Жасыл әлемге жанашыр ұрпақ

Рудныйдағы «Виктория» аула клубының жас экологтары қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуда

Рудный қаласы білім бөлімінің «Балалар тәрбиелеу-сауықтыру кешеніне» қарасты «Виктория» аула клубы жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың тұлғалық деңгейде қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып келеді.

Аталған аула клубының басты мақсаты – қоғамда табысты әлеуметтену мақсатында негізгі құзыреттерді, жеке мәдениетті, жоғары оң мотивацияны меңгерген баланың жеке басын жан-жақты дамыту.

Жас буынның шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін ашуға бағытталған бұл орталықта балалардың таңдауына сәйкес бірнеше бағытта үйірмелер жұмыс істейді. Атап айтқанда, клубта бейімділігі мен қызығушылығына қарай «Волшебный мир оригами» үйірмесі, би сыныптары, ағылшын тілі бойынша арнайы үйірме, сондай-ақ тоғызқұмалақ, теннис және шахмат ойындары қарастырылған. Клубтың жұмысы дүйсенбі мен сенбі аралығында, арнайы бекітілген кестеге сәйкес жүйелі түрде жүргізіледі. Осындай жан-жақты білім мен тәрбие ошағының аясында айрықша маңызға ие, балаларды экологиялық мәдениетке баулитын «Экология және адам» үйірмесінің алатын орны ерекше.

«Экология және адам» үйірмесі жас буынның табиғат анаға деген сүйіспеншілігін оятып, қоршаған ортаның маңыздылығын жете түсінуіне бағытталған бірегей жоба. Қазір үйірмеде экологиялық білім мен тәрбие алуға ынталы 15 оқушы тұрақты түрде шұғылданады. Үйірме мүшелері. Күн сайын клубқа келіп, түрлі гүлдерді отырғызады, оларды күтіп-баптайды, суарады және әр өсімдікке ерекше қамқорлықпен қарайды. Үйірме бағдарламасында қоршаған ортаны тануға негізделген танымдық экскурсиялар мен арнайы экологиялық викториналар ұйымдастырылады. Осы іс-шаралар барысында жас өрендерге экологияны қалай қорғау керек, табиғат тепе-теңдігін сақтау үшін адам баласы не істеуі қажет деген маңызды сұрақтар төңірегінде терең ақпарат беріледі.

– Үйірменің басты мақсаты – балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу, – дейді «Экология және адам» үйірмесінің жетекшісі Аягөз Исмаилова.

Клубтағы үйірме жұмыстарының қаншалықты қызықты әрі нәтижелі өтіп жатқанын аңғару қиын емес.

– Бір жылдан бері қатысып келемін. Мұнда гүлдерді суарып, күтіп-баптаймыз, олардың тазалығына көңіл бөлеміз. Қоршаған ортаны аялауды үйреніп жүрміз. Маған қатты ұнайды, – дейді үйірме тәрбиеленушісі Айару Әлібекова.

Табиғатқа деген жанашырлық пен жауапкершілік кішкентай өсімдікті күтіп-баптаудан басталады. Осындай тәрбие алған балалардың болашақта қоршаған ортаға жанашыр азамат болып қалыптасары анық.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО