Рудныйлық дәрігер-пульмонолог аллергиядан қорғанудың және оны «басқарудың» тиімді жолдарын көрсетті
Түшкіру, көздің қызаруы және тоқтамайтын жөтел – мұның бәрі аллергияның белгісі болуы мүмкін. Рудный қалалық емханасының жалпы тәжірибе дәрігері және пульмонологы Абдижами Абдиханиев бұл дерттің қалай пайда болатыны, оны қарапайым суық тиюден қалай ажыратуға болатыны және қандай сақтық шараларын жасау керектігі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Дәрігердің түсіндіруінше, аллергия – бұл адам ағзасына бөгде заттың (мысалы, шаң-тозаңның) түсуіне қарсы иммундық жүйенің беретін реакциясы немесе жауабы. Ағза өзіне артық, қажет емес бөгде зат түскен кезде, оны сыртқа шығарып тастауға тырысады.
«Адамның денесіне шаң түскенде, оны сыртқа шығару үшін иммундық жүйе жұмыс істейді. Сіз шаңды ортаға кіргенде неге түшкіресіз? Өйткені ағза артық шаңды түшкіру арқылы сыртқа шығарып тастауға тырысады. Бұл – қорғаныс реакциясы», – деп түсіндіреді Абдижами Абдиханиев.
Статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда аллергиямен көбінесе жастар мен балалар ауырады. Дәрігердің айтуынша, аллергиялық демікпе (астма) негізінен 30 жасқа дейінгі жастарда жиі кездеседі, ал 45 жастан асқан адамдарда оның жаңадан пайда болуы өте сирек.
Егер аллергияны елемей, уақытылы алдын алмаса, ол анафилаксиялық шокқа алып келуі мүмкін. Бұл адам өміріне тікелей қауіп төндіретін, тіпті өлімге әкеп соқтыратын өте ауыр жағдай. Сонымен қатар, ол демікпеге ұласуы ықтимал. Демікпе кезінде бөгде заттың әсерінен өкпе қысылып, адам демала алмай қалады. Мұндай жағдайда өкпе жолдары жабылып қалмауы үшін арнайы ингаляторлар қолданылады.
«Аллергияны толық емдеу мүмкін бе?», – деп сұрадық біз.
«Аллергияны біржолата, 100% емдеп жазатын бір тал «ғажайып дәрі» жоқ. Өйткені бұл – ағзаның табиғи реакциясы. Алайда, оны басқарудың екі негізгі жолы бар. Біріншісі, симптоматикалық ем (уақытша басу).
Бұл – антигистаминді препараттарды (супрастин, зодак т.б.) қабылдау. Супрастин құрамында ұйықтататын әсері бар заттар болғандықтан, оны негізінен үлкен кісілерге немесе жұмыс істемейтін, үйде отыратын адамдарға тағайындайды. Өйткені оны ішкен адамның ұйқысы келіп, жұмысқа зауқы болмайды. Ал зодак сияқты дәрілердің ұйықтататын әсері жоқ, сондықтан оларды көлік жүргізетін немесе кеңседе жұмыс істейтін адамдарға ішуге болады. Екіншісі, АСИТ (аллерген-спецификалық иммунотерапия). Бұл әдіс арқылы адам ағзасына аллергеннің өте аз мөлшерін біртіндеп енгізіп, иммунитетті үйретеді. Нәтижесінде ағзада сол аллергенге қарсы антиденелер пайда болады да, келесі жолы сол затпен байланысқанда аллергия туындамайды. Бұл өте ұзақ процесс. Шамамен 5-6 жылға созылады», – деп жауап қатты пульмонолог.
Абдижами Абдиханиев күніне шамамен 30-40 науқас қабылдайды, оның 5-6-тікелей аллергия шағымымен келеді екен. Қызығы сол, климаттың өзгеруі аллергияға қатты әсер етеді. Кейбір науқастар бір қаладан екінші қалаға көшкенде аллергиясынан толық арылып кетуі мүмкін. Мысалы, Атырау немесе Ақтау сияқты өңірлерден Рудныйға көшіп келіп, демікпеден құтылып, тіркеуден шыққан науқастар бар. Бұл әр аймақтың өсімдіктері мен ауасының түрлілігіне байланысты.
Дәрігерден халыққа алтын кеңес. Егер сізде аллергия белгілері байқалса, Абдижами Абдиханиев келесі қадамдарды жасауға кеңес береді:
«Өз бетіңізбен емделмеңіз! Дәрі-дәрмектердің жеңіл және ауыр түрлері бар. Ауыр дәрілерден бастасаңыз, кейін жеңіл дәрілер ағзаңызға әсер етпей қалады. Міндетті түрде терапевтке немесе аллергологқа барыңыз. Аллергенді анықтап, одан аулақ болыңыз. Ең бірінші ем – аллергия тудыратын затпен байланысты үзу. Анализ тапсырыңыз. Қандағы эозинофилдер деңгейін білу үшін Жалпы қан анализін және ағзада қандай аллергия бар екенін нақтылау үшін IgE (иммуноглобулин Е) анализін тапсыру қажет. Далаға шыққанда бетперде тағыңыз, себебі бетперде шаң-тозаңның тыныс алу жолдарына түсуін азайтады. Киіміңізді ауыстырып, денеңізді сумен шайыңыз. Себебі үстіңізде немесе шашыңызда қалған шаң-тозаң үй ішінде де аллергия тудыра береді».
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО