«Балабақша меңгерушісінің бастамалары»: Рудныйлық педагог бас жүлдені иеленді
Қостанай облысында өткен «Балабақша меңгерушісінің бастамалары» атты аймақтық байқауда Рудный қаласының педагогі Жанна Кузембаева бас жүлдені қанжығасына байлады. Мамандықты әулеттік нысанаға айналдырған ізденімпаз ұстазбен шығармашылық жолы, заманауи балабақша менеджменті және ұлттық тәрбиенің бірегей әдістері туралы сұхбат.
Заманауи білім беру кеңістігінде мектепке дейінгі ұйымдардың рөлі жыл санап артып келеді. Балабақша – тұлғалық қалыптасудың алғашқы әрі ең маңызды баспалдағы. Жақында аймағымызда өткен «Балабақша меңгерушісінің бастамалары» атты облыстық байқау осы саланың үздіктерін анықтап, озық тәжірибелерді ортаға салды. Байқау қорытындысы бойынша Рудный қаласы білім бөлімінің №15 балабақшасының меңгерушісі Жанна Кузембаева бас жүлдені – гран-приді жеңіп алды. 15 жылдық жалпы педагогикалық өтілі бар, соның ішінде 4 жылдан астам уақыт бойы басқарушылық қызметті абыроймен атқарып келе жатқан педагог-зерттеуші Жанна Серікқызымен сұхбаттасып, жеңіске толы дода мен мекеменің тыныс-тіршілігі туралы кеңінен әңгімелескен едік.

– Жанна Серікқызы, ең алдымен облыстық деңгейдегі жарқын жеңісіңіз құтты болсын! Осы маңызды байқаудың мақсаты мен өту форматына тоқталып өтсеңіз. Бақ сынауға бел байлауыңызға не түрткі болды?
– Көп рақмет! Бұл – «Балабақша меңгерушісінің бастамалары» атты облыстық байқау. Негізгі мақсат – мектепке дейінгі ұйымдар басшыларының шығармашылық әлеуетін ашу және басқару ісіндегі тиімді инновациялық жобаларды насихаттау. Сәуір айында байқаудың ережелері жіберілген болатын. Сол кезден бастап ақырындап, жүйелі түрде дайындыққа кірістік. Байқау екі негізгі форматты (онлайн және офлайн) қамтитын бірнеше кезеңнен тұрды.
– Байқаудың кезеңдері қалай ұйымдастырылды және қазылар алқасы қатысушыларды қандай өлшемшарттар бойынша бағалады?
– Сырттай өткен алғашқы кезең 25 мамырға дейін созылды. Бұл кезеңде «Балабақшаны басқарудағы тиімді тәжірибе» тақырыбында арнайы бейнебаян әзірлеп, ұсындық. Ал екінші, яғни шешуші кезең 4 маусым күні офлайн режимде өтті. Мұнда қатысушылар төрт бірдей сыни бағыттан өтті: меңгерушінің таныстырылымы, «Менің бастамам» атты өзіндік өндірістік кейсті қорғау және берілген арнайы тақырып бойынша көпшілік алдында сөйлеу шеберлігі сыналды. Әділ қазылар алқасының құрамында қалалық және аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлері, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімін басқаратын тәжірибелі мамандар болды. Олар жұмысымыздың жүйелілігін, жаңашылдығын және басқарушылық құзыреттілікті бақылап, бағалады. Осы төрт кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинап, бас жүлдені иелену бұйырыпты. Бұл байқаудың ерекшелігі – тек қалалық, аудандық және облыстық деңгейлермен ғана шектеледі, бұдан кейінгі жоғары кезеңдері қарастырылмаған.
– Сайыста бәсекелестік деңгейі қандай болды? Қарсыластарыңыз туралы не айта аласыз?
– Облыстық кезеңге өз өңірлерінде үздік шыққан 8 қатысушы жиналды. Олардың әрқайсысы – өз ісінің нағыз шеберлері, тәжірибелі әрі мықты басшылар. Сондықтан бәсекелестік өте жоғары деңгейде сезілді. Әр меңгеруші өзіндік ерекше жобаларымен келген екен.
«Бұл – ұжым мен ата-аналардың ортақ жеңісі»
– Бірінші кезекте, бұл тек менің ғана емес, менің үлкен ұжымымның, аяулы балапандарымыз бен бүлдіршіндеріміздің ортақ жетістігі. Себебі біз дайындаған бейнебаянда балалармен, ата-аналармен және педагогтермен атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың барлық қыр-сырын көрсету керек болды. Сондықтан бұл жеңісті біздің ортақ, жүйелі әрі көпжылдық еңбегіміздің заңды қорытындысы деп білемін.
№15 балабақша 2013 жылы ашылған. Бүгінде мұнда 4 топта жалпы саны 100 бала тәрбиеленуде. Мекеме ұжымы 29 қызметкерден тұрады: оның жартысы – кәсіби педагогтер, қалған жартысы – техникалық персонал. Балабақшадағы оқу-тәрбие үдерісі толықтай мемлекеттік тілде жүргізіледі.
– Өзіңіздің кәсіби өмірбаяныңызға тоқталсақ. Осы салаға келуіңіз және қызмет жолыңыз қалай өрбіді?
– 1989 жылы Қостанай облысы, сол кездегі Ленинский (қазіргі Ұзынкөл) ауданының Амангелді ауылында дүниеге келдім. Алғашқы кәсіби біліміді Қостанай педагогикалық колледжінде алып, кейін Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында жоғары білімге қол жеткіздім. Мамандығым – «МДҰ тәрбиешісі». Еңбек жолымды 2010 жылы Сарыкөл ауданының Ішкі істер бөлімінде аудармашы әрі мемлекеттік тіл оқытушысы болып бастадым. Кейін Сарыкөл ауданындағы «Балдәурен» балабақшасында тәрбиеші-әдіскер қызметіне ауыстым. 2014 жылы Рудный қаласына қоныс аударып, мұндағы «Балдәурен» балабақшасында тәрбиеші, сосын әдіскер болып еңбек еттім. Әдістемелік салада 10 жылға жуық тәжірибе жинақтап, міне, 4 жылдан астам уақыт бойы осы №15 балабақшаның меңгерушісі лауазымын атқарып келемін.
– Ал ұстаздық жолға қалай келдіңіз?
– Бұл мамандық біздің отбасымызда нағыз «династияға», яғни ұрпақтар сабақтастығына айналған. Менің өз әжем де кезінде Торғай өңірінің тумасы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, кейіннен балабақша меңгерушісі болып ұзақ жылдар қызмет еткен. Атам мектеп директоры болды. Нағашыларым да, үйдегі төрт қыздың барлығы да – мұғалімдер. Сол себепті де болар, шаңырағымызда әдебиетке, тарихқа деген сүйіспеншілік ерекше. Алаша тоқу технологиясын да маған ең алғаш өз әжем үйреткен болатын. Сондықтан отбасымнан алған қазақы тәрбие мен тәлімді бүгінде өз жұмысымда балаларға, ата-аналар мен педагогтеріме толықтай жеткізуге тырысамын.
– Кәсіби біліктілікті арттыру бағытындағы ізденістеріңіз туралы да айта кетсеңіз.
– Заман талабына сай, биыл дефектология саласын тереңірек меңгеру мақсатында Ресей институтының магистратурасына оқуға түстім. Неге десеңіз, қазіргі таңда балалардың көбісінде тілдік құзыреттіліктің төмендігі, сөйлеу деңгейінің кешеуілдеуі жиі байқалады. Осы мәселені ғылыми тұрғыда шешу, балабақшамызда түзету-дамыту жұмыстарын жоғары деңгейге көтеру үшін осы қадамға бардым.
«Ұлттық құндылықтар 5Q» және Алаша технологиясы
– Байқауда қорғаған жобаңыздың өзегі неде? Күнделікті басқару мен тәрбие үдерісінде қандай тиімді әдіс-тәсілдерге басымдық бересіз?
– Жұмысымдағы ең басты үш қағида – балалардың қауіпсіздігі, денсаулық сақтау технологияларын енгізу және ата-аналармен тығыз, ашық байланыста болу. Ең бірінші орынға баланың жан-жақты тұлғалық дамуын қоямыз. Байқауда менің қорғаған негізгі тақырыбым «Ұлттық құндылықтар» болды. Бүгінде балабақшамызда облыс деңгейінде танылған «Ұлттық калейдоскоп» атты ауқымды жоба тұрақты жұмыс жасап жатыр. Оның басты мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балалардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру. Сайыс барысында осы бағыттағы өз тәжірибеммен бөлісіп, «Ұлттық құндылықтар 5Q» тұжырымдамасын ұсындым. Бұл баланы бес негізгі бағытта дамытуды көздейді: физикалық, әлеуметтік, эмоционалды, шығармашылық және коммуникативті даму.
– Бұл тұжырымдама іс жүзінде, күнделікті балабақша өмірінде қалай жүзеге асып жатыр?
– 1 маусымнан бастап, жазғы сауықтыру кезеңінде біз жұмысымызды жалпыұлттық «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша және өзіміздің Мектепке дейінгі типтік бағдарламамыз негізінде жүргізіп жатырмыз. Басты назар – ұлттық ойындар арқылы, еңбек терапиясын дамыту арқылы құндылықтарды сіңіру. Балабақшада балалармен бірге ұлттық киімдер мен бұйымдарды тігуді, пішуді үйренеміз, қамшы жасаймыз, тіпті өз қолымызбен құрт дайындап үйренеміз.
Мәселен, қарапайым ғана көрінгенімен, маңызы терең дүниелер бар: үлкен топтағы ұл балаларымызға үлкен кісілерге құманмен қалай дұрыс су құю керектігін үйретеміз. Оң жақтан барып, орамалды сол жақ иығыңа немесе қолыңа қалай ұстау керек – соның барлығын егжей-тегжейлі үйретеміз.

– Сұхбат барысында «Алаша технологиясы» жайлы айтып қалдыңыз. Бұл өте сирек кездесетін әдіс қой, толығырақ ашып айта аласыз ба?
– Иә, балабақшамызда «Алаша технологиясы» енгізілген. Негізі кілем тоқу үшін үлкен станок керек болса, алашаның өзінің арнайы, ықшам білдегі болады. Тарихқа сүйенсек, кілем ХІХ ғасырда тек байларда ғана болған және ол үйдің төрт жағына ілініп тұратын сән-салтанат бұйымы саналған. Ал алаша қарапайым халықтың күнделікті тұрмысында, киіз үйдің босағасына төселген. Осы тарихи танымды біз балаларға жастайынан жеткізгіміз келеді. Ата-аналардың өз қолдарымен ағаштан жасап берген арнайы кішігірім білдектері бар. Сол жерде балалар алаша тоқып үйренеді. Бұл – 2010-2014 жылдар аралығында бағдарламаға қосылған бірегей технология. Сонымен қатар музыка залымызда Абылай ханның тарихи үлгідегі 7 метрлік көрпесі мен жастықтары жасақталған. Мен өзім тарихқа, ұлттық мұраға өте берілген адаммын және осы құндылықтарды балабақша интерьеры мен тәрбиесіне толық кіріктірдім.
– Балабақша тәрбиеленушілері мен педагогтерінің өзге де шығармашылық байқауларға қатысу белсенділігі қандай?
– Әрине, балаларымыз бен тәрбиешілеріміз түрлі деңгейдегі сайыстарға міндетті түрде қатысады. Сабақ уақытында да, жазғы кезеңде де шығармашылық тоқтамайды. Мысалы, жуырда ғана өткен «Өнерім саған, Қазақстан» атты облыстық байқауда біздің балабақша бүлдіршіндері жүлделі 1-орынды иеленді. Бұдан бөлек, түрлі республикалық деңгейдегі интеллектуалдық және шығармашылық сайыстарда да балаларымыз ұдайы үздік орындардан көрініп келеді.
Бұл жетістіктердің барлығы – мекемеміздегі сапалы білім мен саналы тәрбиенің, ұжымның бірлескен қажырлы еңбегінің жемісі. Облыстық байқаудағы бұл Гран-при бізді тоқмейілсітпейді, керісінше, алдағы уақытта жаңа белестерді бағындыруға, ұлттық құндылықтарымызды заманауи трендтермен ұштастыра отырып дамытуға үлкен серпін береді.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО
