261 миллион теңге қарыз кешірілді

Асан Қапаров: «Банкроттық – жауапкершіліктен қашу емес, қаржылық тұрақтылықты қалпына келтіру құралы»

Рудный қаласында жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану мәселелері кеңінен талқыланды. Бұл тақырып қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының құқықтық жұмыс және өндіріп алу бөлімінің бас маманы Асан Қапаров өткізген арнайы брифингтің басты арқауына айналды. Маман аталған рәсімнің талаптарын, өтініш берудің қыр-сырын және бұл қадамға барған азаматтарды күтіп тұрған құқықтық салдарларды жіті түсіндіріп берді.

Асан Қапаров қолданыстағы заңнаманың қатаң талаптарына және іс жүзіндегі өтініштерді қарау тәжірибесіне жеке тоқталып өтті. Оның сөзінше, соттан тыс банкроттық рәсімін іске асырудың басты әрі бұлжымас шарты – борышкердің иелігінде ешқандай мүліктің болмауы.

– Банкроттық мәртебесін алуға ниетті азаматтың меншігінде жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік тіркелмеуі тиіс. Бұл тізімге пәтерлер мен жер телімдері ғана емес, автокөліктер, бағалы қағаздар және өзге де құнды активтер кіреді. Егер тексеріс кезінде мұндай дүниелер анықталса, рәсімді қолданудан бірден бас тартылады, – деп нақтылады Асан Қапаров.

Тағы бір маңызды талап – өтініш берген сәтте кредиттік міндеттемелер бойынша төлем мерзімінің кешіктірілуі кемінде 12 айды құрауы тиіс. Дегенмен, заңда ерекше жағдайлар да қарастырылған: егер берешектің өтелмегеніне бес жылдан астам уақыт өтсе, мүліктің бар-жоғына қатысты талаптар жұмсартылуы мүмкін. Мұндай жағдайда азаматтың иелігінде активтері болса да, ол банкрот деп танылуға құқылы.

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын азаматтар санатына брифинг барысында ерекше назар аударылды. Егер азамат алты ай бойы үздіксіз АӘК алып жүрсе және оның кредиттік келісімшарты 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған болса, оған қатысты талаптар жеңілдейді. Бұл санаттағылар үшін төлем мерзімінің 12 айдан аз уақытқа кешіктірілуі рәсімді бастауға кедергі болмайды. Бірақ бір шарт бар: азамат алдымен банктермен немесе микроқаржы ұйымдарымен берешекті реттеу бойынша алдын ала келіссөздер жүргізуге міндетті.

– Борышкер өзінің қаржылық жүктемесін азайту үшін қандай да бір іс-әрекет жасағанын, мәселені шешуге тырысқанын құжат жүзінде көрсете алуы керек, – деді бас маман.

Банкроттыққа өтініш беру процесі толықтай цифрландырылған. Азаматтар eGov порталы немесе электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болған жағдайда Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы жүгіне алады. Өтініш тіркелгеннен кейін ол мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесінде 15 жұмыс күні ішінде мұқият тексеріледі.

Егер құжаттарда немесе азаматтың мәртебесінде заң талаптарына сәйкессіздіктер анықталса, 11 жұмыс күні ішінде бас тарту туралы алдын ала шешім шығарылады. Бұл ретте өтініш иесіне кемшіліктерді жоюға мүмкіндік беретін тиісті хабарлама жіберіледі. Маманның айтуынша, банктер мен микроқаржы ұйымдары тарапынан төлем мерзімінің кешіктірілуіне қатысты қате мәліметтердің берілуі – бас тартудың ең жиі кездесетін себебі.

– Кейде жүйеде төлемнің кешіктірілуі 365 күннен аз деп көрсетіледі, бірақ іс жүзінде бұл мерзім бір жылдан асып кеткен болуы мүмкін. Мұндай қайшылықтар туындағанда, азаматтарға банкке барып, деректерді нақтылау үшін қосымша уақыт беріледі, – деп түсіндірді спикер.

Барлық тексерулерден сәтті өткен өтініштер бойынша банкроттық рәсімі ресми түрде басталады. Осы сәттен бастап Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті алты ай бойы азаматтың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар, бақылау шаралары өтініш бергенге дейінгі үш жылды және банкрот деп танылғаннан кейінгі үш жылдық кезеңді қамтиды.

– Егер осы аралықта борышкердің өз міндеттемелерінен қасақана жалтаруы немесе табысын жасыруы сияқты заңсыз әрекеттері әшкереленсе, банкроттық рәсімі дереу тоқтатылады, – деп ескертті Асан Қапаров.

Банкрот деп танылған азаматтың өтінішінде көрсетілген барлық кредиттері кешіріледі. Алайда, келесі үш жылда оның қаржылық іс-әрекетіне мемлекет тарапынан қосымша бақылау жасалатынын ұмытпаған жөн. Бұл кезеңде ірі мүлік сатып алуға кеңес берілмейді, өйткені мұндай фактілер анықталса, банктер сот арқылы банкроттық туралы шешімді жоққа шығаруға құқылы.

Мүлік ұғымына тек пәтер мен көлік қана емес, сонымен қатар жылжымайтын мүліктегі үлестер, бағалы қағаздар және мұрагерлік құқықтар сияқты активтер де кіреді. Спикер тіпті пәтердегі шағын үлестің өзі банкроттық туралы шешімге кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

Мемлекеттік кірістер басқармасы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылы Рудныйда 571 өтініш берілді. Оның 445-іне бас тартылды, ал 126 азамат банкрот деп танылып, 261 миллион теңгеден астам қарызы кешірілді. 2026 жылдың 3 айында 168 өтініш түсті. 128-і кері қайтарылып, 40 азамат банкрот мәртебесін алды.

Кредиттің не мақсатта алынғаны (тұтынушылық, емделуге немесе басқа) мемлекеттік органдар үшін маңызды емес. Олар тек төлемнің кешіктірілуін, қарыз сомасын және заңға сәйкестігін бағалайды. бес жыл бойы азаматтарға жаңа кредиттер берілмейді, ал банкроттыққа қайта өтініш беру тек жеті жылдан кейін ғана мүмкін болады. Дегенмен, бұл мәртебе азаматтың бостандығын шектемейді. Ол ресми түрде жұмыс істеп, еңбекақы алуға, сондай-ақ шетелге еш кедергісіз шығуға құқылы. Тек бір шарты – сатып алынатын мүлік оның табысына сай болуы керек.

Брифингті қорытындылай келе, Асан Қапаров азаматтарды қаржылық сауаттылыққа шақырып, банкроттық рәсімін жауапкершіліктен қашу емес, қиын жағдайда қаржылық тұрақтылықты қалпына келтірудің соңғы құралы ретінде қарау керек екенін баса айтты.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО