«Күніне алты-жеті ота жасаймыз»: травматология бөлімшесіндегі жұмыс көлемі мен кадр мәселесі
Рудный қалалық көпбейінді ауруханасының травматологиялық бөлімшесінде күніне алты-жеті ота жасалады. Кейде дәрігерлердің алдында науқастың өмірін сақтап қалу, кейде жарақаттанған аяқ-қолының қызметін қалпына келтіру міндеті тұрады. Бұл жұмыста тәжірибе, шапшаң шешім қабылдау және кәсіби төзімділік ерекше маңызды.
Адам биіктен құлағанда, жол апатына түскенде немесе өндірістік жарақат алғанда, оның өмірі санаулы сәтте өзгеруі мүмкін. Мұндайда дәрігерлердің міндеті – жарақаттың салдарын анықтап, адам өміріне төнген қауіпті бағалап, мүмкіндігінше тез көмек көрсету. Рудный қалалық көпбейінді ауруханасының травматологиялық бөлімшесінің травматолог дәрігері Нұрбол Жумекиннің еңбек өтілі 12 жыл. Осы уақыт ішінде ол жеңіл сынықтардан бастап, адам өміріне қауіп төндіретін күрделі жарақаттарға дейін талай жағдайды бастан өткерген.
Травматология бөлімшесіне түсетін науқастардың жағдайы әртүрлі. Бірі қолын сындырып келсе, енді бірі жол-көлік оқиғасынан кейін бірнеше жерінен жарақат алады. Өндірістік оқиғалардан зардап шеккендер де кездеседі. Кейбір жарақаттың салдары тек сүйекке ғана емес, қан тамырлары мен жүйкелерге де әсер етеді. Дәрігер тәжірибесінде биіктен құлау, жол апаты және дене мүшелерінің өндірістік жабдықтарға қысылып қалуы салдарынан ауыр жарақат алған науқастар болған. Мұндай жағдайларда дәрігерлердің алдында күрделі міндет тұрады: адамның өмірін сақтап қалумен қатар, мүмкіндігінше жарақаттанған қол-аяғының қызметін жоғалтпауына күш салу.

«Күрделі жарақаттармен де жұмыс істейміз. Кейде науқас биіктен құлап немесе жол апатынан ауыр жағдайда түседі. Өндірісте дене мүшелері механизмге қысылып, қатты зақымданатын жағдайлар да болған. Мұндай кезде ең алдымен адамның өмірін сақтап қалуға, мүмкіндік болса, қол-аяғын аман алып қалуға тырысамыз», – дейді Нұрбол Жумекин.
Жол апатынан кейін науқастың басы, кеудесі, жамбасы мен аяқ-қолы қатар зақымдануы мүмкін. Медицинада мұндай жағдай полижарақат деп аталады. Бірнеше мүшесі жарақаттанған адамның жағдайын бағалау оңай емес. Алдымен өміріне тікелей қауіп төндіретін зақым анықталып, шұғыл көмек көрсетіледі. Қажет болған жағдайда науқас жансақтау бөліміне жіберіледі. Жағдайы тұрақтанған соң ота жасау тәртібі белгіленеді. Кейбір науқасқа бірден ота жасау қажет болса, енді біріне бірнеше хирургиялық араласу кезең-кезеңімен жүргізіледі. Мұның бәрі жарақаттың сипаты мен науқастың жалпы жағдайына байланысты.
Рудный қалалық көпбейінді ауруханасының травматологиялық бөлімшесінде 52 төсек-орын бар. Мұнда 18 жастан асқан науқастар емделеді. Олардың арасында жастармен бірге жасы тоқсаннан асқан, тіпті жүз жасқа таяған адамдар да кездеседі. Бөлімшеде күніне орта есеппен алты-жеті ота жасалады. Кей күндері олардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Отаға дейін науқастың жағдайы бағаланып, қажетті тексерулер жүргізіледі. Сүйектің сынған-сынбағанын анықтау үшін рентгенге түсіреді. Жарақат күрделі болған жағдайда компьютерлік томография тағайындалуы мүмкін. Қажетіне қарай қан талдауы алынып, басқа мамандардың кеңесі ұйымдастырылады. Ота аяқталғаннан кейін науқастың жағдайы бақыланып, емдеу жалғастырылады. Қосымша аурулары бар адамдарды тиісті мамандар да тексереді. Күрделі жағдайларда басқа қалалардағы дәрігерлермен телемедицина арқылы кеңесуге мүмкіндік бар.
Ауруханада жату мерзімі де әр науқаста әртүрлі. Жағдайы жеңіл науқастар шамамен бір аптада үйіне шықса, ауыр жарақат алғандар бір ай немесе одан да ұзақ уақыт емделуі мүмкін. Одан кейін сүйектің бітісуіне, аяқ-қолдың қозғалысын қалпына келтіруге бағытталған оңалту шаралары қажет болуы ықтимал.
Дәрігер жұмысының қарқынын оның күн тәртібінен де аңғаруға болады. Жұмыс күні таңғы сағат сегізде басталады. Алдымен түнгі кезекшілікте түскен науқастар туралы мәлімет қабылданып, бөлімшедегі адамдардың жағдайы тексеріледі. Содан кейін ота жоспары қаралып, емдік шаралар жүргізіледі. Кезекшілік кезінде жұмыс таңғы сегізге дейін созылады.
Тәжірибе жылдармен қалыптасады
Нұрбол Жумекин алдымен медициналық колледжде білім алып, кейін оқуын жалғастырған. Ота жасауға деген машығы да кәсіби біліммен бірге қалыптасқан. Студент кезінен хирургиялық жұмысқа араласып, уақыт өте келе ота бөлмесіндегі жауапкершілікке үйренген. Еңбек өтілі 12 жылға жақындап қалды. Осы уақыт ішінде күнделікті ота жасау, түрлі жарақаттармен жұмыс істеу дәрігерлік тәжірибесінің ажырамас бөлігіне айналған.
Травматологияда тәжірибенің маңызы зор. Өйткені әр науқастың жарақаты әртүрлі, ал кейбір жағдайда шешімді шұғыл қабылдауға тура келеді. Дәрігер бір мезгілде жарақаттың ауырлығын, науқастың жалпы жағдайын және емдеудің ықтимал жолдарын бағалайды. Сонымен қатар егде жастағы адамдарға көмек көрсету кезінде ерекше сақтық қажет. Қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, зат алмасудың бұзылуы және басқа да қосымша сырқаттар емдеу барысына әсер етуі мүмкін. Кейде ота алдында науқастың жағдайын тұрақтандыру үшін қосымша дайындық жүргізіледі. Сүйек сынғаннан кейінгі қалпына келу де адамның жасына, денсаулығына және жарақаттың ауырлығына байланысты. Әсіресе егде жастағы адамдарда сүйектің сынғыштығы артып, қарапайым құлаудың өзі ауыр зардапқа әкелуі мүмкін.
Қалалық көпбейінді ауруханада травматолог мамандар жеткілікті ме?
Дәрігердің мәліметіне сүйенсек, бұл салада кадр тапшылығы бар. Дегенмен биыл бөлімшенің ұжымына тағы екі травматолог қосылған. Қазір бөлімшеде тұрақты жұмыс істейтін бес травматолог бар. Жаңа мамандардың келуі ұжымның жұмысын ұйымдастыруға мүмкіндік бергенімен, саладағы кадр мәселесі әлі де өзекті.
Ал материалдық-техникалық жабдықталу жағынан дәрігердің бағасы оң. Оның сөзінше, бөлімшеде жұмыс істеуге қажетті құрал-жабдық жеткілікті. Бұл жарақат алған науқастарға тиісті медициналық көмек көрсетіп, қажетті оталарды жүргізуге жағдай жасайды.
Науқастар тек Рудный қаласынан ғана келмейді. Қашар кентінен, Тобылға қарасты ауылдардан және Бейімбет Майлин ауданынан да жарақат алған адамдар жеткізіледі. Сондықтан бөлімшенің жұмысы қала тұрғындарымен шектелмейді.
Травматология бөлімшесіне түсетін науқастардың қатары жыл мезгіліне қарай өзгеріп отырады. Қыста көктайғақтан құлап, қол-аяғын сындыратындар мен үсік шалғандар көбейеді. Жазда демалыс орындарында, су маңында, самокат пен велосипед пайдаланған кезде жарақат алатындар кездеседі. Ал жол-көлік оқиғалары мен өндірістік жарақаттар жылдың кез келген мезгілінде болуы мүмкін. Балалар арасында самокаттан немесе велосипедтен құлау, ойын алаңдарында жарақат алу, саусақтарын қысып алу сияқты оқиғалар тіркеледі. Ең қауіпті жағдайлардың бірі – терезеден құлау. Сондықтан ата-аналар терезеге қорғаныш құралдарын орнатып, балалардың ашық терезеге өздігінен жақындауына жол бермеуі керек.
Жолда да сақтық қажет. Жаяу жүргіншілер бағдаршамның рұқсат беретін белгісі жанғанда да айналасына қарап, көліктердің тоқтағанына көз жеткізгені жөн. Жүргізушілер балаларға және басқа да жаяу жүргіншілерге жақындағанда жылдамдықты азайтуы тиіс. Қыста тайғанамайтын табаны бар аяқ киім киіп, мұз басқан жерлерде асықпай жүрген дұрыс.
Жарақат алған жағдайда да дұрыс әрекет ету маңызды. Егер сүйек сынған болуы мүмкін деп күдіктенсеңіз, зақымданған қол-аяқты қозғалтпауға тырысып, медициналық көмекке жүгіну қажет. Сынған сүйекті өз бетінше орнына салу, жараға белгісіз зат жағу немесе оны дұрыс өңдемей таңу жағдайды ушықтыруы мүмкін.
«Кей адамдар жарақат алғаннан кейін өз бетінше емделуге тырысады. Сынықты өздері емдетіп немесе жараны дұрыс өңдемей жүргендіктен, кейін асқынған жағдайда келетіндер де бар. Сондықтан жарақат алған кезде уақыт жоғалтпай, медициналық көмекке жүгінген дұрыс», – дейді Нұрбол Жумекин.
Егер адам есінен танып қалса, тыныс алуы қиындаса немесе қан көп кетсе, шұғыл көмек шақыру керек. Ал жарақаттан кейін ауырсыну басылмаса, ісіну күшейсе немесе аяқ-қолды қозғалту қиындаса, дәрігерге қаралған жөн. Травматологтың жұмысы кейде ұзаққа созылатын отаға, кейде бірден шешім қабылдауды қажет ететін шұғыл жағдайға байланысты. Мұндай сәттерде жинақталған тәжірибе мен кәсіби машықтың маңызы артады. Ал жарақаттың алдын алу үшін күнделікті өмірде қауіпсіздік ережелерін сақтау, балаларды қадағалау және алғашқы белгілерге бейжай қарамау қажет. Өйткені кейде қарапайым сақтықтың өзі ауыр жарақаттың алдын алады.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО