Рудныйда биыл 325 неке тіркеліп, 86 жұп ажырасқан

Неке қию тәртібі, ажырасу себептері және қаламызда неке сарайының ашылу мүмкіндігі жайлы

Рудныйда биылғы алты айда 325 жұп некесін тіркеп, 86 жұп ажырасқан. Ал кейбір отбасылардың шаңырақ көтергеніне бір жыл да толмай жатып, екі жаққа кетуге бел буатынының себебі неде? Некені тіркеу мен бұзудың қандай тәртібі бар? Осы және өзге де сұрақтарға қалалық АХАТ бөлімінің басшысы Альмира Рахметова жауап берді.

АХАТ бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы Рудныйда 794 неке тіркеліп, 225 жұптың некесі бұзылған. 2025 жылы 746 жұп отбасын құрса, 238 жұп ажырасқан. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында 325 неке тіркеліп, 86 ажырасу рәсімделген.

«Қазір жастар өте көп келеді. 2024 немесе 2025 жылы отбасын құрып, бірге тұрғандарына бір жыл да толмаған жұптар бар. Әрине, шаңырақтың шайқалғаны өкінішті. Сондықтан өтінішті қабылдамас бұрын, олармен жағдайды түсіндіруге бағытталған әңгіме жүргізуге тырысамыз. Осындай әңгімеден кейін ойланып, райынан қайтып, өтінішін кері алған жұптар да болды», – дейді бөлім басшысы.

Некеге тұруға өтінішті АХАТ бөліміне барып та, электронды түрде де беруге болады. Ол үшін электронды үкіметтің eGov порталы мен банктердің цифрлық қызметтерін пайдалануға мүмкіндік бар. Қазақстан азаматтарына жеке куәлік пен мемлекеттік баждың төленгенін растайтын түбіртек қажет. Ал болашақ жұбайлардың бірі шетел азаматы болса, жеке басын куәландыратын құжаттарымен қатар, өз елінде тіркелген некесі жоқ екенін растайтын анықтама да талап етіледі. Бұл құжат некеге тұруға құқық қабілеттілігін растайды. Өтініш берілген күннен кейін 15 күнтізбелік күн өткен соң неке тіркеледі. Есептеу кезінде өтініш тапсырылған күн есепке алынбайды. Егер таңдалған күн демалысқа немесе мерекеге сәйкес келсе, тіркеу келесі жұмыс күніне ауыстырылады.

Өзекті мәселелердің бірі – некені салтанатты түрде тіркеуге арналған арнайы залдың жоқтығы. Қазір неке қию рәсімі АХАТ бөлімінің қызметтік бөлмесінде өтеді.

«Комсомол даңғылының бойындағы «Орбита» демалыс орталығының маңында орналасқан ескі ғимаратты қалпына келтіруге уәде берілді. Ол жөндеуден өтіп, жас жұбайларымызға некені салтанатты түрде тіркейтін арнайы зал ашылады деп үміттеніп отырмыз», – дейді бөлім басшысы.

Некені бұзу тәртібі ерлі-зайыптылардың отбасылық жағдайына байланысты. Егер екеуі де ажырасуға келіссе, ортақ кәмелетке толмаған балалары болмаса, мүлікке қатысты даулары мен бір-біріне өзге де талаптары болмаса, некені АХАТ бөлімі арқылы бұза алады. Бұл үшін жеке куәліктер, неке қию туралы куәлік және мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қажет. Өтінішті бөлімге барып немесе eGov порталы арқылы беруге болады. Алайда ажырасуды бірден рәсімдеу мүмкін емес. Заң бойынша өтініш берілген күннен бастап бір айлық мерзім белгіленген. Оны қысқартуға болмайды.

«Ерлі-зайыптылар өтінішті бірлесіп береді. Белгіленген күні некені бұзуды тіркеу үшін екеуі де келуге тиіс. Өтініш электронды түрде берілсе де, жеке қатысу міндетті. Әрқайсысы акт жазбасына қол қойып, некенің бұзылғаны туралы куәлік алады. Егер тараптардың бірі келмесе, тіркеу жүргізілмейді», – деп түсіндіреді Альмира Рахметова.

Неке қию немесе оны бұзу рәсімдерін әдеттегі тәртіппен сенімхат арқылы өткізуге болмайды. Егер ерлі-зайыптылардың ортақ кәмелетке толмаған балалары болса, екеуі де ажырасуға келіссе де, сотқа жүгіну қажет. Бұл ретте ата-ананың баланың кіммен тұратыны жөнінде өзара келісімге келгені немесе келмегені некені бұзу тәртібін өзгертпейді. Сондай-ақ мүлікке қатысты дау туындаса, ерлі-зайыптылардың бірі ажырасуға келіспесе немесе рәсімдеуге кедергі келтірсе, мәселе сот арқылы шешіледі. Мәселен, тараптардың бірі АХАТ бөліміне келмесе немесе электронды өтінішке қол қоюдан бас тартса, некені бұзу үшін сотқа жүгіну қажет болуы мүмкін.

Жұбайлардың бірінің шетелге кетіп, оралмауы немесе мүлдем байланысқа шықпауы да мәселені күрделендіреді. Мұндай жағдайларда некені бұзу мәселесі сот тәртібімен қаралады. Істі қарау мерзімі оның мән-жайына байланысты. Сот шешімімен неке бұзылған жағдайда АХАТ бөлімінде ажырасу туралы жеке акт жазбасы жасалмайды. Некенің бұзылғанын растайтын құжат – заңды күшіне енген сот шешімі.

Рудный қаласындағы азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі Космонавттар даңғылы, 12 мекенжайында орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының екінші қабатында жұмыс істейді. Қабылдау №201, №203 және №206 кабинеттерде жүргізіледі. Некеге тұру және некені бұзу тәртібі бойынша кеңес алу үшін №201 кабинетке жүгінуге болады

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО