Рудныйлық дәрігер қатерлі ісікті ерте анықтаудың маңызын түсіндірді
Соңғы уақытта Рудный қаласында медициналық тексеру кезінде қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау көрсеткіші өсіп келеді. Дегенмен ауруын асқындырып алғаннан кейін ғана дәрігерге жүгінетін тұрғындар да бар. Осыған байланысты қалалық емхананың дәрігер-онкологы Айнұр Қуантаева қатерлі ісікті алғашқы кезеңде анықтау үшін скринингтен уақытылы өтудің маңызын түсіндірді.
Қазір онкологтың бақылауында 1845 тұрғын бар. Жыл сайын бұл қатарға жаңадан диагноз қойылған науқастар қосылады. Мұндай көрсеткіш тұрғындардың медициналық тексерулер мен скринингтерден жүйелі түрде өте бастағанын көрсетеді.
«Бұған дейін де ауруға шалдыққандар аз болған жоқ. Бірақ адамдар дәрігерге жиі жүгіне бермейтін. Қазір қатерлі ісікті бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін түрлі скринингтік бағдарламалар бар. Олардың пайдасы өте зор», – дейді Айнұр Қуантаева.
Рудный тұрғындары арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың қатарында өкпе, сүт безі және тоқ ішек қатерлі ісігі, сондай-ақ тері ісігі мен базалиома бар. Соңғы сегіз айда қалада 164 онкологиялық жағдай тіркелген. Оның 29-ы ауру асқынып кеткен кезде анықталған. Асқынған жағдайлардың ішінде әсіресе сүт безі мен өкпе қатерлі ісігі жиі кездеседі. Дәрігерлерді әсіресе қатерлі ісіктің ұзақ уақыт бойы еш белгі бермеуі алаңдатады. Адам ауырсыну сезбеген соң өзін сау деп ойлауы мүмкін. Кейде тұрғындар дәрігерге мүлде басқа шағыммен келеді. Ал тексеру кезінде күтпеген жерден ауыр диагноз анықталып жатады.
«Аурудың асқынған түрі бірден байқала бермейді. Кейбірі мүлде басқа шағыммен келеді. Жоспарлы медициналық тексеру кезінде, мысалы, гайморит немесе басқа да жеңіл дерттің орнына қатерлі ісіктің асқынған түрі анықталуы мүмкін. Қатерлі ісік те белгілерін көрсете бермейді», – дейді маман.
Сондықтан алдын ала тексеруден өтудің маңызы зор. Адам өзін қанша жерден сау сезінгенімен, ағзасында дамып келе жатқан аурудан хабарсыз болуы мүмкін. Айнұр Қуантаеваның сөзінше, қатерлі ісіктің айқын белгілері көбіне ауру үшінші немесе төртінші кезеңге жеткенде ғана пайда болады.Қазір Қазақстанда сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған арнайы скринингтік бағдарламалар жүргізіледі. Бұл тексерулер бекітілген жас ерекшеліктеріне сәйкес тегін өткізіледі. Ал жастар оқу немесе жұмыс орны арқылы міндетті медициналық тексеруден өтіп тұрады. Дәрігердің пікірінше, қатерлі ісіктің алдын алуда адамның өзіне байланысты факторлар да аз емес.
«Ең алдымен, шылым шегуден, темекі өнімдерінің кез келген түрінен және ішімдіктен толық бас тарту қажет. Салауатты өмір салтын ұстанып, дене салмағын қалыпты деңгейде ұстаған дұрыс. Күнделікті тамақтануда жеміс-жидек, көкөніс және тұтас дәнді өнімдер көбірек болғаны жөн. Сонымен қатар адам папилломасы вирусына және В гепатитіне қарсы екпе алудың да маңызы зор», – деп атап өтті Айнұр Қуантаева.
Сонымен бірге онкологиялық диагноз қойылған жағдайда оны бірден өмірдің соңы немесе айықпас үкім деп қабылдауға болмайды. Ауру неғұрлым ерте анықталса, емнің нәтижесі де соғұрлым жақсы болады.
«Егер қатерлі ісік бастапқы кезеңде анықталса, емнің нәтижесі де жоғары болады. Сондықтан ағзада қандай да бір белгі немесе жайсыздық пайда болса, оны елемей жүрмей, бірден дәрігерге қаралу керек. Бұл кезеңде науқастың толық сауығып кету мүмкіндігі жоғары», – дейді дәрігер-онколог.
Маман бұған сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан науқастарды мысал ретінде келтірді. Уақытылы ем алған әйелдер бірнеше жылдан бері ауру қайталанбай, қалыпты өмір сүріп келеді. Егер ауру алғашқы кезеңде анықталса, кей жағдайда тек ота жасаумен шектелуге болады. Ал ісік гормонға тәуелді болған жағдайда, одан кейін ұзақ мерзімді гормоналды терапия тағайындалып, пациент тұрақты түрде дәрігер бақылауында болады. Ал қатерлі ісік екінші немесе үшінші кезеңге өткен кезде емдеу тәсілі күрделене түседі. Мұндай жағдайда емдеу ұзақ уақытқа созылып, химиялық терапияны, отаны және одан кейін қайталанатын химиялық терапия курстарын қажет етуі мүмкін.
Онкологияда емнің тиімділігін бағалаудағы негізгі көрсеткіштердің бірі – науқастардың емнен кейін бес жылдан астам өмір сүру деңгейі. Қалалық емханада онкологтың есебінде бес жылдан астам уақыт бойы бақылауда тұрған пациенттер арасында бұл көрсеткіш 59,6 пайызды құрап отыр.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген
Даниил САЕНКО