Рудныйлық өрендер «ақсүйектер» аспабы саналған жетігеннің қоңыр үніне бауралды
Тегін үйірмелер, спорт секциялары, ұлттық өнер сабақтары – Рудныйдағы балалардың бос уақытын пайдалы өткізуіне жол ашатын мүмкіндіктер. Балалар тәрбиелеу-сауықтыру кешенінде өрендер жаңа өнерді меңгеріп, қабілетін шыңдай алады. Соның бірі – жетігеннің қоңыр үнімен балаларды ұлттық музыка әлеміне баулитын «Дала сазы» үйірмесі.
Баланың бос уақытын қалай өткізетіні оның тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Спортпен шұғылдану, өнер үйрену, шығармашылықпен айналысу баланың қабілетін ашып, бойындағы жақсы қасиеттерді дамытуға көмектеседі. Рудный қаласындағы Балалардың тәрбиелік-сауықтыру кешені осы бағытта балаларға кең таңдау ұсынып отыр. Қазір кешен мен оған қарасты тоғыз аула клубында 6–17 жас аралығындағы 1901 бала қосымша білім алып жүр. Мұнда спорттық, психологиялық, көркемдік-эстетикалық, әлеуметтік-гуманитарлық, туристік, техникалық және сауықтыру бағыттарын қамтитын 55 үйірме мен секция бар. Оның жетеуі қаланың өзінде, екеуі Горняцк пен Қашар кенттерінде орналасқан.
Мекемеде балалардың оқу кестесі мен бос уақыты ескерілген. Үйірмелер тегін болғандықтан, әр отбасы баласына қосымша білім алуға мүмкіндік бере алады.
«Кешендегі барлық үйірме мен секция тегін. Балалар мектептегі сабақ ауысымына қарай түске дейін немесе түстен кейін қатыса алады. Сенбі күнгі сабақтарды таңдауға да мүмкіндік бар. Сабақ кестесі бекітілген, үйірмелер таңғы сағат тоғыздан кешкі жетіге дейін жұмыс істейді. Бір бала екі үйірмеге және өзі тұратын аумақтағы аула клубына қатар қатыса алады», – дейді кешеннің балаларды тіркеуге жауапты маманы Назира Өмірбекова.
Жазғы демалыс кезінде де үйірмелер жұмысын жалғастырады. Дегенмен үйірмеге жазылу тұрақты қатысу жауапкершілігін де жүктейді. Орын саны шектеулі болғандықтан, сабаққа себепсіз келмейтін баланың орнына басқа үміткер қабылдануы мүмкін.
Үйірмелерге тіркелу Mindal24.kz порталы арқылы электронды түрде жүргізіледі.
Кешендегі үйірмелердің арасында ұлттық өнерге ден қойған балаларға арналған бағыттар да бар. Солардың бірі – 2024 жылдың соңында ашылған «Дала сазы» клубы. Мұнда балалар қазақтың көне ішекті-шертпелі аспабы – жетігенде ойнауды үйренеді.
Жетігеннің үні қоңыр әрі нәзік, әуезді сазымен ерекшеленеді. Домбыра мен қобызға қарағанда көпшілікке онша таныс емес бұл аспаптың өзіндік орындау мәнері бар. Үйірме жетекшісі, қосымша білім беру мұғалімі Алтынай Төлегеннің сөзінше, жетігенді жасауға қажетті арнайы әрі қымбат материалдар аспаптың бұрын кең таралуына кедергі болған. Сол себепті оны ақсүйектерге тән аспап деп санаған.
Алтынай Төлегеннің бұл аспапқа қызығушылығы 2021 жылы басталған. Сол жылы ол Қостанай қаласында өткен Әсем Есқақованың шеберлік сабағына қатысып, аспаппен алғаш рет жақынырақ танысқан. Жетігеннің үні мен орындау ерекшелігі оған ерекше әсер қалдырған.
«Рудный қаласының музыкалық колледжінде білім алдым. Жетігенді алғаш рет 2021 жылы Қостанайда өткен шеберлік сабағында көріп, осы аспапқа қызығушылығым оянды. Ал 2024 жылы балалар тәрбиелеу-сауықтыру кешеніне жұмысқа орналасқан кезде басшылыққа жетіген үйірмесін ашу туралы ұсыныс жасадым. Бастамам қолдау тауып, сол жылдың соңында «Дала сазы» үйірмесі жұмысын бастады», – дейді музыкант.
Ұстаздың пайымынша, жетіген Рудныйда әзірге кеңінен танымал аспаптардың қатарына қосыла қойған жоқ. Дегенмен ұлттық өнерге қызығушылық артқан сайын бұл аспапты үйренгісі келетін балалардың да қатары көбеюі мүмкін. Қазір «Дала сазы» клубында 7–17 жас аралығындағы 30 бала екі топқа бөлініп, жетігенде ойнауды үйреніп жүр. Әр топта 15 тәрбиеленушіден бар. Сабақ аптасына екі-үш рет өткізіліп, әрқайсысы бір жарым сағатқа созылады.
Жетігенді меңгеру үшін баланың жас ерекшелігі мен жеке қабілетін ескеру маңызды. Аспаптың көлемі үлкендеу болғандықтан, жеті жастағы балаларға оны тізеге қойып ойнау, саусақтарын дұрыс орналастыру және денесін тік ұстау бастапқыда қиындау болуы мүмкін. Мұғалім әр баланың мүмкіндігіне қарай жаттығулар таңдап, аспапта ойнау тәсілдерін меңгеруге көмектеседі. Кей жағдайда баланың бойы мен дене бітіміне сай келетін шағындау аспап қажет болуы мүмкін. Сондықтан ұстаз балаларды үйірмеге қабылдағанда олардың жасы мен физикалық ерекшеліктерін ескереді.
Алтынай Төлегеннің сөзінше, музыкалық қабілет әр балада әртүрлі қалыптасады. Бірі әуенді жылдам меңгерсе, енді біріне жаттығуларды қайталап орындауға көбірек уақыт қажет. Мұнда ең маңыздысы – баланың қызығушылығын жоғалтпай, біртіндеп үйренуіне жағдай жасау. Жетігенде ойнау кезінде екі қол әртүрлі қызмет атқарады: бір қол әуенді орындауға басымдық берсе, екіншісі дыбыстарды сүйемелдеуге қатысады. Мұндай үйлесімді қимылдар саусақ икемділігін, қимыл дәлдігін және зейінді дамытуға ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар бала музыкалық есту қабілеті мен ырғақты сезіну дағдысын жетілдіреді.
Үйірмеге келетін балалардың арасында қыздар басым. Алайда ұстаз жетігенді тек қыз балаларға лайық өнер деп санамайды.
«Ұл балалар да, қыз балалар да жетігенді меңгере алады. Қазір қыздардың көбірек келуі аспаптың нәзік үнімен немесе қалыптасқан түсініктермен байланысты болуы мүмкін. Бірақ бұл аспапты үйренуге жынысына қарай шектеу қойылмайды. Барлық баланы үйірмеге шақырамын», – дейді Алтынай Төлеген.
Маман үйірменің міндетіне де тоқталды: «Жетіген үйірмесінің алдында тұрған міндеттің бірі – ұлттық аспапты балаларға таныстырып, оны үйренуге деген қызығушылықты арттыру».
Алдағы уақытта аспап санын көбейту жоспарда бар.
«Үйірмеде екі ғана аспап бар. Әрине, бұл 30 баланың бәріне бірдей жеткіліксіз. Алдағы уақытта тағы аспаптар алуды жоспарлап отырмыз. Ата-аналарға да айтарымыз: мүмкіндігі болса, үйде бір жетігеннің болғаны жақсы. Сонда бала сабақта үйренгенін үйде де қайталап, шеберлігін шыңдай алады», – дейді үйірме жетекшісі.
«Дала сазы» үйірмесінің тәрбиеленушілері алғашқы жетістіктеріне де қол жеткізіп үлгерген. Олар қалалық «Рудненская весна» байқауына қатысып, жүлделі үшінші орынға ие болды. Балалар тәрбиелеу-сауықтыру кешені цирк өнерінен бастап, ұлттық аспаптарды меңгеруге дейінгі сан алуан бағытты ұсынады. Мұндай таңдау әр баланың өзіне жақын істі табуына, жаңа қабілетін байқап көруіне және қызығушылығын дамытуына мүмкіндік береді.
Қазір «Дала сазы» үйірмесінде және кешеннің өзге де бағыттарында бос орындар бар. Жетіген үйренгісі келетін балалар мен ата-аналар Рудный қаласы, Космонавттар даңғылы, 21 мекенжайындағы кешенге хабарласа алады.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Елена ВОРОНИНА