Апат айтып келмейді

Арнайы техникаға жол ашу – өмірді сақтап қалудың кепілі

Көпқабатты үйлердің ауласындағы бейберекет қойылған көліктер мен заңсыз орнатылған бөгеттер – бүгінгі күннің басты бас ауруына айналып отыр.

Осы түйткілді тарқату мақсатында Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері ауқымды іске кірісті. Жуырда ғана Космонавтар даңғылындағы №15 үйдің маңында құтқарушылардың арнайы техникасы жұмылдырылып, жедел қызметтердің жүруіне кедергі келтіріп тұрған екі бірдей үлкен бетон блок сүріліп тасталды.

Бұл жұмыстар кездейсоқ емес, қала аумағында мамыр айының ортасынан бастау алған «Еркін жол жүру» акциясы аясында шұғыл ұйымдастырылып жатыр. Шараның негізгі мақсаты – кенеттен болатын апаттардың алдын алу, құтқару көліктерінің тұрғын үйлерге еш кедергісіз, уақытылы жетуін қамтамасыз ету.

Осы ретте Төтенше жағдайлар басқармасының инженері Самрат Раимов бұл іс-шараның неліктен қолға алынғанын былай деп түсіндірді:

– Мұндай игі шараларды өткізу бүгінгі күннің басты талабы болып тұр. Өйткені көппәтерлі үйлердің маңында көлік қозғалысын шектеп, жолды байлап тастайтын түрлі бөгеттер өте жиі пайда болады. Бұл ретте қандай да бір шектеудің болмауы тиіс: мейлі ол бетон блоктар болсын, үлкен бөренелер немесе өтуге кедергі жасайтын басқа да заттар болсын – бәрі заңсыз. Біз әрбір осындай жағдай бойынша аумақты мұқият тексеріп, жол жиегіндегі кедергілердің көзін жою үшін тиісті шұғыл шараларды қабылдап жатырмыз.

Мамандардың сөзінше, жолдың ашық әрі таза болуы – әрбір тұрғынның қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Өрт шыққанда, жол-көлік оқиғасы орын алғанда немесе коммуналдық желілерде ірі апаттар бола қалған жағдайда әрбір секунд алтынмен тең. Өрт сөндіру машинасының, жедел жәрдемнің немесе құтқарушылардың алып көлігінің жолында тұрған титтей де болсын бөгеліс, апаттық-құтқару жұмыстарын тежеп, үлкен қайғыға әкеп соқтыруы мүмкін. Дәл осы себепті де ТЖБ қызметкерлері аулаларды жүйелі түрде аралап, проблемалы аймақтарды жіті бақылауда ұстап отыр. Бүгінгі таңда қаланың бестен астам ауласында осындай кедергі келтіретін нысандар анықталған.

– Біз мұндай проблемалы учаскелерді тікелей көзбен көріп, зерделеу жұмыстары арқылы анықтаймыз. Қызметкерлеріміз бекітілген аумақтарға арнайы шығып, аулаларды мұқият тексереді және тұрғындар арасында түсіндіру, алдын алу жұмыстарын белсенді жүргізеді, – деді ТЖБ инженері Самрат Раимов.

Ауладағы жасанды қоршаулардан бөлек, арнайы техниканың өтуіне мұрша бермей, тар жолға сыналап қойып кететін жекеменшік автокөліктер де үлкен мәселеге айналып отыр. Бұл түйткілді түпкілікті шешу үшін құтқарушылар алдағы уақытта полиция қызметкерлерімен бірлесіп, ауқымды рейдтік шараларды өткізуді жоспарлап қойған.

Космонавтар даңғылындағы жұмыстар барысында басқарма мамандары аталған үйдің тұрғындарымен де жүзбе-жүз тілдесіп, мәселенің мән-жайын ұғындырды. Әрине, бұл шараға қатысты қала тұрғындарының пікірі екіге жарылды: бірі құптаса, екіншісі өз ыңғайын ойлап наразы. Десе де, құтқарушылар жолдарды босату – ең алдымен тұрғындардың өз қауіпсіздігі мен мүддесі үшін жасалып жатқан шаруа екеніне кәміл сенімді.

Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғын үйлерге кедергісіз кіруді қамтамасыз ету – тек жедел әрекет ету қызметтерінің ғана емес, бүкіл қала тұрғындарының ортақ міндеті екенін тағы да қаперге салады. Мамандар жұртшылықты өз бетінше заңсыз қоршаулар орнатпауға және темір тұлпарларын арнайы техниканың қозғалысына кедергі келтіретіндей етіп тастап кетпеуге шақырады.

«Еркін жол жүру» акциясы мұнымен тоқтап қалмайды, өз жалғасын таба береді. Құтқарушылар алдағы уақытта да осындай кедергісі бар тұстарды анықтап, алдын алу шараларын күшейтпек. Мақсат біреу – өрт сөндірушілердің, медицина қызметкерлері мен апаттық-құтқару қызметі мамандарының оқиға орнына еш кедергісіз, уақыт созбай жете алуын қамтамасыз ету.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО