Тұрғын үй қорын басқарудағы жаңа қадам

Рудныйлық ПИК төрағалары «AMANAT» партиясымен бірлесіп, қала келбетін жақсартуға көшті

Рудный қаласында тұрғын үй қорын басқару және аула аумақтарын абаттандыру ісінде жаңа кезең басталды. Тұрғындардың қала өміріне тиімді араласуын қамтамасыз ету мақсатында, ПИК (пәтер иелерінің кооперативтері) төрағалары бірігіп, «Аманат» партиясының филиалы жанынан он тоғызыншы алғашқы партия ұйымын құрды.

Шағын аудандарды түрлендірудің басты құралы – «Халық қатысатын бюджет» жобасы. Бұл тетік қала тұрғындарына өз шаһарының келбетін жақсартуға тікелей ықпал етудің бірегей мүмкіндігін береді. Тұрғындар өздері идеялар ұсынып, жобаларды әзірлейді және онлайн-дауыс беру арқылы ең алдымен жүзеге асырылуы тиіс бастамаларды таңдайды. Олардың қатарында заманауи балалар немесе спорт алаңдарын салу, жаяу жүргіншілер жолын жөндеу, жарықтандыру орнату немесе гүлзарларды көгалдандыру жұмыстары бар. Айта кететін маңызды жайт, аулаларды кешенді түрде дамыту үшін бюджет қаражатынан бөлек, басқа да қаржы көздері белсенді тартылуда. Соның ішінде, ERG компаниясының қолдауымен жүзеге асырылатын «Tugan Qala» секілді инвестициялық бағдарламалар бар.

«Аманат» партиясы қалалық филиалының жетекшісі Назгүл Манасова атап өткендей, бұл жобаның нәтижелі болуы жергілікті тұрғындардың белсенділігіне тікелей байланысты.

– Тұрғындардың сырттай бақылаушы болып қалмай, іске араласқаны маңызды. ПИК төрағалары – әкімдік пен қала жұртшылығын байланыстыратын алтын көпір. Міндетіміз – әрбір жоба осында тұратын халыққа шынайы пайда әкелуі үшін жұмыстың барынша ашық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету, – деді ол.

Енді төрағалар партиялық құрылымдармен және жергілікті атқарушы органдармен тікелей байланыс орнататын ортақ алаңға ие болды. Жалпы жиналыс барысында жаңа ұйымның төрағасы болып «Диас» ПИК жетекшісі Павел Молошик сайланды.

– Кез келген істі сапалы әрі тиянақты атқаруға дағдыланғанбыз. Бұл ұйымның құрылуы бізге тұрғындарымыздың мұң-мұқтажын билікке тиімдірек жеткізуге, сондай-ақ әр ауладағы халықты мазалайтын абаттандыру мәселелерін жедел шешуге қосымша мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.

Қалалық жобаларды сәтті жүзеге асырудың басты кілті – тұрғындармен жүйелі жұмыс істеу. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында қала жұртшылығының бастамаларын іске асыру процесі 2022 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде айтарлықтай тәжірибе жинақталды, бұл бүгінде өткен олқылықтармен жұмыс істеуге және әрбір кезеңді мұқият жоспарлауға септігін тигізуде.

Тұрғындардан түскен идеялар жылдың басында жинақталады, содан кейін сарапшылар кеңесі олардың бюджет заңнамасына сәйкестігін тексереді.

Ең негізгі қиындықтардың бірі – дауыс жинау қажеттілігі. Егер жобаға ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) қолдану арқылы жүйеде кәмелетке толған кем дегенде 10 азамат дауыс берсе, ол қарауға жіберілетін жоба ретінде есептеледі.

Мамандардың пайымдауынша, егер жоба авторы енжарлық танытса, тіпті ең үздік идеялардың өзі қағаз жүзінде қалып қоюы мүмкін. Сондықтан ПИК төрағалары тұрғындарға мына жайтты түсіндіруі тиіс: дауыс жинау жұмысын жүйелі жүргізу қажет, өйткені жоба – бұл көршілердің ортақ бір мәселені шешу жолында бірігуі.

Кездесуде жұмыс сапасын бақылау мәселесіне ерекше назар аударылды. ПИК төрағалары мемлекеттік сатып алу арқылы келген мердігерлермен жұмыс істеу барысында кейде қиындықтар туындайтынын жасырмайды. Көбіне орындаушылар құрылысты тек күздің соңына қарай бастап, мерзімді созып алады. Бұл тұрғындардың орынды наразылығын тудырып, ал беделге нұқсан келу зардабы ПИК жетекшілеріне тиеді. Енді жаңа құрылымның арқасында төрағалар жауапсыз өнім берушілерді бақылауға алуды жеделдете алады, тіпті қажет болса, істі сотқа дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Мұндай сот талқылауларын ТҮКШ (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық) бөлімі бұған дейін де бірнеше рет бастаған болатын.

– Атқарған жұмыстарыңыздың фотосуреттерін жіберіңіздер. Мен оны тек қала деңгейінде емес, республика деңгейінде де көрсететін боламын. Халық жұмыстың жүріп жатқанын, рудныйлықтардың ортақ игілік жолында бірігіп жатқанын көруі тиіс, – деді партия филиалының жетекшісі.

Партия, әкімдік және ПИК өкілдері арасындағы бұл сұхбат тараптардың мәселені жай ғана талқылап қоймай, оларды сындарлы бағытта шешу жолдарын іздеуге дайын екендігін көрсетті. Енді Рудныйдың ПИК төрағалары «Аманат» партиясының қолдауымен жұмыстың жаңа кезеңіне дайындалуда: олар тұрғындардан ұсыныстар жинап, көршілерді жайлы қалалық орта қалыптастыру процесіне белсенді тартумен айналысады. Бүгін «уақытты өткізіп, кетсем болды» деген енжар ұстанымға жол берілмейді: тек төрағаның тұрғындармен және партиямен белсенді байланысы ғана абаттандырылған аулалар түріндегі шынайы нәтижені береді.

Жобаны қалай ұсынуға болатыны туралы ақпаратты gov.kz сайтының «Рудный қаласының әкімдігі» – «Халық қатысатын бюджет» бөлімінен табуға болады. Өтінімдерді қабылдау белгіленген мерзімде жүретінін, ал дауыс беру үшін әрбір қатысушының ЭЦҚ-сы болуы міндетті шарт екенін еске саламыз.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ