Рудныйда «Жадыра» ансамблінің есептік концерті өтті
Кеншілер қаласы Рудныйда өнерсүйер қауымды бір арнаға тоғыстырған ерекше мәдени шара өтті. Көптеген жылдар бойы қазақтың ән өнерін дәріптеп келе жатқан, 35 жылдық тарихы бар «Жадыра» фольклорлық-этнографиялық ансамблі кезекті шығармашылық есептік концертін берді.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл кеш ұжымның жазғы еңбек демалысына кетер алдындағы үлкен есебі іспетті.
Биылғы концерттің бағдарламасы өте бай әрі мазмұнды болды.
– Жалпы халық әндерін, Шәмшінің туындыларын және патриоттық әндерді орындадық. Құрамымыздағы өнерпаздардың бәрі – 70-тен асқан әжелер. Биыл қатарымызға ағалар келіп қосылып, аспаптық ансамбль құрдық. Халық әні «Жайдарманды», Шәмшінің «Қайдасың» әнін нақышына келтіріп орындағанда көрермен жылы қабылдады, – дейді ансамбль мүшесі Шәмшия Қайыркенова.
Музыкалық кешке дайындық та үлкен жауапкершілікпен жүргізілген. Ұжым тұрақты түрде аптасына екі рет (дүйсенбі және бейсенбі күндері) жиналып, репертуарларын пысықтап отырған. Ал концертке бір айдай уақыт қалғанда, нақты 8 дайындық бойы арнайы бағдарлама құрылып, әр нөмір жіті өңделген. Осындай қажырлы еңбектің нәтижесі сахнадан анық байқалды.

Рухани кешке тек рудныйлықтар ғана емес, облыс орталығынан да арнайы қонақтар келді. Қостанай қаласынан келген «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері ұйым басшысымен бірге ансамбльді мерекесімен құттықтап, өздерінің ақжарма алғыстары мен шынайы ықыластарын білдірді.
Ескендір Хасанғалиевтің атақты «Атамекен» әні орындалғанда зал толы көрермен бір кісідей орындарынан тұрып, өнерпаздарға қол соғып, зор құрмет көрсетті. Тіпті көпшіліктің толқып, көзіне жас алғаны да байқалды.
Кеш соңында ансамбль мүшелері өздерін әрдайым қолдап, залды толтырып отыратын көрермен қауымға шексіз ризашылықтарын жеткізді:
– Бейбіт заманда өмір сүре берейік, қазақ әні шарықтай берсін, шалқи берсін. Ансамбліміз әрқашан биіктен көрінсін!
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО