Рудныйда көлік салығын төлемегендерді анықтау жұмыстары күшейтілді
Рудный қаласының салық мамандары көлік салығын уақытында төлемеген азаматтардан қарызды өндіру жұмыстарын белсенді қолға алды. Қала бойынша 1 700 адамның мемлекетке 41 миллион теңгеден астам берешегі бар. Осыған байланысты, салық органдары жеке сот орындаушыларымен бірлесіп, борышкерлерді күнделікті қадағалау жүйесін енгізді.
Қарызды қайтару мақсатында апта сайын арнайы рейдтер ұйымдастырылуда. Мамандар салықтан жалтарып жүрген тұрғындардың үйлеріне барып, ресми хабарламалар мен салық бұйрықтарын жеке өздеріне табыстап жатыр.
«Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Біз күнделікті тұрғындарға телефон соғып, мекенжайларын аралаймыз. Жыл басынан бері 9 рейд өткізіліп, 40-тан астам борышкерге салықты өтеу қажеттілігі туралы ескерту жасалды», – деп мәлімет берді салық төлеушілермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас маманы Әсел Нұрымова.
Жүргізілген шаралар өз нәтижесін беруде: қарызы бар азаматтардың көбі байланысқа шығып, салықты төлеуге ниет білдіруде. Ал заң талаптарын орындаудан бас тартқандарға қатысты қатаң шаралар қолданылады. Мәселен, жыл басынан бері көлік салығын төлемеген 5 адам жауапқа тартылды: олардың төртеуі екі тәулікке қамауға алынса, біреуіне айыппұл салынды.
Берешек туралы ақпаратты «Салық төлеушінің кабинеті» арқылы жедел білуге болатынын еске саламыз – сонымен қатар хабарламаларға сілтемелер азаматтарға банктік қосымшалар арқылы да жолданады.
Өткен жыл үшін көлік салығын төлеу мерзімі 1 сәуірде аяқталған. Қазіргі уақытта салық органдары қарызын өтемегендерге қатысты жаңа салық бұйрықтарын рәсімдеуді бастап кетті.
Сонымен қатар, Рудный қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы 11 жеке сот орындаушысымен бірге жылдың екінші жартыжылдығына арналған рейдтер кестесін бекітті. Алдағы уақытта банк шоттарының бұғатталуы, қосымша айыппұлдардың салынуы немесе автокөліктің айып тұрағына қойылуы сияқты жағымсыз жағдайларды болдырмау үшін, мамандар тұрғындарға салық қарызын тезірек тексеріп, оны уақытылы төлеуді сұрайды.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ