Сөз бәйгесін кім ұтты, тіл не ұтты?

«Тіл – ұлттың жаны» жобасы аясында ана тілімізді дәріптеуге бағытталған зияткерлік сайыс ұйымдастырылды

Рудный қаласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, оның қоғамдық ортадағы мәртебесін арттыруға бағытталған мазмұнды шара өтті. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырған «TIL-QUEST» зияткерлік квиз ойыны «Тіл – ұлттың жаны» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында, «Саналы ұрпақ 2050» қоғамдық қорының қолдауымен өткізілді.

Танымдық сайыстың негізгі мақсаты – Рудный қаласында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қазақ тілін насихаттау және қала тұрғындары арасында мемлекеттік тілді кеңінен дәріптеу. Бұл ретте тіл үйретумен ғана шектелмей, тұрғындардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттырып, оны күнделікті қоғамдық ортада қолдануға ынталандыруға басымдық берілді.

Зияткерлік ойынға барлығы төрт команда қатысты. Атап айтқанда, Рудный қаласы әкімінің аппаратынан «Тіл тұғыры», қала тұрғындарынан құралған «Тіл қырандары», Рудный қаласының кітапханасы атынан «Кітапхана» және қалалық көпсалалы ауруханасының «Ақ халатты IQ» командалары бақ сынады.

Қатысушылардың білімін саралаған ойын алты кезеңнен тұрды. Алғашқы «3 сурет – 1 сөз» кезеңінде үш суретке ортақ атауды табу қажет болса, «Туған жерім – тұғырым» кезеңінде еліміздің географиялық орындары анықталды. «Ұлылар ізімен» бөлімінде ұлы тұлғалар берілген ақпараттармен сәйкестендірілді. Ал «Ұлттың ұлы мұрасы» кезеңі халқымыздың салт-дәстүрлерін тануға арналды. Сайыстың келесі кезеңі – «Әуенді мозаикада» қатысушылар жасырылған әуендерді анықтаса, «Мақал – сөздің мәйегі» кезеңінде мақал-мәтелдер суреттер арқылы жасырылып, командалар олардың мағынасын тауып, дұрыс жауап беруге тырысты. Әдебиет, тарих, география, музыка және ұлттық құндылықтар қамтылған түрлі бағыттағы тапсырмалар қатысушылардың білімін әрі ойлау қабілеті мен тапқырлығын да сынға салды.

Қалалық тілдерді оқыту орталығының басшысы Жанат Досубаеваның сөзіне сүйенсек, «TIL-QUEST» – жыл басынан жоспарланған «Тіл – ұлттың жаны» кешенді жобасының алғашқы шарасы.

«Негізгі мақсат – Рудный қаласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, насихаттау және тұрғындар арасында мемлекеттік тілді кеңінен дәріптеу.

Ал орталығымыздың негізгі қызметі – тұрғындарға тіл үйрету. Сонымен қатар тыңдаушыларымызды облыстық және республикалық деңгейдегі байқауларға қатысуға бағыттап, мемлекеттік мерекелерге арналған іс-шараларға да белсенді тартамыз. Мұндай жұмыстар жылдық жоспарға сәйкес жүйелі түрде жүргізіледі», – деді Жанат Досубаева.

«Тіл – ұлттың жаны» жобасы бір ғана зияткерлік ойынмен шектелмейді. Жыл соңына дейін оның аясында бірнеше бағыттағы шара өткізу жоспарланған. Биыл Абай атамыздың туғанына орай арнайы іс-шара ұйымдастырылмақ. Бұдан бөлек, Рудный қаласындағы тіл тазалығы мен жарнама мәселесіне арналған дөңгелек үстел өткізу көзделген. Сондай-ақ биылғы жылға белгіленген бағыттарға сәйкес жасанды интеллект тақырыбына арналған және мұғалімдерді қолдауға, олардың кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған инновациялық сабақ өткізу жоспарланып отыр.

Жоба аясындағы атқарылған жұмыстардың қорытындысы ретінде жыл соңында «Тіл премия» атты үлкен салтанатты шара ұйымдастырылмақ. Онда жыл бойы мемлекеттік тілді насихаттауға үлес қосқан қала тұрғындары назардан тыс қалмай, марапатталады.

«TIL-QUEST» ойынының жеңімпаздары да арнайы жүлделермен марапатталды. Байқау қорытындысында бас жүлде «Кітапхана» командасына бұйырды. I орынды «Тіл қырандары», II орынды «Ақ халатты IQ», III орынды «Тіл тұғыры» командалары иеленді. Жеңімпаз командаларға тиісті жүлделерімен бірге арнайы сертификаттар да табысталды.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – бір күндік шарамен шектелмейтін, жүйелі әрі үздіксіз жұмысты қажет ететін маңызды бағыт. Осы тұрғыдан алғанда, «Тіл – ұлттың жаны» жобасы тұрғындардың тілге деген қызығушылығын арттырып, мемлекеттік тілді қоғамдық өмірдің әр саласында кеңінен қолдануға мүмкіндік беретін кешенді бастама ретінде жалғасын табады.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО