Домбыра – қазақтың жаны

Домбырашы Ыбырай Есжановпен сұхбат

Қазақтың қара домбырасы – ұлт рухының айнасы. Сол рухты бүгінгі жас ұрпаққа үйретіп, аманаттап келе жатқан жандардың бірі – Рудный музыкалық колледжінің домбыра пәнінің оқытушысы, кәсіби музыкант Ыбырай Есжанов.

Ол бұл салада он жылдан астам уақыт еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп келеді. Ұстазбен өнер жолы, домбыраға деген бала күнгі қызығушылығы және бүгінгі күй өнерінің тынысы жайында әңгімелестік.

Домбыраға қызығушылығыңыз қалай басталды?

– Домбыраға деген қызығушылық бала кезімнен пайда болды. Шешемнен қайта-қайта өтініп, музыкалық үйірмелерге, мектепке апаруын сұрайтынмын. Сөйтіп музыкалық мектепке бардым. Алғашында домбырам болмады, сыныптас досымның домбырасын алып дайындалдым. Қызығушылық мектепке дейін-ақ басталған. Қазақта сүндет той деген бар ғой, сол кезде төрде ілулі тұрған домбыраны көріп, қолыма алып, дыңғырлатып ән салғаным есімде. «Бозторғай» әні еді. Домбыраны алғаш рет солай ұстадым. Домбыра ұстап көрмеген бала үшін жаман емес деп ойлаймын.

Қанша күй білесіз?

– Оны нақты санап айту қиын. Қанша жылдан бері осы салада жұмыс істеп келемін. Кітап оқыдық, байқауларға қатыстық, небір күйшілердің шығармаларын орындадық. Әр байқаудың өз талабы болады, мысалы, 20–30 күй жаттау қажет дегендей. Сол себепті күй қоры жыл сайын көбейіп отырады.

Сабақты қалай бересіз? Жеке ме, әлде топпен бе? Қандай әдістеме қолданасыз?

– Бізде сабақ жеке де, топпен де өтеді. Әдістеме бірден қалыптаспайды, ол бірте-бірте келеді. Алғашқы жылы қалай мұғалім боламын деп ойланып, ізденіп жүресің. Уақыт өте келе, баланың сана-сезімі оянған сайын талапты күшейтесің. Көп адам «екі ішек, бір тиек – ойнауы оңай» деп ойлайды. Бірақ домбыраның қыр-сыры өте көп. Әр адам әртүрлі ұстап, әртүрлі тартады. Сол қырлардың бәрін шәкіртке үйрету – ұстаздың міндеті. Ата-бабамыздан, Құрманғазыдан жеткен домбыра бүгінгі дамыған заманмен бірге өзгеріп келеді. Қазіргі күйлердің темпі де жылдам. Бұрын «Адай» күйі баяу тартылса, қазір шапшаң орындалады. Мұны көпшілік байқап жүрген болар.

– Ұстаздық жолға қалай келдіңіз?

– Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдадым. Бастапқыда бұл жаққа келемін деген ой болған жоқ. Консерваториядан кейін Алматыда жұмыс істедім. Елге белгілі тұлға, Алтынбек Қоразбаев басшымыз болды. Алматыда қызмет атқардым. Рудныйға оралуыма негізгі себеп – ұстаздарым. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөз бар ғой. Ұстаздарым осыны жиі айтатын. Сол сөздері маған қатты әсер етті де, Рудныйға қайттым.

Келгеннен кейін Мейрамбек Беспаев хабарласып, Алматыда ансамбль ашып жатқанын, соған шақырған еді. Бірақ мен елге кетіп қалғанымды айттым. Ол кісі де түсіністікпен қабылдады. Ұстаздарымыз «артымызда ізбасар қалсын» деген ниетпен шақырды. Әсіресе Назымбек Молдахметов деген ұстазымның орны бөлек. Ол кісі Қостанай облыстық филармониясының жетекшісі болды. Көзі тірісінде-ақ «орныма сені қоямын» деп айтқан. Өмірден өткен соң сол аманаты орындалып, ансамбльді маған тапсырды.

– Домбыраға қызығушылығы бар жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Біздің халыққа домбыраға қызығушылық деп айтуға болмайды. Бұл – ата-бабадан келе жатқан қасиет. Домбыра қазақтың қанында бар. Қазақ деген атың болса, домбыраны ұстауың керек. Бұл – жоғалтуға болмайтын асыл мұра. Домбыра, асатаяқ, салт-дәстүр, әдет-ғұрып – қазақты қазақ етіп тұрған құндылықтар. Қара домбыра – қазақтың жаны. Сондықтан «нағыз қазақ қазақ емес,нағыз қазақ – домбыра» деп айтқым келеді.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *