Маусым басталғалы бері Рудный аумағында 178 өрт тіркелді
Көктем мезгілінің келуімен аймақта өрт қаупі жоғары кезең басталады. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары күшейтілген алдын алу режиміне көшті.
Аптап ыстық, қурай және тұрғындардың бейқамдығы ондаған өрт оқиғасының туындауына басты себеп болып отыр. Дегенмен қарапайым қауіпсіздік ережелері сақталған жағдайда, мұндай төтенше оқиғалардың басым бөлігінің алдын алуға болар еді.
Рудный қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының аға анықтаушысы, азаматтық қорғау лейтенанты Ержан Тұралиннің мәліметінше, биылғы жағдай өткен жылмен салыстырғанда біршама тұрақты.
– Өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері біздің бөлімшелер дабыл бойынша 178 рет шақыртуға шықты. Оның ішінде 57 рет құрғақ шөптің, 75 рет қоқыс пен қалдықтардың жануын сөндірдік, ал калған 46 жағдай басқа да себептерге байланысты болды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 241-ге жеткен еді. Статистиканың төмендеуі байқалғанымен, босаңсымау керек. Әрбір өрт – азаматтардың өмірі мен мүлкіне төнетін тікелей қауіп, – дейді ол.
Мамандар оң көрсеткіштерге жүйелі түрде жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізілді. ТЖБ қызметкерлері күн сайын жеке секторлар мен саяжай қоғамдастықтарында рейдтер ұйымдастырып, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары жазылған жадынамалар таратады. Сонымен бірге ереже бұзған жағдайда қолданылатын әкімшілік жауапкершілік туралы да түсіндіруде. Алдын алу шаралары демалыс және мереке күндері ерекше қарқын алады. Бұл күндері тұрғындар саяжай учаскелеріне барып, аумақты тазалаумен, шөп шабумен және ағаштарды отаумен айналысады. Өкінішке қарай, көпшілігі өсімдік қалдықтарынан құтылудың ең оңай жолы ретінде от жағуды таңдайды. Дәл осындай бейқамдық жиі ауыр салдарға әкеліп соқтыратын төтенше оқиғаларға себеп болып жатады.
Ержан Тұралиннің айтуынша, өрт қаупі бар кезең басталғалы бері өрт сөндіру бөлімшелерінің шақыртумен шыққан жағдайларының жартысынан астамы тура қурай мен қоқыстың жануымен байланысты.
– Өртті өздігінен бақылауда ұстай аламыз деп ойлайды. Алайда жағдайдың толықтай бақылаудан шығып кетуі үшін желдің бір қатты соққаны да жеткілікті. Жалын кепкен өсімдіктер арқылы өте жылдам таралып, қоршауларға, шаруашылық құрылыстарына, ал кейін тұрғын үйлерге ауысады. Оның салдары өте ауыр болуы мүмкін, – деп атап өтті маман.
ТЖБ өкілдері заңнамада ашық от жағуға қатысты қатаң талаптар белгіленгенін ескертеді. Ашық отты өрт қауіпсіздігінің барлық нормаларын сақтағанда өртеуге болады. От жағатын орын ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта орналасуы тиіс. Бұдан бөлек, арнайы металл ыдысты пайдалану қажет, ал жанында міндетті түрде өртті сөндіру құралдары – су, өртсөндіргіш немесе басқа да құрал-саймандар болуы керек. Дегенмен бұл талаптарды орындау екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзып, қалдықтарды заңсыз өртеткені үшін әкімшілік айыппұл қарастырылған. Біріншіден, мұндай қалдықтар адам денсаулығына зиянды ұлы заттар бөледі. Екіншіден, олар әдеттегі шөпке қарағанда әлдеқайда қарқынды жанады және мұндай өртті сөндіру де қиынырақ. Дәл осы себепті ТЖБ қызметкерлері қоқыстан от арқылы құтылуға тырыспай, арнайы жабдықталған контейнерлік алаңдар мен коммуналдық қызметтердің көмегіне жүгінуді ұсынады. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Көрсетілгендей, қалдықтарды заңсыз өртеткені үшін айыппұл салынады.
– Ағымдағы жылы өрт салдарынан адамдардың қаза болу деректері тіркелген жоқ, – деп атап өтті Ержан Тұралин.
Дегенмен төтенше оқиғаларсыз болмады. Маусым айында Ленин көшесіндегі №44 үйдің пәтерлерінің бірінде темекі шегу кезінде отты абайсыз пайдалану салдарынан өрт шыққан. Өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің жедел әрекет етуінің арқасында тұрғын уақтылы эвакуацияланып, аман қалды.
Құтқарушылар ерекше көңіл бөлетін тағы бір маңызды мәселе – балалардың қауіпсіздігі. Биыл балалардың отпен ойнауы салдарынан шыққан өрт оқиғалары ресми түрде тіркелмегенімен, мамандар мұндай қауіптің жоқтығын білдірмейтінін баса айтады.
– Егер бала байқаусызда құрғақ шөпті өртеп алса, оны анықтау өте қиын. Әдетте, балалар отты көргенде қорқып, қашып кетеді, сондықтан өрттің нақты себебін белгілеу оңайға соқпайды. Алайда бұл мәселеге үстірт қарауға негіз емес. Ата-аналар балаларға сіріңке мен оттықтың ойыншық еместігін міндетті түрде түсіндіруі тиіс. Отпен ойнау қайғылы жағдайларға әкеп соғуы мүмкін, – дейді Ержан Тұралин.
Өрт оқиғаларының азайғанына қарамастан, Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындарды сақтық шараларын әрдайым есте ұстауға шақырады. Алда әлі аптап ыстық күндер аз емес, демек, өрттің шығу қаупі жоғары деңгейде сақталып отыр
Арай АХМЕТ,
Рудный қалалық ТЖБ мұрағатынан