Бір дәуірдің рухы мен символы

Рудныйда Олжас Сүлейменовтің мерейтойы атап өтілді

«Әр адам – бір әлем» дейді халық даналығы. Бірақ Олжас Сүлейменов – бір ғана әлем емес, бүтін бір дәуірдің үні, ұлттық намыстың символы және азат ойдың шыңы. Жақында Рудный қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде қазақтың біртуар ақыны, қоғам қайраткері, лингвист-ғалым Олжас Омарұлы Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына арналған «Олжас – дәуірдің рухы мен символы» атты салтанатты әдеби кеш өтті.

Шара өткен мен бүгінді жалғаған, тарих пен тұлға тағдырын тоғыстырған терең мағыналы кездесу болды. Кеш барысында ақынның тек шығармашылығы ғана емес, оның қалыптасу жолындағы күрделі белестер мен бұрын-соңды көп айтылмаған тың деректер ортаға салынды. Олжас Омарұлы 1936 жылы Алматының топырағында дүниеге келгенімен, оның тағдыр-талайы бүкіл қазақ даласының тарихымен тығыз астасып жатыр. Ақынның әкесі, кавалерия полкінің офицері Омар Сүлейменұлы 1937 жылғы репрессияның қанды шеңгеліне ілініп, хабарсыз кеткен. Бұл қасірет ақынның жүрегінде өшпес із қалдырып, оның еркін ойлы болып өсуіне себеп болса керек. Олжас Сүлейменовтің өзі айтатындай, ол – «үш жүздің ұлы». Анасы Фатима ұлы жүздің қызы, туған әкесі Омар орта жүздің азаматы, өгей әкесі Абдуәли кіші жүзден тараған.

Орталықтандырылған кітапхана директоры Лариса Александренконың сөзінше, бұл кешті дайындауға ұжым бір жарым ай бойы тер төккен.

«Бұл шараның басты мақсаты – кітапты насихаттау және жастарды ұлы тұлғаның өмірімен, шығармашылығымен таныстыру. Олжас Сүлейменов – ұлттық колоритті әлемге танытқан ақын», – деп атап өтті Лариса Анатольевна.

Кітапхана мамандары ақынның атын әлемге танытқан, кезінде кеңестік идеологияны сілкіндірген «Аз и Я» кітабы мен «Мысль» журналындағы мақалаларын қайта сүзгіден өткізіп, оқырманға беймәлім қызықты мәліметтерді жинақтаған. Оның лингвистикалық ізденістері мен түркі әлемінің тарихын жаңаша зерделеуі бүгінгі жас ұрпақ үшін нағыз таным мектебіне айналды.

Кеште Рудный қаласының №14 және №15 мектеп оқушылары Олжас Сүлейменовтің отты жырларын нақышына келтіріп оқыды. Жастардың орындауындағы әрбір жол – еркіндікке ұмтылған рухтың үніндей естілді.

Сонымен қатар, шараға арнайы шақырылған қонақ – «Рудненский меридиан» әдеби бірлестігінің жетекшісі, белгілі ақын Татьяна Маркова өзінің Олжас Сүлейменовке арнаған жаңа туындысын оқып берді.

Кітапхана төрінде Олжас Сүлейменовтің бай мұрасына арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрме экспозициясы мынадай бөлімдерді қамтыды:

Алғашқы жинақтар – ақынның жастық шағындағы лирикалық ізденістері

Лингвистикалық зерттеулер – түркітану саласындағы іргелі еңбектер

Тарихи зерде – «Аз и Я» және одан кейінгі тарихи-әдеби туындылары

Көрмеге қойылған әрбір кітап – Олжас әлемінің бір бөлшегі. Жиналған қауым ақынның соңғы жылдары жарық көрген еңбектерімен де танысып, оның әлі де ізденіс үстінде екеніне тәнті болды. Олжас Сүлейменовтің жырларындағы еркіндік рухы мен еңбектеріндегі тарихи шындық келешек ұрпақ үшін әрқашан бағдаршам болып қала бермек.

 

Жанарай РҮСТЕМОВНА,

суретті түсірген Даниил САЕНКО