Мектеп пен кітапхананың бірлескен бастамасы жемісін беріп келеді
Қазақстан халқы тілдері күні және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне байланысты облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Тіл сақталса – ұлт сақталады» атты зияткерлік сайыс өткен болатын. Дмитрий Карбышев атындағы №14 орта мектептің 6-7 сынып оқушылары қатысқан танымдық жиын тілдің мәртебесін көтеріп, жас ұрпақтың отаншылдық рухын шыңдауды көздеген.
Сайыс барысында оқушылар зерде мен зеректікті таразыға салған бірнеше кезең бойынша бақ сынасты. Мерекелік шара жастардың ой өрісін кеңейтетін танымдық алаң үлгісінде ұйымдастырылған. Қатысушылар мақал-мәтелдерді жалғастырып, жұмбақ шешті, сонымен қатар сөз құрау, синонимдер мен антонимдерді дәл табу тапсырмаларын орындады. Сондай-ақ әлем халықтарының тілінде амандасу дәстүрін көрсетіп, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегенді ұстанған.
Шара аясында кітапхана ұжымы әзірлеген «Тіл сақталса – ұлт сақталады» атты кітап көрмесіне арнайы шолу жасалды. Тарихи деректерге, Ахмет Байтұрсынұлының мұрасына және қазақ тіл білімінің даму жолына арналған басылымдар балалардың қызығушылығын тудырды. Онда тілдің ұлттық болмысты сақтаудағы айрықша орны, тарихи тамыры мен рухани салмағы кеңінен насихатталды.
«Басты мақсат – балалардың бойында ана тіліне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, алғырлықты ұштау. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өнегелі жолын дәріптей отырып, жастарды отансүйгіштікке баулу – басты міндетіміз. Мектеп ұжымымен тығыз байланыс орнатып, білім алушылардың тілге деген құрметін арттыру бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеміз», – дейді кітапхана меңгерушісі Гүлбараш Уалиева.
Танымдық сайыс соңында ана тілін ардақтау – бабалар аманатына адал болу, халықтың рухы мен тарихын құрметтеу екендігі тағы бір мәрте ұғындырылды. Тілі тұғырлы елдің болашағы қашан да жарқын, еңсесі биік болады.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ