Құстарға жем дайындап, табиғатты аялауды үйреніп жүрген рудныйлық оқушылар тағы немен айналысады?
Табиғатты қорғау үшін әрдайым үлкен іске кірісудің қажеті жоқ. Мектеп ауласындағы ағашқа күтім жасау, күзде жиналған тұқымды сақтап қою, қыста құстарға жем беру немесе пайдаланылған затты қайта кәдеге жарату – қоршаған ортаға жанашырлықтың қарапайым үлгілері.

Рудный қаласындағы №11 мектепте жұмыс істейтін «Жасыл пульс» экологиялық үйірмесінің оқушылары осындай істерді күнделікті тәжірибесіне айналдырып келеді.
Мектеп қабырғасында 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Жасыл пульс» экоүйірмесіне биыл химия және биология пәндерінің мұғалімі Светлана Козлова жетекшілік етеді.
«Экоклубқа 17 оқушы жазылды. Бірақ қыс түскенде қызығушылық артып, қатысушылар саны 20–22 балаға дейін жетеді», – дейді ол.
Үйірмеге 5–9-сынып оқушылары қатысады. Олар сабақтан тыс уақытта аптасына екі рет, дүйсенбі және сәрсенбі күндері бір жарым сағаттан бас қосады. Бұл уақытта балалар табиғат туралы білім алып, пайдалы бұйымдар жасап, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Суық түскенде қорек табуы қиындайтын құстарға жем дайындау – үйірме қатысушыларының жыл сайын атқаратын жұмысы. Оқушылар мектеп аумағына жем салатын астаулар орнатып, бұрыннан ілініп тұрғандарын жаңартады. Құстарға арналған жемді де өздері әзірлейді. Бұл жолы балалар жемді тек астауға салумен шектелмей, оны ағаш таяқшаларға бекітудің тәсілін меңгеріп жатыр. Таяқшаны балға немесе ұннан дайындалған қоймалжыңға батырып, үстіне тұқым жабыстырады. Мұндай жемді қарға қадауға немесе қар болмаған жағдайда жерге бекітуге болады. Тұқымдар құстың назарын аударып, қорегін оңай табуына көмектеседі. Жетекші мұндайда желімді қолдануға болмайтынын ескертеді. Өйткені оның құрамындағы заттар құстарға зиян келтіруі мүмкін. Құстарды азықтандыру жұмысы да алдын ала жоспарланады. Оқушылар жем салатын астауларды кезекпен толтырып, олардың бос қалмауын қадағалайды. Ал көктем жақындағанда үйірме мүшелері құстарға ұя жасауға кіріседі. Әдетте бұл жұмыс ақпан айының соңында басталады.
«Жасыл пульс» үйірмесінің оқушылары көктемде мектеп аумағын көгалдандырып, гүл егеді. Кейбір гүлдің тұқымын алдын ала сынып ішінде сеуіп, өскіндерін жетілдіреді. Өсімдіктер нығайғаннан кейін оларды сыртқа шығарып, мектеп ауласына отырғызады. Күзгі жұмыстар кезінде де гүлзарлар назардан тыс қалмайды. Оқушылар жаз бойы жайқалған гүлдердің тұқымын жинап, кейбірін қыстауға дайындайды. Биыл гладиолус пиязшықтары қазылып алынған, ал суыққа төзімді хризантемалар мектеп ауласында гүлдеп тұр. Келесі көктемде балалар гүлзарларды қайта толықтырып, жаңа өсімдіктер отырғызуды жоспарлап отыр. Оқушылар мектеп маңындағы ағаштарды да бақылап, олардың жай-күйін сипаттайды. Бұл жұмыс балалардың өздері күн сайын көріп жүрген ортасына басқаша қарауына ықпал етеді. Ауладағы ағаш пен гүл енді жай ғана айналадағы көрініс емес, күтімді қажет ететін табиғат бөлшегіне айналады. Үйірме мүшелері сенбіліктерге де қатысады. Олар мектеп аумағын тазалап, пансионатқа барып, тазалық жұмыстарына араласқан.

Үйірмеде қоршаған ортаны қорғаудың тағы бір бағыты – пайдаланылған заттарды қайта кәдеге жарату. Мәселен, оқушылар пластик қақпақтарды жинап, олардан түрлі сәндік бұйымдар жасайды. Бұл үшін сыныптар арасында жарыс ұйымдастырылған. Балалар қақпақтарды әуелі өз сыныптарында жинап, кейін үйірмеге әкеледі. Содан соң оларды қалай пайдалануға болатынын ойластырады. Бірі қақпақтармен баскиімді безендірсе, енді бірі гүл құмырасын сәндейді. Осылайша, бұрын қажетсіз болып көрінген зат жаңа қолданыс табады.
«Үйірменің басты мақсаты – балалардың табиғатқа ұқыпты қарау дағдысын қалыптастыру. Барлық баланың үйінде бау-бақшасы немесе жер телімі бола бермейді. Ал мектептегі үйірме оларға өсімдік өсіруді, жерге күтім жасауды және табиғатпен тікелей жұмыс істеуді үйренуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді үйірме жетекшісі.
Үйірмеге екі жылдан бері қатысып жүрген сегізінші «А» сынып оқушысы Пелагея Булдина табиғатты қорғауға өз үлесін қосқысы келетінін айтады.

«Үйірмеде табиғатты аялауды үйренеміз. Соңғы жылдары адамдардың қоршаған ортаны ластайтынын жиі байқаймыз. Сондықтан біз де айналамызды таза ұстауға тырысамыз», – дейді ол.
Осы уақыт ішінде Пелагея гүл отырғызуға, аумақты тазалауға, құстарға жем әзірлеп, жем салатын астаулар жасауға қатысқан. Биыл да мектеп аумағын тазалау, гүлдерге күтім жасау және тұқымдарды сақтауға дайындау жұмыстарына араласқан. Оқушының сөзінше, үйірмеде әркім ортақ іске қолғабыс ете алады. Бірі өсімдіктерді зерттесе, екіншісі гүлзарға күтім жасайды, тағы бірі құстарға жем дайындайды. Осындай жұмыстар арқылы балалар табиғатты қорғаудың күнделікті өмірден басталатынын түсінеді.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО