жағдайда сақталуы, уақтылы жөндеуден өтіп, сырлануы тиіс. Бұл сұрақ жуырда қала әкімдігінде өткен жиында талқыланды.
-Дүкендердің витриналары әрдайым жинақы және таза болуға тиісті, ал маңдайшалар уәкілетті органдармен келісілген болуы қажет. Кіреберіс аймақтар барлық азаматтар үшін, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі және жүріп-тұруы қиын адамдар үшін де қауіпсіз әрі қолжетімді болуға тиіс.
Кіреберіс үстіндегі қалқалар, баспалдақтар мен пандустар құрылыс талаптарына сай болуы және жаяу жүргіншілердің еркін қозғалуына кедергі келтірмеуі қажет.
Бүгінгі күні кәсіпкерлердің сауда нысандарын ұстауға қатысты әртүрлі тәсілдерін байқаймыз. Кейбіреулері дүкеннің сыртқы көрінісіне жауапкершілікпен қарап, тәртіпті сақтап, абаттандыру талаптарын орындауда. Ал кейбірі қасбеттердің, витриналардың және кіреберіс аймақтардың нашар күйде болуына жол береді. Әдетте, сыртқы көрініс ретсіз болса, ішкі көрініс те ұқсас деңгейде болады. Мұндай көзқарас қабылданбайды,- деп атап өтті Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алмат Жилиспаев.
Осыған байланысты әкімдіктің ұстанымы айқын: абаттандыру талаптарын жүйелі түрде орындамайтын кәсіпкерлерге әкімшілік шаралар толық көлемде қолданылады – ескерту мен айыппұлдан бастап, заңсыз конструкцияларды бұзуға дейін.
Бұл тәртіп орнату және барлық кәсіпкерлер үшін тең жағдай жасау үшін қажет. Кәсіпкерлер өз нысандарының маңайындағы аумақты таза ұстауға, қоқыс пен қарды уақытылы тазалауға, жарықтандыруды қамтамасыз етуге және кіреберістерге қоқыс жәшіктерін орнатуға жауапты.
Маңыздысы: бұл талаптарды орындау формальдылық емес, мәдениетті және жауапкершілікпен бизнес жүргізудің ажырамас бөлігі болып табылады. Тәртіпті дүкен – тұтынушылардың сенімінің кепілі, тұрақты жұмыстың негізі, сондай-ақ тек кәсіпкердің ғана емес, жалпы қала имиджінің де жақсы көрінуінің кепілі.
— Арнайы атап өткім келетіні – Рудный қаласының кәсіпкерлерінің әлеуметтік жауапкершілігі.
Көптеген бизнес өкілдері мүгедектігі бар балалар мен ересектерге, қарттарға, аз қамтылған отбасыларға, балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне елеулі қайырымдылық көмегін көрсетеді, қалалық әлеуметтік және мәдени шараларды қолдайды.
Айта кету керек, қаламызда балалар үйлеріне және аз қамтылған отбасыларға көмектесетін кәсіпкерлердің ішінде өз жақсылығын көпшілікке жарияламай, үндемей істейтіндер де бар. Бұл – саналы және құрметке лайық ұстаным. Біз кез келген көмек көрсеткен адамдарға, олардың бұл әрекеті жария болсын ба, жоқ па, шын жүректен алғыс айтамыз.
Арнайы назар азық-түлік бағасының тұрақтылығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге аударылады,- дейді Алмат Жилиспаев.
Осы мақсатта ««Тобыл» ӘКҚ» акционерлік қоғамы әлеуметтік маңызы бар 15 түрлі тауар бойынша нарыққа араласу іс-шараларын жүргізеді. 2025 жылы қала кәсіпкерлері белгіленген бағамен 358,8 тонна өнім сатқан. Ең көп сұранысқа ие өнімдер – күріш, қант, жұмыртқа, тауық еті, картоп.
Қалада әлеуметтік маңызы бар өнімдер сатылатын шамамен 10 сауда нүктесі жұмыс істейді.
«Карагулина Л.А.» жеке кәсіпкерлігі мен «Раумэна» ЖШС павильондары әлеуметтік нанды 1 дана үшін 90–92 теңгеден сатады. Бағаларды тұрақты бақылау жүргізіліп, сауда үстемеақысын – 15%-дан аспау керектігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ