«Арманыма жеттім!»

Ұлттық дәмді ұлықтаған ана: Рудныйлық кәсіпкердің табыс сыры

Ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, табиғи дәмді қала халқына ұсынып отырған кәсіпкерлер қатары артып келеді. Солардың бірі – Рудный қаласындағы «Глобус» базарында ұлттық тағамдар дүкенін ашып, көптің ықыласына бөленген көпбалалы ана, жеке кәсіпкер Мақпал Тулегенова.

Мақпал Сейтханқызы – көпбалалы ана, сонымен бірге ерекше бала тәрбиелеп отырған қайратты жан. Өз ісін бастау туралы шешімін ол былай деп еске алады:

«Шыны керек, бәрін үйде отырып бастадым. Өзім көпбалалы анамын, ерекше балам бар. Үйде отырғанда үнемі ойланатынмын: «Неге біздің Рудный қаласында ұлттық дәмді, таза табиғи өнімді сататын арнайы дүкен жоқ? Неге біз өз құндылықтарымызды дәріптемеске?» дейтінмін. Қалаға келгенде бәрібір ауылдың дәмін сағынады ғой. Болашақ ұрпақ та нағыз табиғи өнімнің не екенін біліп өссін деген ой келді. Содан нар тәуекел деп, осы өзгеше бизнесті қолға алдым».

Алғашында үйде отырған ананың бұл ойын жүзеге асыруына бір танысының жылы сөзі мен кеңесі түрткі болыпты.

«Бір танысым грант туралы естіп, маған айтты: «Сенің ерекше балаң бар, өзің жан-жақтысың, пысықсың, бағыңды сынап көрсеңші» деді. Маған себепші болған сол кісі. Басында «жоқ, болмайтын шығар, үйде отырған анамын ғой, маған кім береді» деп күмәнданғаным рас. Бірақ тәуекел етіп, ұлттық дәм жобасымен грант байқауына қатыстым. Аллаға шүкір, 2023 жылы 1 миллион 380 мың теңге көлеміндегі сол грантты ұтып алдым. Ол ақша толықтай бизнеске жол бастауға, ісімді ашуға берілді. Мен оны түгелдей ұлттық дәмдерге, қажетті өнімдерге жұмсадым».

Грант алғаннан кейін кәсіпкер алғашқы қадамын «Универсам» сауда үйіндегі шағын орыннан бастаған. Бүгінде үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп тұрған кәсіптің ауқымы кеңейген: қазір «Восход» жағынан үлкенірек дүкен ашылса, «Глобус» базарында тұрақты тұтынушылары үзілмейтін берекелі нүктесі бар.

Дүкендегі өнімдердің сөреде ұзақ тұрмайтыны бірден байқалады. Мұның сыры – өнімнің тазалығы мен табиғилығында. Кәсіпкер шикізатты сырттан емес, өз жақындарынан алатынын мақтанышпен жеткізді:

«Барлығы таза, табиғи өнім және қолдан жасалады. Ауылда апам тұрады. Өзінің сиырлары бар. Сүтін сауып, ірімшігін қайнатып, майын шайқап, бәрін дайындап береді. Біз соны қала халқына дәріптеп ұсынып отырмыз. Одан бөлек, дүкенде қолдың женті, сары ірімшік, табиғи сүт өнімдері бар.

Қазір қазақи нақыштағы тойлар өте көп. Біз сондай тойлар мен Наурыз мерекелерінде дастарханның сәнін келтіретін қазақи ыдыстарды прокатқа береміз. Ұлттық дәмдерден қоржындар, ерекше себеттер жинаймыз. Қазір бізде трендте тұрған, хит болған өзгеше той сандықтары бар, бұл біздің қалада еш жерде жоқ».

Баға саясаты туралы сұрағанымызда, Мақпал ханым тұтынушыларына барынша икемді екенін жасырмады:

«Бағаларымыз орташа, халыққа қолжетімді. Тұрақты клиенттерімізге міндетті түрде жеңілдіктер жасаймыз. Алыстан келіп, көп мөлшерде, көтерме бағамен алатындар бар. Тіпті шетелге, басқа жаққа самолетпен алып кететін клиенттерімізге де жеңілдік қарастырылған. Көбінесе тойларға, қонақ күтуге көп тапсырыс береді. Тұтынушылар риза болып жатады. Өйткені бізге келген әрбір адамға мен алдымен құрттың, майдың дәмін татқызамын. Адам бірінші дәмін көріп, ұнатуы керек. Содан кейін өздері-ақ іздеп келеді. Кеше ғана кешкісін бір кісі келіп, бірден 5 келі өнім алып кетті».

Үш жыл ішінде Мақпал Тулегенова тек саудамен ғана айналысып қоймай, қаланың әлеуметтік өміріне де белсене араласып үлгерген. Ол Рудныйдағы «Леди Босс» кәсіпкер әйелдер қауымдастығының белсенді мүшесі.

«Осы бірнеше жылдың ішінде қаламызда өткен қайырымдылық шараларынан шет қалған емеспіз. Ораза айында, басқа да айтулы күндерде мектептерде кәсіпкер ретінде демеуші болдық. Қаншама мұқтаж жандарды, көпбалалы отбасыларды қуанттық. Шамамыз келгенше азық-түлікпен де, ақшалай да, өзіміздің ұлттық өнімдерімізбен де көмек көрсетіп келеміз. Әсіресе, өзім ата-ана ретінде Міржақып Дулатов атындағы мектепке жиі демеушілік жасаймын. Осы еңбегіміз еленіп, 2023 жылы қала әкімінен Алғыс хат та алдық. Мұның бәрі – осы ісіміздің берекесі».

Кәсіпкер бұған дейін мүлдем басқа салаларда жұмыс істегенін айтады. Ет сатушысы, жеміс-жидек дүкенінде, тіпті балабақшада да қызмет қылған. Бірақ бала кезгі арманы саудагер болу еді.

Бүгінде рудныйлық ананың өніміне көршілес Қостанай, Лисаковск қалаларынан да сұраныс жоғары. Көптеген тұтынушылар «Неге бізге келіп дүкен ашпайсыз?» деп қолқа салады екен. Кәсіпкер алдағы уақытта өзге қалалардан да нүктелер ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сөз соңында Мақпал Сейтханқызы қала тұрғындарына өзінің жылы лебізін білдірді:

«Рудный қаласының тұрғындары мен қонақтары! Сіздерді біздің «Глобус» базарындағы ұлттық тағамдар дүкенімізге шақырамыз. Сағындырған ауылдың таза, шынайы дәмін бізден таба аласыздар. Қазақи құндылығымызды бірге дәріптейік!»

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО