Өмір сыйлар бес минут

Рудныйда кезекті донорлық акция өтті

Рудный қаласындағы «Горняк» мәдени-ойын-сауық орталығында қан тапсыруға арналған көшпелі шара ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» республикалық науқаны аясында өткен бұл игі іске облыстық қан орталығы мұрындық болып, «ССКӨБ» АҚ қолдау көрсетті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы және Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен ақпан айы «Өтеусіз қан донорлығы» болып жарияланған болатын. Бұл жолғы шараның негізгі мақсаты – өңірдегі қан қорын тұрақтандыру.

Таңсәріден бастап оқиға орнында мамандардың екі бірдей мобильді тобы қызметіне кірісті. Түске дейін 40-қа жуық азамат қан тапсырып үлгерсе, тағы 30-дан астам тұрғын міндетті медициналық тексеруден өтіп жатты.

Облыстық қан орталығының бөлім меңгерушісі Елена Иосипенко мұндай көшпелі шаралардың маңыздылығына тоқталды.

– Қан орталығындағы шаралар жүйелі сипатқа ие.

Облыс бойынша жылына 11-12 мың донация жасалғанымен, тұрақты донорлардың үлесі небәрі 10-15 пайызды құрайды. Бұл өңірдегі 30-дан астам медициналық мекемені қан компоненттерімен толық қамтуға жеткіліксіз, – деп атап өтті ол.

Маманның айтуынша, Рудныйдағы қан қорына негізінен қалалық аурухана мен іргелес елді мекендерге қызмет көрсететін перинаталдық орталық мұқтаж. Әсіресе, травматология мен жүрек-қан тамырлары хирургиясының дамуы қан компоненттеріне деген сұранысты еселеп отыр.

– Әрбір медициналық мекемеде шұғыл көмек пен жоспарлы оталар үшін тапжылмас қан резерві болуы шарт. Хирургиялық ем қабылдаушылар, босанған аналар мен гематология бөліміндегі науқастар күн сайын қан құюды қажет етеді. Күні ертең қиын сәтте дәрігердің қолында қажетті қан тобы болмай қалатын жағдайға жол беруге болмайды. Сондықтан осындай акцияларды жиі өткіземіз, – деп түсіндірді Елена Иосипенко.

Сондай-ақ, ол сұраныстың жоғары болуына байланысты орталықтың күн сайын дерлік белгілі бір қан топтары бойынша донорларды шақыртуға мәжбүр екенін жеткізді. Оның үстіне, жасы мен денсаулығына байланысты тұрақты донорлар қатарының сиреп қалуы да – өзекті мәселенің бірі.

Дәрігер, сонымен қатар, қан орталығы бригадаларының Рудный қаласындағы көшпелі жұмысы тұрақты негізде жүргізілетінін еске салды.

– Біздің мобильді топтар Рудныйда әр бейсенбі сайын қызмет көрсетеді. Орта есеппен алғанда, әр келгенімізде 25-30 адам қабылдаймыз. Сондықтан тұрғындарды екі айда бір рет тұрақты түрде қан тапсыруға шақырамыз. Донор болу – тек өзгенің өмірін арашалау ғана емес, өз денсаулығыңа да бейжай қарамаудың белгісі. Қан тапсыру кезінде ағза жаңарып, иммундық жүйе шыңдалады. Оның үстіне, әрбір донор міндетті тексеруден өтіп, өз талдауларының нәтижесін қолына алады. Бұл – қосымша артықшылық. Ең бастысы – процедура толықтай қауіпсіз, – деп атап өтті маман.

Игі шараға қала әкімдігі мен түрлі мекеме өкілдері де қолдау білдірді. Донорлар қатарында мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпорын жұмысшылары аз болмады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «ССКӨБ» АҚ қан орталығының негізгі серіктестерінің бірі болып қала береді және жыл сайын Дүниежүзілік қан донорлар күнін өткізуге атсалысады. Рудныйдағы донорлардың басым бөлігі де осы кәсіпорынның қызметкерлері. Сондай-ақ, «Додо Пицца» және «Евразия-Стар» ЖШС секілді бизнес өкілдері де бұл іске қомақты үлес қосып келеді.

Шара барысында акцияға қатысушылар да өз ойларымен бөлісті.

– Қазіргі таңда жүрек ауруына шалдыққан жандардың өмірін сақтап қалуға бағытталған донорлық акциялар көп ұйымдастырылады. Игі бастамадан шет қалмай, өз үлесімді қосып, қан тапсырдым, – дейді «ССКӨБ» АҚ қызметкері Ғалымкерей Кенжеғозин.

– Алғаш рет тоқсаныншы жылдардың басында қан тапсырған едім. Кейін жұмыс орнымда ұйымдастырылған шараларға да тұрақты қатысып тұрдым. Қан тобым – бірінші оң мәнді. Меніңше, мезгіл-мезгіл қан тапсыру денсаулыққа өте пайдалы. Донорлық үшін ақы төленуі керек пе деген сауал төңірегінде ешқашан бас қатырмаппын. Жеке өзім бұл жерге ақша үшін келген емеспін, – дейді донор Александр Маковеев.

Көп жылдық тәжірибесі бар донорлардың өнегесі өзгелерге үлгі болары сөзсіз. Дегенмен, бұл сауапты жолды өз бетінше таңдағандар да аз емес.

– Қан тобым – бірінші оң мәнді. Егер бәрі сәтті өтсе, алдағы уақытта тұрақты донор болуға ниеттімін. Достарым мен әріптестерім де жүйелі түрде қан тапсырып тұрады. Бұл ағзаға пайдалы әрі мұқтаж жандарға шынайы көмек екені анық, – дейді Оксана Петецкая есімді донор.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *