Қауіпті індеттің жаңа сипаты: заңсыз сақтау, өсіру, притон және есірткі граффитиі
Рудный қаласында 2026 жылдың алғашқы алты айында есірткіге қатысты 18 қылмыстық іс тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аз. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы алты айында мұндай 21 дерек есепке алынған еді. Бұл туралы Рудный қаласы прокурорының орынбасары Орынбасар Сартов хабарлады.
Прокурор орынбасарының мәліметіне сүйенсек, қалада есірткіні сату мақсатынсыз, тек өзі үшін заңсыз сақтау жағдайлары жиі кездеседі. Биыл алты айда осындай 9 дерек анықталса, былтыр дәл осы уақытта 8 факт болған. Ал есірткі сату мақсатында сақтау қылмыстары керісінше азайған. 2026 жылы мұндай 2 заң бұзушылық тіркелсе, 2025 жылдың алғашқы жартысында 9 факт анықталған еді.
Заңсыз есірткі жарнамасына қатысты биыл әзірге ешқандай қылмыстық іс тіркелген жоқ (былтыр осы кезеңде 1 факт болған). Дегенмен, есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру жағдайлары екі есеге көбейген: 2026 жылдың алғашқы алты айында 6 факт анықталса, былтыр 3 жағдай тіркелген. Бұдан бөлек, биыл есірткі тұтынуға арналған притон (есірткі шегетін немесе қолданатын жасырын орын) ұйымдастыру бойынша 1 қылмыстық іс қозғалды. Мұндай әрекет үшін заңда ауыр қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Есірткі тұтынатын жасырын орындар көбіне жедел-іздестіру жұмыстары кезінде белгілі болады. Рудный қалалық полиция басқармасында есірткі қылмысына қарсы күресетін арнайы бөлім бар. Бөлім қызметкерлері ақпарат жинап, тексереді және арнайы жедел шаралар жүргізеді. Орынбасар Сартовтың сөзінше, мұндай жұмыстар мемлекеттік құпия өкілеттіктеріне сәйкес жүргізілетіндіктен, полицияның нақты қандай тәсілдерді қолданатыны толық жария етілмейді.
«Жалпы тәртіп бойынша полиция қызметкерлері күдікті орын туралы ақпаратты тексереді. Қылмыс белгілері расталса, жиналған материалдар прокуратурамен келісіліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталады. Притон ұйымдастыруға қатысты жауапкершілік Қылмыстық кодекстің 302-бабында көзделген. Бұл бап екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігінде үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған. Екінші бөлігінде жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу көзделеді. Екінші бөлік әрекетті бірнеше рет жасаған жағдайда, сондай-ақ қылмыстық топтың притон ұйымдастыруы немесе адамның қызмет бабын пайдалана отырып осындай әрекетке баруы секілді ауырлататын мән-жайларды қамтиды», – деп түсіндірді Орынбасар Сейтбекұлы.
Маманның айтуынша, аталған баптың екі бөлігі де ауыр қылмыстарға жатады. Тіпті басқа балама жаза қарастырылмаған – тек бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Алайда, қылмыстық істің тіркелуі кейде адамның кінәсі толық дәлелденді дегенді білдірмейді. Себебі сотқа дейін бұлтартпас дәлелдер жиналуы тиіс
Мәселен, Рудныйда бір пәтерде есірткіге тәуелді адамдар жиналып, көкнәр дайындап, тұтынғаны туралы ақпарат түсіп, тергеу басталған. Бірақ пәтерді есірткі тұтынуға нақты кім бергенін және жедел ақпаратты заңды тұрғыдан толық дәлелдеу мүмкін болмады. Осыған байланысты іс 2026 жылдың шілдесінде дәлелдердің жеткіліксіздігінен тоқтатылды.
Рудныйда кең тараған қылмыстың бірі – есірткіні сату мақсатынсыз, өзі үшін заңсыз сақтау. Мұндай жағдайда жауапкершілік табылған есірткінің көлемі мен салмағына тікелей байланысты. Тәркіленген зат арнайы жиынтық кестедегі өлшемдерге салып тексеріледі. Аса ірі мөлшерде сақтағандар үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі (бұл – ауыр қылмыс). Шағын немесе ірі мөлшерде сақтағандарға берілетін жазаның жеңілдеу түрлері қарастырылған.
Қазір ең қауіпті бағыттың бірі – есірткі граффитиі, яғни есірткіні заңсыз жарнамалау.
Есірткі граффитиі дегеніміз не? Бұл – ғимарат қабырғаларына, үйлердің кіреберісіне немесе қоршауларға есірткі сататын интернет-дүкендердің сілтемелерін жазып кесу немесе граффити арқылы суреттеп кету.
«Былтыр Рудныйда бір тұрғынның арқасында үйлердің қабырғасына есірткі жарнамасын жазып жүрген жастар ұсталған еді. Сырт көзге қарапайым сурет немесе жазу болып көрінгенімен, бұл жазулардың артында синтетикалық есірткі сататын сайттар тұрады. Интернетте «оңай табыс» іздеген жастарға осындай жазуларды жазғаны үшін ақша ұсынады. Кейде ақшаның орнына есірткінің дозасын беретін жағдайлар да кездеседі», – дейді ол.
Бүгінгі есірткі саудасы интернетпен, жасырын чаттармен және цифрлық технологиялармен өте тығыз байланысты. Сондықтан ғимарат қабырғасындағы күмәнді жазуларға бейжай қарамау – қылмыстың алдын алуға қосылған үлкен үлес. Рудныйдағы мысал көрсеткендей, тұрғындардың дер кезінде хабар беруі қылмыстың жолын кесуге көмектеседі.
Рудный қаласындағы биылғы статистика есірткі қылмысының жалпы саны сәл де болса азайғанын көрсеткенімен, кейбір бағыттар бойынша өсім бар. Атап айтқанда, есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру екі есеге артқан. Сонымен бірге есірткіні ғаламтор арқылы тарату, заңсыз жарнамалау және оған жастарды тарту сияқты жаңа қауіптер әлі де өзекті болып отыр.
Есірткімен күресу – бүкіл қоғамның қырағылығын талап ететін мәселе. Интернеттегі күмәнді жұмыс ұсыныстары немесе қабырғадағы есірткі сілтемелері үлкен трагедияның басы болуы мүмкін. Қандай мақсатпен жасалса да, есірткіге қатысты заңсыз іске араласу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО