Тәуелібай елінің тумасы, қаламгер Дінбай Дабылдың әдеби мұрасы оқырманға қайта жол тартты
Рудный қаласы әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де Дінбай Дабылдың «Тағдыр таңбасы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Мемлекеттік тілдегі кітапхананың ұйымдастыруымен өткен рухани кеш ақынның шығармашылығын кеңінен таныстырып, оның әдеби мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат етті.
Дінбай Дабыл – Тәуелібай елінен шыққан ақын, ұстаз, қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ол ғұмырының елеулі бөлігін білім мен мәдениет саласына арнап, баспасөзде де қызмет атқарған. Ақынның артында өлеңдерімен бірге елдің рухани өміріне араласқан азаматтық жолы да қалды. Кітаптың тұсаукесеріне ақынның жақындары, студенттер, мектеп оқушылары, тұрақты оқырмандар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кеш барысында Дінбай Дабылдың өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктер айтылып, ақынның әдеби мұрасының мәні сөз болды.
Кешке ақынның ұлы Сәбит Дінбайұлы да қатысып, әкесінің өмір жолы мен шығармашылығы туралы естеліктерімен бөлісті. Оның сөзіне сүйенсек, кітапханаға ақынның шығармалар жинағы ұсынылған кезде, оқырманға кеңірек таныстыру туралы бастама көтерілген. Осы ұсыныс Рудный қаласының мәдениет және тілдер басқармасы тарапынан қолдау тауып, кітаптың тұсаукесерін ұйымдастыруға жол ашқан.

«Кітапты жай қабылдай салмайық, ақынның шығармаларын оқырманға таныстырайық деген ұсыныс айтылды. Бұл – ең алдымен, кітапты кейінгі өскелең ұрпаққа насихаттау үшін қажет», – деді Сәбит Дінбайұлы.
Сәбит Дінбайұлының сөзінше, ақын Ташкент қаласындағы Низами атындағы институттың филология факультетін тәмамдап, еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. Кейін аудандық газетте тілші, жауапты хатшы қызметтерін атқарып, мәдениет саласында да еңбек еткен. Ақынның шығармашылық жолы баспасөзбен ғана шектелмеген. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық өнерге деген қызығушылық артып, айтыс өнерін қайта жаңғыртуға айрықша көңіл бөлінді. Осы кезеңде Дінбай Дабыл да өзі тұрған өңірде айтыс өнерін дамытуға атсалысып, ел ішіндегі өнерпаздарды жинап, жастарды дәстүрлі өнерге баулуға күш салған. Ол жасы үлкен айтыскерлердің тәжірибесін кейінгі буынға жеткізуге мән берген. Осы арқылы өңірдегі айтыс өнерінің жалғастығына үлес қосты. Ақынның шығармашылық және қоғамдық еңбегі де осы ұлттық өнер мен рухани құндылықтарды дәріптеумен астасып жатты.
Кеш барысында «Алтын домбыра» өнерпаздары күй орындап, ұлттық өнердің үнін әуелетті. Домбыраның күмбірінен кейін ақынның ұлы әкесінің сырлы термелерінің бірін орындап, кештің мазмұнын одан әрі байыта түсті. Оқушылар да Дінбай Дабылдың шығармаларынан поэзиялық композиция дайындап, ақын жырларын көпшілікке жеткізді.
Кеш соңында белсенді қатысқан оқушыларға Алғыс хаттар табысталып, Дінбай Дабылдың жыры тағы бір буынның жүрегіне жол тартты.
Жанарай
НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген
Даниил САЕНКО