Ары қарай мәселе кооперативте емес, үйде: ертең оны кім басқарады
Рудный қаласында пәтер иелері кооперативтерін (ПИК) қайта тіркеу мерзімі аяқталды. Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мейірбек Исмағұлов аталған кооперативтердің жұмысына қойылатын жаңа талаптарды, әрбір үй үшін жеке шоттарды пайдалану, қаражатты жұмсау тәртібі және берешекті өндіріп алу мәселелерін түсіндірді.
– Мейірбек Райымбекұлы, ПИК—терді қайта тіркеу процесі аяқталды. Бұл процесс қандай мерзімді қамтыды және оны жүргізу қажеттілігі неден туындады?
– 2024 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына өзгерістер енгізілді. Заңға сәйкес, еліміздегі барлық ПИК 2026 жылдың 16 шілдесіне дейін қайта тіркеуден өтуге тиіс болды. Бұл рәсімді аяқтауға шамамен бір жарым жыл уақыт бөлінді.
Реформаның басты мақсаты — көппәтерлі үйлерді басқаратын органдардың қызметін барынша ашық ету. Енді тұрғындар өз үйлеріне қанша қаражат бөлінгенін, оның қалай жұмсалғанын және қандай шешімдер қабылданып жатқанын нақты көре алады.
– Рудный қаласында қайта тіркеу процесінің нәтижелері қандай?
– Қалада 32 ПИК тіркелген болатын. Олардың отызы қайта тіркеуден өтті. «Сәулет» және «Новатор-127» атты екі ПИК бұл рәсімнен өткен жоқ, себебі олардың әрқайсысы тек бір ғана үйге қызмет көрсететін. Олардың орнына «Ленин, 217» және «Новатор-127» МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) құрылды. Осылайша, қаладағы барлық көппәтерлі үйлер қазіргі таңда заңнама талаптарына толық сәйкес келеді.
– ПИК активтері мен міндеттемелерінде қандай өзгерістер бар?
– Бұл тұрғыда елеулі өзгерістер болған жоқ. Тек заңды тұлғалық нысаны ғана өзгерді. Бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН) сол күйінде қалды, ал барлық активтер, бухгалтерлік есеп деректері мен міндеттемелер толық сақталып, жаңа МИБ-терге берілді. Қазір жаңа мөрлер жасалып, банктік деректемелер жаңартылуда және қажетті шоттар ашылуда. Тұрғындар үшін бұл жағынан ешқандай өзгеріс болған жоқ.
– Қазіргі таңда көптеген адамдар терминологияға қатысты шатасып жатады. Көппәтерлі үйлерді басқарудың қандай нысандары қолданыста?
– Үйді басқару нысаны мен басқарушы субъектінің өзін ажырата білу маңызды.
Тұрғын үй иелері МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) немесе тікелей бірлескен басқару нысанын таңдай алады. Ал басқарушы субъект ретінде МИБ немесе кәсіби басқарушы компания әрекет ете алады.
Рудный қаласында жылжымайтын мүлікті басқарушы компаниялар да өз қызметін жалғастыруда. Мәселен, «Спутник» ЖШС тұрғын үйлерді басқаруды әрі қарай жүргізіп келеді. «Лахта» қоғамдық бірлестігі де басқарушы компания ретіндегі жұмысын жалғастыруда. Ал «Самал» қоғамдық бірлестігіне келетін болсақ, ол енді ғимараттарға қызмет көрсетумен айналыспайды, бұл жұмысты қазір жаңадан тіркелген «Самал» МИБ атқарады.
– Заңның негізгі талаптарының бірі — әрбір ғимарат үшін екі банктік шотты жүргізу. Бұл неліктен маңызды?
– Әрбір ғимаратқа екі шот ашылуы тиіс: ағымдағы шот және жинақтау шоты. Ағымдағы шот ғимаратты күнделікті күтіп-ұстауға байланысты шығындарды өтеуге пайдаланылады. Ал жинақтау шоты тек күрделі жөндеу жұмыстарына арналған. Бұл шоттағы қаражатты ағымдағы қажеттіліктерге жұмсауға болмайды. Мұндай тәсіл шатырды және инженерлік желілерді ауыстыруға, сондай-ақ кіреберістерді, ортақ пайдалану орындарын жаңартуға және басқа да ауқымды күрделі жұмыстарды жүргізуге қажетті қаражатты біртіндеп жинақтауға мүмкіндік береді.
– Бұрынғы ПИК алдындағы барлық қарыз жаңа МИБ—ке ауыстырылды ма?
– Иә. Барлық құқықтар мен міндеттемелер толық сақталды. Егер меншік иесінің ПИК алдында өтелмеген қарызы болса, енді ол қарыз МИБ-ке тиесілі болады.
– Кейбір пәтерлерде бірнеше жүз мың теңгеге жететін қомақты қарыз бар. Мұндай сомалар қалай өндіріп алынады?
– Азаматтық кодекстің 189-бабына сәйкес, меншік иесі өз мүлкін күтіп-ұстау міндетін атқаруға тиіс. Қарыз пайда болған жағдайда, МИБ немесе коммуналдық қызмет көрсететін компания атқарушылық жазба жасату үшін нотариусқа жүгінеді. Содан кейін құжаттар сот орындаушысына тапсырылады. Бұрын мұндай мәселелер сот арқылы шешілетін. Қазіргі уақытта бұл рәсім айтарлықтай жеңілдетілген.
– Қорытындылай келе, қазір әрбір ғимарат тек өз қаражаты есебінен жұмыс істейді деп айта аламыз ба?
– Дәл солай. Бұрын «ортақ қор» жүйесі қолданылса, қазір түскен барлық қаражат нақты бір ғимаратқа бөлінеді. Қаражат ең алдымен міндетті шығындарға, атап айтқанда, жедел диспетчерлік қызметке, электрик пен сантехник қызметіне, аумақты күтіп ұстауға және ортақ пайдалану орындарын жарықтандыруға жұмсалады. Ал кіреберістерді жөндеу, абаттандыру немесе күрделі жөндеу сияқты қосымша жұмыстар сол ғимараттың қаржылық мүмкіндіктеріне қарай жүзеге асырылады.
Мейірбек Исмағұлов сұхбатты қорытындылай келе, қазіргі таңда МИБ ең алдымен жылыту маусымына дайындық жұмыстарына мән беріп жатқанын атап өтті. Нысандардың жылу беру маусымына дайындығын қадағалайтын комиссия құрылып, отырысы аптасына екі рет — сейсенбі және бейсенбі күндері өткізіледі.
Жеті МИБ қажетті құжаттарды толық тапсырып үлгерді, ал қалғандары дайындық жұмыстарын аяқтау үстінде. Жылу жүйесін жуып-тазалау жұмыстары шамамен 80 пайызға орындалды. Барлық МИБ қыркүйек айына дейін әзірлік паспортын алады деп күтілуде.
Снежанна АЖҒУЖИЕВА,
суретті түсірген Даниил САЕНКО